Саяси тұтқындарды босатуды талап еткендерді полиция ұстады (фото, видео)

/uploads/thumbnail/20180510130055567_small.jpg

Бейсенбіде Астана мен Алматыда "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген талаппен ондаған адам көшеге шықты. Рұқсат етілмеген акцияны таратқан полиция ондаған наразыны ұстап әкетті, деп жазады Азаттық.

Мамырдың 10-ы күні таңертеңгі сағат 11-ге қарай Астанадағы бірнеше еуропалық елдің дипломатиялық өкілдіктері орналасқан ғимараттың алдына жиналған ондаған азамат "Саяси бостандықтарға бостандық!", "Бостандық!", "Масқара!" деп айғайлады. Олар саяси астар бойынша сотталған деп санайтын тұтқындарға бостандық беруді Қазақстан билігінен талап етті.

Азаттық тілшілерінің оқиға орнынан хабарлауынша, билікке талап айтқан адамдар жиналған жерге келген полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ ондаған наразы азаматты көлікке күштеп салып алып кетті.

Дәл осындай наразылық акциясы Алматыдағы Қабанбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысындағы опера және балет театры жанына жиналды. Олар қолдарына қазақстандық құқыққорғаушылар саяси тұтқындар санатына жатқызған адамдардың портреттерін ұстап, биліктің оларға бостандық беруді және азаптауды тоқтатуды талап етіп шықты.

Полиция Астана мен Алматыда көшеге рұқсат етілмеген акцияға шыққандарды таратып, кейбіреулерін ұстап әкетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыдағы акциядан 70-тен астам адамды полиция ұстаған. Ұсталғандардың арасында жиын өтіп жатқан жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар да болған.

Полиция

​Оқиға орнында жүрген Азаттық тілшілерінің билікке талап айтып жиналған азаматтарды не үшін ұстағаны туралы сұрағына полиция шенеуніктері жауап беруден бас тартты. Астаналық полиция өкілі "кейінірек комментарий берілетінін" айтса, Алматыда полиция қызметкерлері журналистерге Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінен сұрауға кеңес берді. Оқиға болып жатқан жерде прокуратура өкілдері көрінбеді.

Полиция

Бұған дейін құқыққорғаушылар Қазақстанда сот қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бастамасымен өтеді деп жоспарланған наразылық акциясы қарсаңында ондаған азаматтық белсенді мен қатардағы тұрғындарды полицияға шақыртқаны немесе билік өкілдері жеткізгені туралы хабарлаған.

Астана соты "экстремистік ұйым" деп таныған қозғалыстың негізін қалаушылардың бірі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ымырасыз сынап жүрген, қазіргі кезде шетеле тұрып жатқан оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов бұған дейін әлеуметтік желілер арқылы мамырдың 10-ы күні Қазақстан билігінен саяси көзқарасы үшін қуғындалып, жазаға ұшыраған тұтқындарға бостандық беруді және азаптауды тоқтату талабымен акция өткізу жоспарланғаны туралы хабарлаған.

Белсенділердің айтуынша, бұл наразылық акциясы Еуропа парламенті ресми делегациясының Қазақстанға арнайы сапармен келуіне орайластырылып өткізіліп отыр. Делегация Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында жасалған серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің орындалу барысын бағаламақ. Келісімде қарастырылған баптардың арасында Қазақстанда адам құқықтары мен азаматтық бостандықтардың сақталуын қамтамасыз ету де бар.

Сәуірдің 25-і күні Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының (ПАСЕ) 29 депутаты Қазақстан билігінен халықаралық міндеттемелерін орындауды, солардың арасында сөз бостандығы мен бейбіт жиын өткізу еркіндігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік желілерді шектеуді доғаруды талап еткен.

Құқыққорғаушылар Қазақстанды отыз жылға жуық уақыт үздіксіз басқарып отырған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың авторитарлық билігін саяси қарсыластары мен азаматтық белсенділерді қуғынға салып, соттап, сөз бостандығы, жиын өткізу еркіндігі тәрізді негізгі құқықтар мен бостандықтарды шектеп отыр деп жиі сынайды. Қазақстан билігі мұндай айыптауларды жоққа шығарады және елде саяси тұтқын жоқ деп мәлімдейді.

Митингіге келгендердің көпшілігін полиция ұстап, адам қарасы сирегенде полиция Азаттық тілшісіне комментарий берген тағы бірнеше адамды, оның ішінде жасы үлкен әйел адамдарды да ұстады.

Оқиға орнында жүрген полиция өкілдері азаматтардың не себепті ұсталғаны туралы комментарий беруден бас тартты.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар