Астана - келісім және бейбітшілік қаласы

/uploads/thumbnail/20170708171119218_small.jpg

Меніңше, Халықтар ассамблеясы – үлкен оркестр тәріздес. 130-дан астам аспаптан тұратын оркестр. Әрине, барлығымыз классикалық музыканы жақсы көріп, тыңдамауымыз мүмкін. Бірақ, оның күш-қуатын, энергиясын, жаңалығын, қажеттілігін жақсы түсінетініміз рас. Онсыз өмірімізді елестету де қиын.

Алайда, оркестрдың әні әрбіреуімізбен толық үндестігін тапқанда ғана нәтижесін береді демексіздер ғой!? Келісемін. Сол үйлесімділік пен бірлікке қол жеткізе алмай, айғай-шуда өмір сүретін елдер баршылық. Ал, бізде ол үйлесімділік, ол келісім жоғары дәрежеде. Жоғарылығы соншалық, еліміздің үлкен сахнасынан орын алып, мемелекетік маңызы мол істерді шешуге ықпалын тигізеді. Биыл Астанаға тағы да бүкіләлемдік діндер съезі ұйымдастырылуы да содан емес пе?!

Міне, сол оркестрімізге 20 жыл толып отыр. Дирижері – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, көптеген істердің бастамашысы. Әрбіреуінің жүрегіне жол тауып, тізгінді мықтап ұстап отырған Елбасымыз. Оркестрдің үлкендігіне қарамастан, әрбір әуенге жан бітіреді. Достығымызды асырады. Ара-арасында әлемде теңдесі жоқ жаңа жыр ағымы да естілетіндей...

Көзімді жұмдым... Астананың үлкен сахнасында тілі, діні бөтен болса да, жүрегі мен тілегі бір орындаушыларды көремін. Ортасында домбырамыз. Нұрғиса мен Ықыластың, Құрманғазының туындыларын сыйлаған қара домбырам. Үш ішектен бардтардың частушкаларының ноталары білінетін сраы балалайка да тұр. Жанында бандура мен кобзаның да сырлы әні естіледі. Оң жақтан қарнай мен дойраның, қомуз бен чопо чоордың, бағлама мен мейдің, дутар мен баламанның, тар мен рубабтың сазды әуендерінен жаныма жақын сазды ауладым. Лирикалық баяу каягым, чжэн, ситар, кото аспатарының жүректен терең алар шығыс ырғағы да тебірентпей қоймады... Қаншама аспап, қаншама ырғақ, қаншама орындаушы! Бірақ, барлығы да үйлесімділік тауып, бейбітшілік жырын жырлауда. Үрмелі, ұрмалы, шертпе аспаптардың түр-түрі бар. Астанада шырқалып жатқан ән әрбір қазақстандықтың жүрегіне жеткендей. Әннің зор жаңғырығы жеріміздің түкпір-түкпірінде орындалуда. Не деген әсемдік, десеңші!

Әрине, көпұлтты оркестр бірден қалыптаса қойған жоқ. Бұдан бір ғасыр бұрын, ХХ ғасырдың басында елімізде 60-қа жуық қана ұлт өкілдері тұрған.  Көші-қон саясатының арқасында олардың саны ұлғайды. Оркестрге қарап, өзімнің балалық кезім есіме түсіп кетті...

Менің көшемнің өзінде, маңайдағы көршілерден орыс, украин, молдаван, неміс, кәріс, шешен, татар ұлт өкілдері тұрады. Барлығымыз да етене араласып, бір үйдің балаларындай ойнайтынбыз. Орыс тілін солардан үйрендім десе де болады. Есімде, бізге көрші апайлар православтік пасха кезінде боялған жұмыртқаларын сыйлайтын. Сондағы біздің қуанышты көздерімізді көрсеңдер! Қандай қызық жұмыртқа деп жүргенде, «оны бояған ғой» деп, бар сиқырды анамның бұзып тастағаны да бар... Сондай-ақ, біз, балалар, кәріс ағайдан алма ұрлайтынбыз. Ол алма бізде де өседі ғой, бірақ ағайдың алмасы керемет дәмді еді. Ұрлап жүргенімізді оның да байқағанын кейін білдік, алайда онысын білдіртпей жүре беріпті... Сосын 1 мамырда әр ұлттың өз ұлттық киімдерін киіп, ән салып, би билегені де көз алдыма елестеді. Мен әлі күнге дейін кавказдықтардың орындауындағы лезгинканы қатты ұнатамын ғой. «Неге ұл болмаған екенмін» деп ойлап қоятыным да бар еді. Шіркін, балалық шақ! Есейген сайын көп нәрсеге көңіл бөлмей,  талай қызықтардан құр қалып барады екенмін-ау...

Көзімді аштым. Кей аспаптардың дауысы әлі де құлағымда тұрғандай. Қазір Астанадамын. Елімнің жүрегі, табиғатының өзі ерекше құбылмалы Астанада. Астана... Астана, осыншалық үйлесімді, контрастылы болар ма едің? Барлық жанға ашқан құшағын неткен кең еді? Алуан түрлі тілді топтастырған, алуан дінді біріктіре білген сенің күшің керемет! Міне, кеше ғана жапондық барабаншылардың дабылымен тыныс алдың! Думанда үнді көрмесі өтіп жатыр. Халықтар ассамблеясының туған күнің де тойладық.

Эх, Астана, жырласа, этностар сені жырласын! Сенің бейбіт әніңді шырқасын! Сүйемін сені, Елорда!

Құралай Исаева

Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ

ЖжСФ, 3 курс

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар