Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қаланың жас тұрғындарының қуанышына қатысу үшін Жетісу ауданындағы «Құлагер» ықшамауданына орналасқан №148 мектеп-гимназиясына арнайы келді. Алдымен қала әкімі Мемлекет басшысының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында бой көтерген қаламыздағы төрт мектептің біреуі №148 мектептің ішін аралап шықты.
Заманауи талаптарға сай толығымен жабдықталған пәндік кабинеттер, спорт залы, бай кітап қоры бар мектеп кітапханасы, асхана, балалардың сабақтан тыс уақыттарда демалулары үшін барлық мүмкіндіктері бар демалыс бөлмелері, қысқы бақ, салауаттылыққа, сергектікке бастайтын бассейн барлығы да шаһар басшысының көңілінен шықты. Бүгінгідей технологиялар дамыған дәуірде кез-келген баланың жаңалыққа қызығушылығы басымырақ екені белгілі. Былтыр мектепте робототехника үйірмесі ашылған еді. Қала әкімі осында ізденіп жүрген жас өнертапқыштардың инновациялық жобаларымен танысып, олардың жұмыстарына сәттілік тіледі.
Осыдан соң, Астананың 20 жылдығы аясындағы «Ел жүрегі Астана» деп аталатын соңғы қоңырау салтанаты басталып та кетті. Ортаға Эльмира Қашаулиева жетекшілік ететін 11 «а» сынып, Қалбүбі Бекенова жетекшілік ететін 11 «ә» сыныбы және Баян Аманқұлова жетекшілік ететін 11 «б» сынып оқушылары шықты. Алтын ұямен қоштасқалы тұрған осынау 73 түлектің 16-сы «Алтын белгіден», 3-еуі «Үздік аттестаттан» үміткерлер.
Енді бір сәт оқушылар қолдарын дүрсілдей соққан сол жақ жүрек тұстарына қойып Қазақстан Республикасының гимнін шырқады. Барша мектеп бітіруші түлектерді, ұстаздар қауымы мен ата-аналарды Бауыржан Байбек ізгі тілегімен құттықтады.
– Жаңа ғана мектеп ішін аралап, танысып шықтым. Заманауи талаптарға сай жабдықталған мультимедиялық кабинеттер, демалыс бөлмелері, шахмат, дойбы бұрыштары, сонымен қатар, қаламыз бойынша 6 мектепте бар бассейнді көрдім. Осындай игіліктердің бәрі еліміздегі білімге жасалып жатқан қолдауды көрсетсе керек. Елбасымыздың тапсырмасы бойынша мектептердің барлығы кең жолақты интернетке тартылған. Сіздерге ғаламтордың көмегімен білім жүйесіндегі, әлемдік білім кеңістігіндегі барлық жаңалықпен танысуға мүмкіндік жасалған. Бұл ретте Елбасымыздың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өте маңызды рөл атқарады. Жалпы, қала бойынша да білімге кең қолдау жасалып келеді. Алматының 6 жыл қатарынан ҰБТ қорытындысы бойынша бірінші орында тұруы, әрине, ұстаздар сіздердің еңбектеріңіз, – деген қала әкімі биыл да оқушылардың жазғы демалысы үшін қала бюджетінен қомақты қаражат бөлінгенін жеткізді.
Сәтін салса, қала мектептерінің жанынан ашылған жазғы лагерьде 223 мың бала демалатын болады. Құттықтау сөзін 11-сыныптарға бағыттаған шаһар басшысы алдағы ҰБТ сынағынан сүрінбей өтіп, кез-келген өмір емтиханын тапсыруға дайын болуға шақырды. Үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге арнаған сөзін тамаша тәмсілмен түйіндеді.
– Адамның өмірде мақсаты болмаса, оның мағынасыз өмір сүріп жатқаны, – деді.
Құттықтау сөзінің соңында Бауыржан Байбек мектеп ұжымына үлкен теледидарды сыйға тартты. Мектептің мәртебесін биіктетіп, атын аспандатып жүрген дарынды ұл-қыз жетерлік. Сондай мақтаулы оқушылардың салтанатты шеруі де үздік мектептің көрсеткішінің көрінісі болды. Халықаралық олимпиада, ғылыми жоба, өнер, спорт байқауларының жеңімпазы болған 50 оқушы ортамен жүріп өтті. Тарыдай болған 1-сыныптықтар да бір жыл ішінде өздерінің көп оқып, үйренгендерін көрсетті. Жүректері алып ұшқан түлектер мектеп мақтанышы Айдана Медеулованың орындаған «Мектеп вальсі» әнінің ырғағына тербеле биледі. Міне, мектеп бітіруші түлектер үшін ең бір қимастық сәт келіп жетті. Аулада соңғы рет соғылған жез қоңыраудың үні кернеді.
Соңғы қоңырау, соңғы қоңырау,
Сыңғырлап үнің көңілде тұр-ау, – деген ән жолдары биікке қалықтап, аппақ көгершіндердің қанатындағы түлектердің арманын алысқа алып кетті.
Осылайша «Алматы қаласының орта білім беретін үздік ұжымы» байқауының, «Үздік педагогикалық ұжым», байқауларының жеңімпазы болған, ашылғанына тура 10 жыл толып отырған №148 мектеп-гимназиясы үлкен өзінің өмірге кезекті қарлығаштарын ұшырды.
Пікір қалдыру