Гүлшара Әбдіхалықова 7-ші Еуразиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты

/uploads/thumbnail/20180607141635982_small.gif

ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Назарбаев Университеті ұйымдастырған «Серпінді технологиялар дәуіріндегі жоғары білім инновациясы» атты Жоғары білім беру көшбасшыларының 7-ші Еуразиялық форумының ашылу рәсіміне қатысты.

Аталған форум 2011 жылдан бері өткізіліп келеді, оның мақсаты – технологиялық және әлеуметтік өзгерістер тұрғысынан білім секторын талқылау.

Форум жұмысына ұлттық және әлемдік сарапшылар, ғылыми қызметкерлер, меморгандардың, жұмыс берушілердің, білім саласындағы қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, т.б. – әлемнің 15 елінен (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Корея Республикасы, Австралия және т.б.) 150-ден астам адам қатысты.

Гүлшара Әбдіқалықова өз құттықтау сөзінде Форум Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдық мерейтойы белесінде өткізіліп отырғанына тоқталды.

Мемлекеттік хатшы білім беру жүйесінің жан-жақты дамуына ел Президенті Н.Назарбаев баса көңіл бөлетінін айта келіп, оның: «Мен әрдайым сіздердің білім алуларыңыз бен дамуларыңыз үшін қажетті барлық жағдайды жасауға тырысып келемін. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептерін аштым, «Болашақ» бағдарламасын бекіттім» деген сөзін атап өтті.

Назарбаев Университеті еліміздің маңызды ұлттық жобасы болып табылады. Ол ашылғаннан бері (2010 ж.) оқу орны қабырғасынан 2 мыңдай маман түлеп ұшты. Университет сонымен қатар биохимиялық және ядролық инженерия, робототехника, мехатроника және т.б. сирек бағыттағы кадрларды даярлайды. Жоғары оқу орнында әлемнің түпкір-түпкірінен келген үздік оқытушылар жұмыс істейді, ол ең заманауи материалдық-техникалық құралдармен және зертханалармен жабдықталған. 

Бүгінде Назарбаев Университеті жаһандық деңгейдегі ғылыми-білім беру орталығына айналды және Азияның Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Сингапур және т.б. тәрізді 14 жетекші университеті қатарына қосылды.

– Жоғары оқу орындары келешекте еңбек нарығында бәсекеге төтеп бере алатын, білімнің үздік бағдарламалары бойынша оқытылған жаңа форматтағы мамандарды даярлауға тиіс, – деді Мемхатшы.

Форум соңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова қатысушылардың бәрінің сындарлы сұхбат құрып, табысты жұмыс жүргізулеріне тілектестігін білдірді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар