Кенжебай АХМЕТОВ. ЖОРТУЫЛБАСЫ (хикая)

/uploads/thumbnail/20170708171551487_small.jpg

Жақсылық пен жамандықты тел емiзген қасиеттi қарт ана – Сарыарқа тағы бiр қанды қасiреттiң куәгерiне айналды.

Көршiлес отырса да, бiр-бiрiн бiтiспес жаудай көретiн екi ру – екi ауылдың арасындағы әрiден келе жатқан жанжалдың ақыры қанды ылаңға ұласқан.

Бұл жолы құрбандыққа Жортуылбасының найза ұстар ұрпағына балаған жалғыз тұяғы шалынған-ды…

 *     *     *

 – Жә, жетер!

Күпсiнуi болғанымен, күштiлiгi жоқ көпiрме көкiректердiң сөзi пышақ кестi тиылды. Ұзақты күнге үн қатпаған Жортылбасының дауысынан соң үй iшiнде өлi тыныштық орнаған. Шегендеп қойған мүсiндей қимылсыз отырған Жортуылбасы өңiнен қандай ойда екенi сезiлмейдi. Оң қабағын қақ тiлiп өтiп, қайратты шаштан қаймыққандай жiңiшкерiп бiткен бiлеудей тыртық қана мазасыз дiрiлдеп, оның үлкен ой ұштығына жете алмай отырғанын аңғартқандай.

Әлгiнде аузымен орақ орғандар ендi тыныштықты бұза алмай қиналып отырған сыңайлы. “Айтарымызды айттық, шешiмi өз қолыңда” дегендi емеурiнмен байқатып, әлсiн-әлi қабақ астымен қарап, аңысын бағуда.

Жортуылбасы қозғалар емес. Тек оң қабағындағы тыртық дiрiл қағады. Кешеден берi көңiлiнде сан қайталанып, жатталып қалған бiр ауыз сөз мыналардың аузына оралмасын жүрегi сезсе де, жағалай көз тоқтатып шолып шықты. “Әлдебiр жанардан өзiнiң күнi кешегi аруақты сәттерiнiң рухын көрем бе?” – деген дәмегөй тiлегi бар едi. Адыра қалды.

Ықылым заманнан дала заңының өзгермес тарауындай қалыптасқан “Қанға – қан!” қағидасын ұмытып, бәтуаға бас изеуге әзiр сыңайларын танып, түңiлiп кеттi.

Атойлап аруақ шақыруды бұлардың қош көрмесiн бiлсе де, қайғымен суарылған берiк байламынан безiне алмады.

– Мен бiлетiн жол – бiреу. Ол – кек қайтару!

Баяу айтылса да, қайғы мен қаталдық, күрсiнiс пен күштiлiк ызғары араласа, қыстығып шыққан сөз ызбарлы естiлдi.

Ешкiм үн қатпады. Әркiм өзiнше түйсiнген. Тоң-торыс күйде тымырайып отыра берер ме едi, үнсiздiктi Жортуылбасының сауалы бұзбаса:

– Ал, ағайын, қосарың бар ма?

Алма-кезек қарасып, оңды-солды қозғалақтасқан қимылдан басқа жауап бола қоймады.

Кенет әлдекiм тамағын кенеген. Көпшiлiк елең еттi. Жортуылбасы да мойын бұрған. Асық дауын алты күн шешетiн ауыл арасының ұсақ бишiкештерiнiң бiрi екен. Оның күткенi де жұрттың өзiне назар аударуы болса керек, жарғақ дауысы сампылдап сөйлей жөнелдi. Әрлi-берлi орағытып, ақыр соңында:

– Уа, Батыр, бiздi неше күн үйiңде ұстап ақыл салсаң да, қайбiр келелi кеңес тауып барқадар боласың? Бай-екеме көзiгiп қайтқаның жөн. Топай торы бiздерден гөрi аузы дуалы, уәжi өтiмдi адам ғой. Азаматтың құнын қалауыңша төлетуге Бай-екемнiң құдiретi жетедi, – деп, майы жылтыраған былғары етiгiн қос қолымен кезек сипалап, желпiне тоқтаған ол Жортуылбасының жанды жерiн жанып өткенiн аңдамады. Өзiне өзi разы күйi айналасына тоқмейiлси қараған.

Жортуылбасы мұндай шамырқанбас! Тереңде тепсiнген ашу толқыны бетке ұрғандай, қарасұр өңi қабартып кеттi. Ызалы дауысы ысқырына шыққан.

 – Әй, “Бай-екем, Бай-екем” деп басынан құс ұшырмай отырғаның Елiбай ма!? Ол – аузы дуалы данышпан болмай-ақ, адамшылық жолын бiлетiн пенде болса, не бiтiрiп жатыр бүгiнге дейiн?! Жазықсыз жастың қазасына көңiл айтуға жарамаған иттi несiне әспеттейсiң?

“Ердiң құны” дедiң-ау, құныкер iздесем, әуелгi құныкерiм – сол Елiбайдың өзi емес пе!? Егiз ұлдай екi рудың арасына алақұйын от тастап, қырқыстырып қойған Елiбайдан басқа кiм едi?! От басына өлiм әкелген бүгiнгi қанды ылаң – Елiбай басшы, мен атқарушы боп Алти елiне өткен жазда жасаған жортуылымыздың қарымтасы емес деп қайсың айта аласың? Қане, қайсың?!

Ал, ағайын! Мен сендерге ақталайын, жә болмаса, Елiбайды айыптайын деп те тұрғам жоқ. Ақтарыла сөйлеспек ниет едi. Өмiрiмнiң көбiн ат үстiнде  өткерсем де, жортуыл соңында болар жетiм-жесiр, қарiп-қасердiң қасiретiне ой жүгiртiп көрмеппiн. Жолымның сәттiлiгi мен қолымның қаттылығына, тартып алған олжаға, Елiбай айтқан қолпашқа мәз болсам керек…

Өкiнiшiм аз емес. Ер көкiрегiм бар деп жүрiп, көр көкiрек екенiмдi сезбеппiн. Қасiрет бұғалығы өз мойныма оралды, тығырыққа тiрелдiм. Өздерiңнен ақыл күтсем, ойларың өрiссiз, кеңесiң келiссiз боп шықты.

Ендi менi кiнәлама, ағайын! – Сөз соңын шорт қайырған Жортуылбасы ешкiмге көз салмастан, орнынан еңсерiле көтерiлдi де, сыртқа беттедi.

Үйдегiлер де қопарыла қозғалған.

Жортуылбасы құбылаға бет бұрып, сағымдана көрiнген Айғыржалдан көз айырмай тұр екен. Тесiрейе қалған қос жанар зәрлi. Маңдайдағы келiссiз тыртық та мазасыз дiрiлден тиылып, ендiгi әрекеттi күткендей тыншу тауыпты. Күреңiткен қалың ернiн жымқыра тiстенген Жортуылбасы өңiнен тастүйiн бекемдiктен өзге белгi байқалмайды. Қарасұр әлпетi жансыз тартқандай, сазарыңқы. Қырлана келiп, делдиiп бiткен мұрынның желбезегi ғана әлсiн-әлсiн қусырылып, дамылсыз демiгедi.

Көңiлi алау-далау…

*     *     *

Құбылаға бет түзеген салт аттының жүрiсi суыт та емес, сылбыр да емес, анау-мынау жабының желiсiне бергiсiз бiр қалыпты аяң. Жортуылбасының беймезгiл жүрiсiн жақтырмағандай боз дала сырын iшке бүгiп, сабыр сақтай қалыпты. Монтаны, маңғаз. Жаз бойы жайлау кезiп, сайын даланы сан адақтап шығатын қаңғыбас құйын да жоқ.

Дүние тегiс маужырай мүлгiп тұр. Өңi тайған кәрi қыздай сұрқай тартқан бозғыл жусан мен көде де, қайраты қайтқан қариядай қалқиып-қалқиып қалған қарағандар да қимылсыз, құлықсыз.

Жолға шықса, әлденеге асыққандай атын шаужайлай беретiн әдетiнен Жортуылбасының өзi де жаңылып келедi. Жанары да бұрынғыша ұшқын шаша жалтылдамай, сүлесоқ қарайды.

Күн әлпетi де ыңғай берер емес.

Таң сәрiде күн көзi жадырап-ақ шығып едi, қазiр ызбар жиып, қабақ түйiп алыпты. Көк жүзiн торлай бастаған торғауыт бұлттар күн көзiн көлегейлеп үлгерген.

Жортуылбасы ызалана мырс еттi.

Бұрын ойлайтын: “Атой салсам, Сағыр жiгiттерiнен атқа мiнбей, сытылып қалатыны болмас”, – деп. Бақса, бәрi уақытша көз алдар әсер екен. Алдамшы атақ, дүрегей көңiл болмаса, ағайыны ерткен ерлерi қане, бата берген жұрағаты қайсы?!

Ақылшы санаған ағайыннан көлбең етек әйелдiң ақылы артық, көңiлi көреген, санасы сарабдал боп шықты.

– Отағасы! Жалғыз бала – жетiм лақ емес едi, сапарды баланың жетiсiне қаратсаңыз қайтедi?.. – деген әйелiнiң бiр ауыз сөзi ғана кекке булыққан көкiрегiне сәттiк сабыр әкелген. Жалғыз болса да, жолы жiңiшке болса да, өзiне тiлеуқор жан бар екенiн сезiнген.

Сапар сәтi бүгiн түстi. Ағайын арасынан қасына ерген адам болмаса да, ұзақ жылғы жан серiгi “Көкшуланды” ала шыққан.

Ойы: “Жалғыздан айырылған соң, бүркiт ұстап, жүйрiк мiну жараса қоймас. Тырнағының ұшы, қара санының күшi қайтпай тұрғанда ата мекен – туған тауына босатқаным жөн болар. “Жаман айтпай, жақсы жоқ”. Ошағыма оралмастай күн туса, қайран қыранның халын кiм түсiнер? Сасық үйде мешел етпей, биiгiне жiберейiн”, – деген ниет.

Ой үстiнде келе жатып, Айғыржалдың етегiне iлiккенiн аңдамапты. Қос құлағын қайшылай, Ақбоз кiлт тоқтағанда ғана қалың ойдан серпiлдi.

“Жарықтық, не көрдiң?”

Қаужаған ойдан құтылғанына қуанып, айналасына асыға көз жүгiрткен. Аулақтау маңдағы қойтастың үстiне жарбия қалған жапалақ екен. Елең-алаң шақта ерiксiз елеңдетедi. “Түу, тыныштығымды бұздыңдар ғой!” – дегендей бұларға қарап, баданадай көздерiн жапақ-жапақ еткiздi де, самарқау қанат қағып, көтерiле бердi. Далбаң қаққан жапалақ қанатының дыбысын сезiп, делебесi қозған Көкшулан ұшуға қомданғандай ұмсынып-ұмсынып қалған. Жортуылбасы құсының бұл қылығын ұнатпады.

– Тек! Саған қалғаны жапалақпен жарысу ма едi!?

Ақбозды сәл тебiнiп, Айғыржалды бөктерлей жүрiп кеттi де, Қарақияға жетiп тiзгiн iрiктi.

Қарақия – Айғыржалдың шоқтықты биiгi. Бұл жерден айнала көзге айқын шалынады. Алақандай жазық далада көлденеңнен көсiле сұлаған Айғыржалдың шығыс қапталында қарауытып қалың тоғай көрiнедi. Қыстау мен күзеуде күллi Сағыр әулетiнiң құт мекенi – “Қайыңды” осы.

Өзгедей көңiл аударар бұдыры жоқ қоңылтақ жазықта Жортуылбасының жанары көп тұрақтамады. Батыс қаптал да далиған дала. Сақи даланың орта тұсынан Қоскөл орын теуiптi. Арқа адамдары бiрде “Қоскөл”, бiрде “Қоскөз” атайтын егiз көл ашық күндерi айнадай жалтырап жатар едi, бүгiн ол да тұнжыр. Көршiлес екi ауылды сан мәрте қырқыстырғанын да ұмытқандай, дел-сал күйде тынши қалыпты.

“Қоскөл” таласына Жортуылбасы аз араласпаған. Сағыр iшiнде “Жолы жеңiл Жортуылбасы” атанған тұсы да сол жанжалдар тұсында басталған-ды. Тайталасқан талай тарланды тақымға басып, Сағыр елiнiң еңсесiн аспанға көтергенi де осы кез. Е, дариға-ай, мезгiлi өткеннiң бәрi жалған екен-ау?! Соның бәрi қазiр өзi үшiн де, өзгелер үшiн де өткен-кеткен. Әйтсе де, көңiлден өшпей, әлi күнге жанын жейтiн бiр әрекетiнiң қарымы жеңiл тимес деп қатты шошынатын-ды…

*     *     *

…Сәуiр туысымен жарыса көшiп, Қоскөл бойына қоңсыласа қонатын көршiлес екi ауылдың арасындағы қалыптасқан салт кенет бұзылды.

Өткен жазда бәйбiшесi қайтқан Өтен болысқа қарындасын ұзатқалы берi өзiмен тетелес күйеу баласын арқаланып, айналасына тiзе көрсететiн мiнез тапқан Үкiбай мезгiлден ерте қозғалды. Бұрнағы жылдары “Жайлаудың сәнiн қашырып, көк майсаны жапырып тастайды” деп ауылдан аулаққа қондыратын малшы-жалшыларын да қасынан қалдырмай, шұбыртып әкелдi де, Әбутайға тиесiлi жерге қондырды.

Бұл – талай жылдар бойы ерiксiз iште тұншыққан арманының сыртқа шығып, бой көрсетуi болатын. Ниетi – тайталасып қалмаған бәсекелесiнiң белiн бiр сындырып алу екендiгi айдан анық едi. Намысына ши жүгiрткен әрекетке Әбутай бай шамырқанып, жалын күдiрейтсе, араға күйеу баласының билiгiн салып, айыпқа Қоскөлдi өзiне бiржола кескiзiп алу да көңiлiнде жоқ емес.

Үкiбайдың мүлтiксiз әзiрлеген жебесi дiттеген жерiне қапысыз тиген. “Алты атасынан берi ауызы аққа жарымаған Алтидың ат ойнатқанын көргенше, аруақ неге атпайды?! Қорландың, Сағыр, қор болдың! Атқа мiн! Аттан!” – деп Әбутай ақкөз ашуға мiндi.

Жаралы қасқырдың қылығын қызықтағандай масаттанған Үкiбай ашынған аңның оққа қарсы шабуын күтiп, шүрiппенi басуға қамданған. Оғы ұңғысында тұншықты.

Әбутайдың “аттанына” арқасы қозып, Сағыр iшiнен атқа қонған адам болмады. Бәрi оның үлкен ұлы Елiбайдың қас-қабағын баққан. Ол Үкiбай қылығына қорланған да, қорыққан да сыңай байқатпай, үнсiз қалған.

Үнсiздiктiң бiр ұшы Үкiбайға зобалаң боп үйiрiлсе, екiншi ұшы Жортуылбасыға қасiрет боп түйiлiптi…

…Сол жаз Әбутай ауылы Талдыбұлақты жайлады. Жайлау қызығына қымыз қызуы қосылып, жел көңiл желiкке елiккен жұрт өткеннiң бәрiн ұмытқандай, алаңсыз тiрлiкке бой ұрған. Жортуылбасы да Әбутайдың жүген-құрық тимеген сәйгүлiктерiнiң күнара бiрiн бұғалықтап, бойға сыймай тепсiнген бұла күшiн жұмсайтын сүйiктi ермек тапқан-ды.

Тамыздың соңғы күндерiнiң бiрiнде таң сәрiде Елiбай шақыртты. Ауыздықпен алысқан шабдар құнанды Елiбай отауының кермесiне байлап, Жортуылбасы үйге енгенде, жас мырза құс жастықты қолтығына қыса, жантайып жатыр екен. Басын сергек көтерiп алды да, сол қолымен төрдi нұсқады.

 – Жоғары шық, құрдас! Көптен берi неғып жоламай кеттiң? Өкпең бар ма әлде?

Жортуылбасы үнсiз төрге озған. Iле-шала iшке енген мырзаның келiншегi Кәмила ибалы қимылмен сәлем қылды да, дастарқан жайды. Оң жақ iргедегi күбiнi пiсiп-пiсiп жiберiп, қос тостағанға толтыра қымыз құйып ұсынды. Жортуылбасының iшi жылып қалған. Елiбай ештеңенi елең қылмағандай, әйелiне салғырт көз тастады.

– Бара бер!

Сыбдырын да сездiрместен, бұрала басып сыртқа беттеген құлын мүшелi келiншектiң соңынан қуалай көз жүгiрткен Жортуылбасыны мазақтай, Елiбай мырс еттi.

– Байтал көрiп, басы айналған сәурiктей есiң шықты-ау, ә, Батыр!.. Алла жазса, осындай бiреуге өз қолың да жетер, құрдас! Қалың малы менен болсын. Аруағымды асырар азаматтан аянып…

Намысын шабақтаған сөзге шамданып қалған Жортуылбасы шалт кеткен.

– Мұқатуға шақырып па ең, немене?! Шаруаңа көш, мырза!

Елiбай үнсiз қалды. Қолына алған тостағанға ерiн де тигiзбестен, Жортуылбасыға сынай қарады. Қой көздерiнде айдап салма аярлықтың нышаны да байқалмайды. Монтаны. Ойлы. Намысқа булыққандай ызалы дауысы да тереңнен тепсiне шыққан.

– Батыр! “Iргелi елмiз!” деп екiлене сөйлесек, екi аяқтыға дес бермеймiз. Рас! Арғы атамыз Самалбайдан берi көршiден кеуде көрiп, көкiрегiмiз басылмаған. Керегемiздi кең керiп, шаңырағымызды шалқақ ұстатқан ерлерiмiз аз болмапты әрiде! Алайда, ерлiгiмiз бен елдiгiмiздi соңғы кезде жоғалтып алған жоқпыз ба?! Кеудесiн кере дем алып көрмеген азғантай Алти төрiмiздi таптағандай, ата қоныс жайлауымызды емiн-еркiн иемденiп отырғанын ойласам, қу жанымның жай тапқызар түрi жоқ. Намысқа қалай мiнбессiң?!. Бұл қорлыққа қалай ғана төзерсiң?!. Шыдамның да шегi бар. Қайтпек керек? Сойыл сайлап, жiгiт жинап, бейбiт елдi шауып алдық, ондай iстен не шықпақ?! Онсыз да жарасы жазылмасқа бет алған екi елдiң арасында лап етер алтыбақан алауыздық па?!. Жалпақ елдiң жазығы не соншалық?! Бiр әкенiң баласындай екi елдiң ортасына от тастап, қыздырмалап отырған – жалғыз адам. Ол – Үкiбай! Үкiбайдың тұқымы! Жалғыз менiң ғана емес, бiр қауым елдiң ата намысынан аттап отырған Үкiбайдың басына зауал туғызар ер шықса, Үкiбайдың сүйегiне арылмастай қара таңба басылса, аруақтар да аунап түсер-ау, разы боп. Не айтасың, Батыр?..

– Айта бер, мырза.

– Биыл ата-баба аруағы, ел намысы сынға түскен жыл болды-ау. Сын кезеңнiң салмағы – ер жiгiттiң мойнында. Еркеккiндiк болғанмен, ерлiк жасау – екiнiң бiрiне еншi емес. Ел үмiтi өзiңде, Батыр!..

…Қолпашы мен қолқасы аралас ұзақ әңгiме келiсiммен тәмәмдалған.

Ертеңiнде Жортуылбасы атқа мiндi. Қасына сыралғы серiктерiнен ешкiмдi ертпеген. Тек Елiбайдың ақылымен Сәтбек бiрге аттанды. Қосарында – ен-таңбасыз, бедеу күрең бие. Ерттеулi. Бағыт – Үкiбай ауылы.

Бозала таңға iлесе атқа қонған бұл екеуiне тамыздың қоңыр желi де әсер етпейтiндей. Тiптi құбыла тұстан құлай түскен күн сәулесi шамына тигендей Жортуылбасының қабағы кiржiң-кiржiң. Әуелде әрнәрсенiң басын бiр шалып, серiгiн сөзге тартпаққа тырысқан Сәтбек қабарған қабақты көрiп, жым болған. Содан ол да үнсiз. Үнсiз тыныштықты жылқы тұяғының тақ-тұқ дыбысы ғана бұзады. Жүрiсi суыт екi салт атты бесiн ауа Айғыржалдың батыс бөктерiндегi шоқ шiлiкке тұмсық тiреген. Жортуылбасы тiзгiн iрiктi. Айналаға асықпай көз салып, шолып өттi де, аттан түстi. Жұқа қайыс тiзгiндi ердiң алдыңғы қасына iлiп,  шылбырмен атының мiнер жақ алдыңғы аяғын күрмедi. Үзеңгiлесе тоқтаған Сәтбек те соны iстедi. Жетекке алған күрең биенi шiдерлеп қоюды да артық көрмеген.

Бозаң тарта бастаған шалғынға шалқалай кеткен Жортуылбасының жанына келiп жантайған Сәтбек басшысының қабағы жазылғанын аңдап, бипаз үнмен әңгiме шетiн қылтитқан.

– Осы Үкiбай бала кезiнде ит ауруына шалдыққан-ау, сiрә?.. Әлде итке таланды ма екен? Әйтеуiр, ит атаулыны көрсе, төбе шашы тiк тұратыны-ақ ғажап?!

Жортуылбасы тiл қатпады. Ештеңе естiмегендей, көк жүзiне меңiрейе қарап, жатты да қойды. Не ойлады? Есте жоқ. Тек ұясына беттеген күннiң өртке оранғандай қызарып батқаны сақталыпты көңiлде. Ымырт түсiп, қараңғылық қоюлана бастаған шақта ғана әлденеден шошынғандай, басын оқыс көтерген. Мызғып кеткен Сәтбек үрейлене атып тұрды.

– Не болды?!

– Кеттiк!

…Жаңа ай мен ескi ай тоғысқан өлiара кездiң мылқау қараңғылығы зұлым ниетке тiлеуқор болғандай түнере түскен. Қараңғы жамыла Үкiбай ауылының шетiне iлiккен екеудiң жанар аудармастан, үй арасындағы қимыл-әрекеттi бағып жатқанына да талай уақыт. Аулақтау тұстан жалғыз қойшының айтақтаған дауысы әредiк талмаусырай жететiнi болмаса, ауыл қаннен-қаперсiз. Бетке ұстар ақсақалдары мен азаматтары Өтен болыстың бәйбiшесiне бағышталған құдайы асына кетiп, кiлең қатын-қалаш қалған ауылдың абыр-сабыры әлдеқашан тиылып, ел ұйқыға бас қойған.

– Иә, сәт!

Ауылдан шыққалы алғаш тiл қатқан Жортуылбасы орнынан тұра бере, серiгiне көз тастаған. Сәтбек оның көзiндегi сауалды танығандай, ортадағы боз үйдi иегiмен нұсқады. Басқа сөз болмаған. Екеуi де қалталарынан орамал суырып, бет-ауыздарын тұмшалай орады. Мысықтабандай басып, ауылға беттедi. Ауыздығы алынбаған жануарлар ши түбiнде қаңтарулы қалған…

Боз үйдiң iргесiне жете бере қалт тоқтап, iшке құлақ тiктi. Көңiлге қауiп алардай дыбыс аңдалмаған. “Иә, бiссiмiллә…” Болар-болмас күбiрлеген Жортуылбасы кереге астына қол сұқты да, шабақтарынан сығымдай ұстап, еппен көтере бердi. Сәтбек қас-қағым сәтте iшке енiп үлгерген.

Жортуылбасы сыбдырын шығармастан есiк алдына барды. Әлденеден секемденгендей кенет мазасыздана соққан жүрегiнiң дүрсiлiне елеңдеп, екi ұдай халде бiр сәт тұрып қалған. Әйтсе де, сезiмтал түйсiк есiк бауын кесiп жiберген iштегi пышақ дыбысын да қағыс жiбермедi. Iле-шала есiк естiлер-естiлмес сықыр еттi.

– Бұ кiм-ей?., – Ұйқылы-ояу әйел үнi төсекте тұншықты. Босағадан аттай берген Жортуылбасы булыққан дыбыс пен бұлқынған қимылдың оң қанаттан шығатынын аңдаған. Екi-ақ аттап сол тұсқа жеттi. Қарманған қолына жiбек шымылдық iлiнген, жұлқып жiбердi. Шымылдық үзiлiп түстi. Сонда байқады – Сәтбек екi әйелдi аяғының ортасына қысқан бойы алақанымен ауыздарын басып, арпалысып жатыр екен. Мұны көрiп, iргеге аунап түстi де, “Қыз сол!..” – деп демiге тiл қатты.

Жортуылбасы шалт қимылдады. Белбеуiне iлген орамалды қыздың әнтек ашылған аузына салып жiбердi де, сол қолымен иықтан, оң қолымен белiнен қапсыра құшақтап, шымылдық iшiнен суырып алды. Iле-шала Сәтбек те түрекелдi. Бешпентiн шешiп, қызды бипаздай қымтады. Шымылдық жақтан көз айырмай қадалған күйi есiктi ашып, Жортуылбасыға жол бердi.

Бүкеңдей жүгiрген екеуiн ши түбiндегi қаңтарулы аттар осқырына қарсы алған. Сәтбек Жортуылбасының атын көлденеңдей тартты да, басын шайқай тiл қатты.

– Қызымен тете тоқал алып құтырған төбеттiң тегеурiнi әлгi бейшараның тақымына татымай жүрген шығар. Айналып барып, сауабын алып қайтсам қайтедi? Ойпырмай, өзi де ақ борықтай-ау, ақ борықтай! Керегеге таңып жатып, қайта-қайта көзiм түсiп…

Жортуылбасы алара қараған. Ызбарлы көзден жасқанып қалған Сәтбек сөз арнасын кiлт бұрды.

– Күйеу баласының құрмет-сияпатына әбден мейманасы тасып келе жатқанда, орта жолда мынаны, ауылында нақсүйерiн көргенде, Үкiбай ел бетiне қалай қарар екен?

Жортуылбасы жақ ашпастан атына ырғып мiнiп, қызды алдына сұлата өңгердi де, шалт қимылмен тiзгiн қақты. Қыздың аппақ дүрия көйлегi қараңғыда болымсыз ағараңдап, түнекке жұтылып кете берген.

Сол сәт Жортуылбасы ниет еткен әрекетiнiң обал-сауабын ойына да алмаған. Ел естiп-көрмеген зұлымдықты шегiне жеткiзе орындап, тоқмейiл халде керi қайтқаны рас. Тiрi жанның көзiне шалынбай, жылқышылар ортасына тiке тартқан. Жұма аралатып арнайы iздеп келген Елiбай: “Жарадың, Батыр! Ата-баба аруағын аспандата көтерер ер екенсiң! Ерлiгiңдi таныттың! Кеудесiне нан пiсердей күпсiнген Үкiбайдың көкiрегiн езiп өттi қимылың. Басынбақ болған дұшпанды табанымда таптаттың. Аруақ ырза, мен ырза. Ырза болмай қайтейiн, хас жауымның жан теңгермей отырған жалғыз қызын биеге терiс мiнгiзiп, емшегiне күл жағып, ел алдында күлкi еттiң. Тiрiдей өлiп, өз сақалын өзi уыстап жұлған жауымды көзбен көрдiм. Көлденең бақпай, көзбе-көз көңiл айттым-ау! Ендi менде арман жоқ! Өзiңнен аярым да жоқ, Батыр. Көңiлге алаң кiргiзбе. Ашынған жау саған азу ақситса, жолын бөгер мен бармын. Құдайыда бiрге боп, бiр табақтан ас iшкен маған жауықса, бетiне ел түкiрер!” – деп лепiре сөйлеген кезде, бұл езуiне мысқыл үйiре, масаттана күлген де қойған.

Асылық болған екен-ау!.. Зорлық түбi зауал – жасынға айналып, ақыры өзiн тапқан тәрiздi. Құйрық-жалдан айрылып, тұл боп қалғаны мынау...

Жортуылбасы қайғылы өкiнiш тұңғиығына жетелеген зiлмауыр ойдан серпiлгiсi келiп, Қоскөлге көз жiберген. Тұнжыраған көл бейнесi көңiл алдарқатпады. Егiз көл қайғы-қасiреттен жаншылған шерменде жанның қос қарашығындай елестеген. Ойына бала кезiнде естiген аңыз оралды. “Тұтқиылдан жау тиiп, үдере көшкен қалың елге iлесе алмай, жаудың жолында қалған қос жетiмектiң көз жасынан жаралған екен бұл “Қоскөл”, – дейтiн едi ескi аңыз. Жортуылбасы сол аңыздың ақиқатына көз жеткiзгiсi келгендей, тесiле қараған. Қоскөл тұстан үрейлене шырылдаған сәбилердiң дауысы естiлетiндей…

Қарадай ызаланды: “Тфу! Ойға келмейтiн сұмдық болмасайшы бұл…” Селт етiп артына бұрылған. Қазақы ердiң алдыңғы қасына қондырған құсына көзi түстi. Алапат ойды аластап, көңiл алданар желеу табылғанына қуанды. Ептегей қимылмен томағасын сыпырды. Көк жүзiне көтерiлмей, тымырсық тiрлiктен iшқұса болған бүркiт те дүр сiлкiнгендей. Аңсақ көзбен айналаға сұғанақтана қарайды. Жортуылбасы балақбауды ағытты да, бүркiтiн сiрi биялай киген оң қолына қондырды.

“Екеуiмiздiң қоштасатын кезiмiз жеткен сияқты. Қош, Көкшулан!” Қолын көтере ұстап, серпiп қалды. Көкшулан қалбаң етiп қанат қақты да, қалқып көтерiле бердi. Алыстап барады. Құсы биiктей-биiктей көз ұшындағы қара ноқатқа айналғанша, Жортуылбасы жанар аудармай қарап тұрды. Кiрпiк ұшында қос тамшы iркiлiп қалған. “Көкшулан да қолдан кеттi!” Ұясынан аса алмай, тұнып қалған қос тамшы iрiп түстi. “Мұным не? Жалғыз ұлдан айрылғанда шықпаған жан қаңғыған қарақұсқа бола шыға қоймас…” Боркемiк сезiмiнен тез тиылды. Көкшуланды көзден де, көңiлден де тасалағысы келген. Ақбозын жетелеп, төрт-бес қадам жасады да, кiлт кiдiрдi. Еркiнен тыс әлдебiр күш аспанға жалт қаратқан. Бұлт торлаған аспанда жалғыз бүркiт қараторы қыздың меңiндей қарауытады.

“Биiгiңдi сағынған екенсiң-ау?”

Бүркiт бәскiл қимылмен айнала қалықтай бастады. Құсының сыралғы әрекетiне таңданған Жортуылбасы көңiлi күптенiп, шырқау биiкке телмiре түстi. Көкшулан төмен құйылды. Көңiлiне күдiк қашқан Жортуылбасы атқа қонды да, құсының шүйiлген орнын бағытқа ұстап, Қарақияны қиялай тартты.

Ол жеткен кезде Көкшулан да, жанында жатқан арлан да қанға боялып, әлсiреп қалған екен. Қимылсыз. Жауынан бұрын жан берудi ар санаған морт мiнездi қос тағының жауыға қарасқан көздерi қанға толы. Қып-қызыл.

Сорғалай келiп, теуiп түскен Көкшулан арланның омыртқасын үзсе де, жанталасқан бөрi есесiн жiбермеген сияқты. Бүркiттiң оң сирағын қара санға дейiн қарпып үлгерiптi. Өткiр тырнақ өз мiнезiн өңеште де танытса керек, қасқырдың езуiнен жылымшы қан көрiнедi.

Бойын аяныш пен ашу қабат буған Жортуылбасы аттан секiрiп түстi де, қолындағы он екi өрiм дыраумен арланды бастан тартып өткен. Қарс айырылған қалың құйқаның арасынан қарақошқыл қан сыздықтады. Сол сәт мазасыз да мағынасыз тiрлiкке лағынет айтқандай, бүркiт аянышты үн шығарды. Секемдене жалт қараған Жортуылбасы Көкшуланның жанарындағы кектi жарқылдың тiлемсек жәутеңге айналғанын аңдады.

– Бақұл бол, серiгiм!

Қатал қамшы тағы сiлтендi. Бүркiттiң басы үзiлiп түскен.

– Ендi бiржола қоштастық… Мәңгiге!..

Жортуылбасы еңкейiп, бүркiттiң қан тамшылаған басын қолына алды. Көкшуланның жұмылмаған көздерi тесiрейе қалыпты. Жанарын тайдырып әкеттi. “Кешiр, Көкшулан! Қолымнан келгенi осы. Сен қасиетiңдi былғамай, жауыңды жастана кеттiң ғой. Қапың жоқ. Мен ше? Не күтiп тұр алдымда? Кiм бiлiптi?..”

Жортуылбасы қолындағы басты денеге әкелiп қосты да, тiзерлей отырды. Адам қазасын азалағандай баяу күбiрлеп, жерден бiр уыс топырақ алды да, телмiре қараған көзге себе салды. Орнынан шалт көтерiлiп, тiзесiн қақты да, азалы күйден құтылуға асыққандай, адымдай басып, Ақбозға беттедi.

 *     *     *

 Ақбоздың жанға жайлы бөкен желiсi шиыршық атқан ызасын ыдырата бастағандай. Бойында салқын сергектiк пайда болды. Артына қарайлап едi, сонадайдан Айғыржал жоталана қарауытты. “Өндiрiп-ақ тастаған екенмiн-ау. Құдай жазса, iздеген ауылым осы маңайдан ендiгi шаң берiп қалар. Мына қырқада аттың белiн бiр босатып алайын…”

Ақбоздың тұяғы қырқаға iлiккенде, маңдай тұстан бытырай жайылған жылқы табыны көрiндi. Шетiн ала құрық сүйреткен жалғыз жылқышы қараяды. Дәл осы қалпында ол жылқышыдан гөрi қалқайып тұрған қарақшыға көбiрек ұқсайтын. Астындағы аты да жерден бас алмай, сұғынып алыпты. Етектегi мамыражай көрiнiс Жортуылбасыға Үкiбайдың астамсыған қылығындай сезiлiп, қаны басына шапқан. Ызалана тебiнiп қалды.

Ат үстiнен аударып тастардай ентелей тоқтаған Жортуылбасыдан жылқышы айыл жиған жоқ. Жайбарақат күйi сығырая қарады.

– Иә-ә, жол болсын, жiгiтiм! Қайда тарттың? Екпiнiң ел көшiрердей екен, есерсiң-ау деймiн?..

Қауашақтай болса да қағытпаға құмар секiлдi. Жортуылбасы сөз таластыруды қош көрмедi.

– Бос сөйлемей, жөн сiлте. Үкiбайдың асыранды күшiгiн қайдан тапсам болады?

Жылқышы түтiгiп кеттi.

– Әй! Сен кiмдi “күшiк” деп басынасың-ей!?

Қолындағы қайың құрық шоштаңдай көтерiле берген, Жортуылбасының он екi өрiм дырауы шып еттi. Жылқышы қақ бөлiнген құрықтың шолтаңдаған тұтамына абыржи қарады.

– Өй, ақымақ! Жұмсай алмайтының бар, несiне құрық сүйреп жүрсiң? Жолдыбайың қайда? Нұсқап жiбер!

Жүнi жығылып қалған жылқышы ықтай сөйледi.

– Мына белден асып түссең, Мырза қос бар. Батырды содан табасың. Есiңде болсын бiрақ, елдiң бәрi мен емес. Кәрi жыныңды қағып алады Жолдыбай…

Жортуылбасы жүрiп кеткен. Әлгiнiң “Мырза қос” дегенi қоңырқай киiз үй екен. Маңайында тiрi жан байқалмайды. Iргеге тiрей ат iрiккенде де iштен ешкiм шықпады.

– Уа, сөйлес! Тiрi пенде бар ма мұнда?

Үйде қозғалыс сезiлдi.

– Бұл қайсың үй сыртынан әңгiрлеп тұрған?

– Маған керегi – Жолдыбай!

– Iздегенiң мен болсам, үйдемiн. Кiм болсаң да, кiр берi!

– Жолдыбай!

Жортуылбасының дауысы шаңқ еттi.

– Құдалыққа келгем жоқ. Баламның кегi, ата-бабамның намысын қуып кеп тұрмын. Бес қаруыңды сай ұстап, ертең таңда Қушоқының етегiнен табыл! Кездесер жер – баурайдағы шоқ шiлiк.

*     *     *

 Таң шолпаны қылаң бере уағдаласқан жерге Жолдыбай да жеткен.

Отты жанарларда бiтiспес дұшпан ниет айқын байқалса да, артық сөзбен қақтығыспай, екеуi де ызбарлы сыпайылық сақтады..

– Бастайық, Батыр!

Алқымға тiрелген кек тасқыны бiр сәтте атылғандай. Жалғыз сөз екi ауыздан бiрдей шықты.

Бiрi – жас, бiрi – жасамыс, Сарыарқаның қос тарланы кектене қарасты. Бiрi тiрi тұрғанда екiншiсiне мынау сақи даладан орын табылмасын екеуi де ұғынған.

Тынши қалған маң дала iшiн тартты.

Бiр-бiрiнен Сарыарқаның самалын қызғанған қос тарланның бiлегi шартпа-шұрт айқаса кеткен.

Шығыстан сiбiрлеген таң нұры қырық күндiк тiрлiкте қырық пышақ боп өтетiн пенделердiң қылығынан жүзi күйгендей жалқындап шығып келе жатты…

*     *     *

 Жамбасынан қан кетiп, мешел жандай дәрменсiз халде жатса да, Жортуылбасы жауының алдында осалдық танытқысы келмеген. Әйтсе де, қанын шығара тiстенген сұп-сұр ернi, сәтте алуан өзгерiп жатқан боп-боз өңi жан шыдатпас азап үстiнде екенiн танытады. Тiктеп қарауға адамның дәтi бармайтын отты жанардың да шоғы әлсiреп, тiрлiкке талақ айтқан ниет сезiлгендей. Әлгiнде ғана арпалысып жүрген жауының өзiне жәдiгөй аяушылықпен көз тiгiп отырғанын сезгенде, намысқой жүрегi шаншып қоя бередi. Қу медиен далада құзғынның жемi – тiрi өлiк боп қала беретiнiн ойласа, соңында сүйегiн iздеп шығар жанашыр ерқараның жоқтығы есiне түссе, өзегiн өрт алып, зығырданы қайнайды.

Дұшпанына елеусiздеу көз салған. Ол төңiректi барлай шолып, асықпай атына аяңдап барады екен. Ызаға булыққан Жортуылбасы үндемей-ақ қалмақ едi, дәтi шыдамады.

– Е-ей!.. Тоқтай тұр!.. Тоқта деймiн…

Жортуылбасының демiге шыққан үнi ызғарсыз естiлдi.

“Мына күшiк шынымен қайырылмай кетер ме екен?”

Дұшпаны қайырылмады. Ат жалын бипаздай сипап ұзақ тұрды да, Қаракерiн жетектеп қайта оралды. Ендi кiдiрсе, үлгерместей сезiнген Жортуылбасы бар қайратын жиып, жауының бетiне тiк қарады. Тiстене сөйледi.

– Жауым да болсаң, келер күннен үмiттi адамсың ғой. Жасаған жақсылығың болсын, өлтiр өз қолыңмен!..

Дұшпаны тiл қатпады. Ештеңе естiмегендей.

– Шаңға аунатып, құм асатқан қорлығың да жетер. Қиналмай өлейiн, кездiгiмдi қайтар…

Дұшпаны мұны қазiр байқағандай тесiрейе қарады.

– О не дегенiң, Батыр? Елуге келгенше шариғат жөнiн бiлмегенiң бе? “Ең харам өлiм – өзiне қол жұмсаған өлiм” демеушi ме едi. Ажал келмей, өлмек жоқ. Ренжiме, Батыр, мен ажал емес, адаммын ғой. Адаммын! – деп бетiне ыржыңдай төндi.

Жортуылбасы мазақ болғанын ұқты. Тебiнгi мұрт жас баладан жеңiлгенiне қорланды. Әке кегiн қуар еркеккiндiк жоқтығына назаланды. Қорлай күлген жауына жай оғындай қадалар сөздерiн де айта алмай жатқанына шарасыздана күйiндi.

– Зауал шақ саған да жетер!.. Дүние – кезек, асқанға тосқан бар…

Жеңiс буы оятқан күлкi кiлт тиылып, жауының езуiне кектi кекесiн iркiлдi.

– Дұрыс айттың-ау! Асқанға – тосқан осындай болады. Әкем Үкiбай айтушы едi: “Тiрлiкте бiтiспес жалғыз жауым бар. Содан кегiм қайтса, дүниеден армансыз өтер едiм” – деп. Әкемнiң жауы сен едiң, Жортуылбасы! Кек қайтты, iс бiттi!

Дұшпаны терiс айналып шырт түкiрдi де, қасына малдас құра жайғасты.

– Жылқы таниды екенсiң, – дедi жайбарақат үнмен, – Атың тамаша! Айғыр болғанда алдына үйiр салып, тұқым алуға болатын едi.

Жортуылбасының жүрегi мұздап қоя бердi. Аузына қанжылым дәм бiлiндi. Жауына түңiле көз қадап, түкiрiп жiберген. Иегiнен аспады…

Дұшпаны мағынасыз ыржиды.

– Қош, Батыр! Кеттiм мен…

Қаракерге баптана мiндi де, меңiреу тыныштықты шошыта, дүрсiлдетiп шаба жөнелдi.

Жортуылбасы ат тұяғының дүбiрiн көпке дейiн естiп жатты. Қадала түскен тұяқ дүбiрi алысқа кете ме, әлде қара жер хабаршы боп тұр ма, әйтеуiр, құлақ түбiндегi дүбiр жаңғырығып тұрып алды…

Жортуылбасы қара жердi ызалана тырмалап, уысына iлiккен топырақты жауының iзiне шашқан болды. Бұл сәтте өзiнiң соңынан да талай-талай топырақ шашылғаны ойына келмеген.

*     *     *

 Жортуылбасы аспанға үрейлене қарап, иек қақты. Не айтқысы келдi екен?..

Күзгi жаңбыр толастар емес…

 1982 жыл,

Алматы, ҚазМУ қалашығы.

Қатысты Мақалалар