Талапбек Тынысбекұлы. Түгенделер екен бір жоғым қашан

/uploads/thumbnail/20170708171630671_small.jpg
Қоңылтақсу

Жанымда отырғанда жарым, балам, Мен неге алақызып жарымдалам? Әлдебір жоғым бар ау табылмаған, Әлдебір еншім бар ау алынбаған?! Қарадай қоңылтақсып құлазыдым, Қаңырап қара қосым, құба дүзім. Адастым әуенінен бір әнімнің, Құрышын кім қандырар құлағымның?. Асан кешкен өмір бұл, Қорқыт қашқан, Жерортаға келіппіз онша ұқпастан... Сәттерімде ұйқымды талтүсте ашқан, Жосылады жолдарым жортып басқан... Көптен бері жүргені көңіл масаң, Мойында екен бар қамыт мойындасаң. Өткелегі өмірдің жолымда сан, Түгенделер екен бір жоғым қашан? 02.01.15 ж.  

Аңсау

Көгеннен қозы ағытар, желіден құлын, Төрт түлігінің оқыған көзінен мұңын, Құтпаны келер өрістен өзінен бұрын, Қарт шопан көрсем қайғысын сезінем бүгін. Құрақтан сыбдыр естіліп, бұлақтан сыңғыр, Жұбатқан жылдар жаныңнан сынаптай сырғыр... Есіме алсам егілтіп жылатқан құрғыр, Жұмақтай дәурен екен ғой, ұзатқан бұл бір.... Еншімді алған сан ғасыр ен жайлағанда, Төлдеулік қайда? Күтеулік, Төржайлау қайда? Жетелегенмен жанымды армандар айға, Сол күнге зар боп қалдым-ау сор қайнағанда. Құрт ұрламайды өреден, құтыңда азайды, Қойшыда келмес босаға сықырламайды. Қарағай, қайың мосыда шытырламайды, Тұманды таусыз қолқаны түтін қамайды. Атан қомында өсекемін, асау жалында, Осы-ау барымда сол шақтар, осы ау бағым да. Тосам жауынға жонымды, тосам дауылға, Бөрілі қаным тулайды қашан қанымда? 05.11.2014ж. *** Келіспесе көңілдің күйі кейде, Кінә тағып жүреміз дүйім елге. Бірі төрге сүйрелеп бірі көрге, Сүйінем де қоямын күйінем де. Алақанмен тосқандай жүзін күннің, Жаба тоқып жасырам мінін кімнің? Әләуләйі әлдилеп бүгінгінің, Сөзін айтам сандырақ бұрынғының. Жылау көрген кезім көп, шыдам жеңген, Шежіресін шертеді жырау кеудем. Өтіп жатқан өмір ай бұғаулаумен, Жауабы жоқ зымырып сұраулармен. Жуындыңды аңдыйды ел, жырындыңды, Сырың кімді толқытар, жырың кімді?! Үйім гүлді болғанмен, миым мұңлы, Ғұмыр құнды болмады-ау, тиын ғұрлы!!!! 21.12.14 ж.  

Қатысты Мақалалар