Ғ.Сланов атындағы Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Рухани жаңғыру» жобасына орай Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жарық көрген «Каспий маңы қазақтарының мәдениеті мен тұрмысы ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы фотоқұжаттарда» атты кітап-альбомның тұсау кесер рәсімі болып өтті. Тұсаукесер салтанатына облыстық, аудандық мәдениет мекемелерінің басшылары, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау саласының мамандары, ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, археологтар, этнографтар, қоғамдық ұйым өкілдері, студенттер қатысты.
Облыстық кітапхана директоры С.Ізмұхамбетова шараны жүргізіп отырды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары А.Джолаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ризуанов, өлкетанушылар Ө.Қажымғалиев пен Ө.Әлімгереев, облыстық архивтің директоры Ә.Мұқтар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, т.ғ.к. Ж.Жұмабаева және облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы М.Кипиев жаңа кітап жөнінде пікір айтып, сөз сөйледі.
Түсірілімдер Одақтық және автономиялық республикаларды зерттеу жөніндегі ерекше Комитеттің, профессор С.Руденко бастаған Антропологиялық отрядының 1926 жылы Ақтөбе губерниясы мен Адай уезінің аумағына жүргізген далалық ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында жасалған.
Фотосуреттерде қазақтардың бет-бейнесі, шаруашылығы, кәсібі, қолөнері, баспана және тұрғын-жайы, ұлттық ойындары мен зираттары көрініс тапқан.
Басылым ХХ ғасырдың 20-жылдарында Каспий маңындағы көшпелі қазақтардың тарихы мен этнографиясына қатысты жарық көрген алғашқы фотоальбом болып табылады.
Фотоальбомды Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы М.Кипиев бастаған зерттеушілер құрастырды. Жаңа кітап-альбомды оқырмандар өлке тарихының өткен кезеңін бейнелейтін бағалы туынды деп бағалады.
Пікір қалдыру