Университет түлектерін алған білімдері мен кәсіби дайындық деңгейіне сай жұмысқа орналастыру мақсатында Алматы технологиялық университеті дәстүрге айналған жыл сайынғы «Өз жолынды таңда!» атты түлектер жәрмеңкесін өткізіп келеді.
Жуырда өткен түлектер жәрмеңкесі тағам, өңдеу, тоқыма және жеңіл өнеркәсіп салаларында, бизнес, қызмет көрсету және қонақжайлық индустриясында өткен жылдармен салыстырғанда бос жұмыс орындарының күрт өскенін аңғартса керек. Биыл университеттің 22 мамандығы бойынша 1 418 түлек жоғары білімі туралы диплом алады, оның 20%-ы үздік бітіреді. Бұл орайда жұмыс берушілермен байланыс орнатып, түлектерді жұмысқа орналастыру университет ұжымының басты міндеті болып отыр.
Жәрмеңкенің жұмысын ашқан Алматы технологиялық университетінің бірінші проректоры, профессор Бауыржан Нұрахметов: «Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – түлектер мен жұмыс берушілерді кездестіру. Жұмыс беруші дәл осындай жиындарда жас маманға жұмыс орнын бермес бұрын, оның шама-шарқын жан-жақты бағалай алады. Өз кезегінде, түлектер, дәл қазір қажет деп танылатын қандайда бір мамандық туралы ұсыныстарды және жұмыс берушілерден дайын бос жұмыс орындары туралы толыққанды ақпарат алады. Жалпы, түлектер жәрмеңкесі бұл тек түлектер мен жұмыс берушілердің кездесуі ғана емес, жоғары оқу орны ұжымының, жұмыс берушілердің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің өзара пікір алмасу алаңы болып табылады», - деді.
Жәрмеңкеге жалпы саны 60-тан астам тағам және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, қаржы секторы, мейрамхана және мейманхана бизнесі мен туризм ұйымдары, мемлекеттік органдар өкілдері, ғылыми институттар, салалық кәсіпорындар мен одақтар қатысты. Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының мамандары жәрмеңкеге қатысушыларды қалаладағы бос орындар банкісінің ағымдағы ұсыныстарымен таныстырды, сондай-ақ «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының жастарды жұмыспен қамту саласындағы мүмкіндіктері жайында хабардар етті.
Жәрмеңкеге қатысқан университет түлектері жұмыс орны жайында қажетті ақпарат алып, жұмыс берушілерге түйіндемелерін өткізіп жатты. Ал әрбір жұмыс беруші оларға кем дегенде төрт-бес жұмыс орнын ұсынды.
Асхат Әбішев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Пікір қалдыру