Бүгін Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айып тағылған Сайрагүл Сауытбайдың соты басталды.
Биыл 21 мамырда Сайрагүл Сауытбайды Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы үйінен таңғы 9.00-9.30 шамасында ұстап әкеткен. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабы 1-бөлімі бойынша айып тағылып (шекараны заңсыз кесіп өту), содан бері қамауда отыр.
Дүйсенбі 9 шілде күні Сайрагүл Сауытбайдың алғашқы сот отырысы өткен. Сот отырысында әйелдің адвокаты Абзал Құспан орыс тілінде өтіп жатқан сот ісінің қазақ тілінде жүргізілуін талап етті. Судья Динара Тұтқабаева айыпталушы жақтың талабын қанағаттандырды. Іс қағаздарын қазақ тіліне аударып, Сайрагүлге түсінікті араб харпіне көшіру үшін 12 шілдеге дейін мерзім белгіледі. Әрі сот отырысын бүгінге бекіткен.
Бұған дейін қазақстандық адвокат Абзал Құспан шекараны заңсыз кесіп өтті деген этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты тергеу жұмыстарының барысымен таныстырып өткен болатын.
Абзал Құспан мұнда әйелдің заңсыз әрекетінен бұрын мақсаты негізге алынатынын айтқан. Ал дүйім жұртқа мәлім Сайрагүлдің мақсаты – өз отбасына асықты. Тек Қытай тарапы оның құжаттарын белгісіз себептермен тартып алған.
"Сайрагүл алаңдап отыр. Қазақстанның түрмесінде отырсам да, осында қалсам болды", - деп жеткізген еді адвокат әйелдің сөзін.
Бұған дейін Сайрагүлдің өміріне араша түскен қазақстандықтардың санында шек болмады. Республиканың әр ауданынан "Сайрагүлге араша!" атты видео таралып, биліктің құлағына жеткізуге тырысып бақты. Сайрагүлді Қытайға қайтарған жағдайда өлім жазасына кесілетінін әйелдің отбасы да, халық та біліп отыр. Бар үміт қазақ сотында!
Пікір қалдыру