Жарылқап Қалыбай 93 мың адамның қолын жинай ала ма?

/uploads/thumbnail/20170708171826358_small.jpg

Елімізде 26 сәуірде өтетін кезектен тыс Президент сайлауына "Жұлдыздар отбасы" мен "Аңыз Адам" журналдарының бас редакторы Жарылқап Қалыбай мырзаның қатысатыны туралы ақпаратты "Қамшы" порталында жазған едік. Бас редактор Жарылқап мырза ҚР Президенттігіне үміткер ретінде 12 наурыз күні өтініш берген. Ол мемлекеттік тіл сынақтарын сәтті тапсырып, ОСК-ның лингвистикалық комиссия мүшелерін таң қалдырған. Тіпті, лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбековтың өзі Жарылқап Қалыбайдың Мемлекет басшысынан кейінгі қазақ тілін жетік меңгергендігімен комиссия мүшелерін таң қалдырған екінші адам екендігін айтқан еді. Бүгінде қазақ тілінің жоғын-жоқтап, мұңын-мұңдап жүрген Жарылқап Қалыбай Ұлт жанашырларынан көмек сұрайды. ҚР Президент сайлау додасына өзін-өзі ұсынған Жарылқап Қалыбай мырзаға мемлекеттік сынақтардан сүрыінбей өткенімен аз ғана уақыттың ішінде - 23 наурызға дейін ҚР аумағындағы сайлаушылардың 93 мың қолын жинау жүктелген. Ал осы межеге жету үшін Жарылқап Қалыбайдың жақтастары қызу кірісіп кеткен сияқты. Ол да жөн. Әуебикешіне "қазақша сөйле" дегені үшін басы дауға қалып, Гитлерді "Ғасыр қасіреті" деп жазғаны үшін сотты болған Жарылқап Қалыбайды қарапайым қазақ шын сыйлайтыны анық. Сондықтан болса керек, Жарылқап мырзаның өзі де жұртшылықтан қолдау сұрап хат жазыпты:

"ҚҰРМЕТТІ ҰЛТ ЖАНАШЫРЛАРЫ

Мен – «Жұлдыздар отбасы» мен «АҢЫЗ АДАМ» журналдарының бас редакторы Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер ретінде тіркелдім. Ел ішінде ұлтыма, мемлекетіме қалай қызмет етсем деп жүрген ұлтжанды, мемлекетшіл, ойлы азаматтар өте көп. Менің бұл сайлау додасына қатысудағы басты мақсатым – осы мүмкіндікті пайдаланып, қарапайым халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегін, сол ойлы азаматтардың бүгінгі қоғамдағы қордаланып қалған проблемаларға көзқарасы мен оны шешу жолдарын, болашақта Қазақстан қандай ел болуы керек екенін, келе жатқан дағдарысқа қалай қарсы тұрамыз, одан шығу жолдары қандай деген ұсыныс-пікірлерін билікке жеткізу. Сонымен қатар ұлт патриоттары мен ұлтшыл азаматтардың ұлт мүддесі үшін алдына қойған бағыт-бағдарламасын халыққа жеткізу. Бұл мақсатымды жүзеге асыру үшін 23 наурызға дейін Қазақстан Республикасы аумағындағы сайлаушылардың 93 мың қолын жинау қажет болып тұр. Сол үшін әр облыстың, ауданның, ауылдың ұлтжанды азаматтары осы шараға бір кісідей атсалысуларын сұраймын" делінген хатта.

Әрине, Қазақстан билігін ширек ғасырдан бері ұстап келе жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бәскелес болу қиын. Дегенмен, кез келген талантты қазақ ұрпағының өз елін басқаруға құқықты, лайықты екенін әркез естен шығармаған жөн.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар