Кеше кешкісін Астанада Бейбітшілік пен Молдағұлова көшелерінің қиылысында Ұлттық ұлан әскерилері сержант Айзат Дүйсекеев пен қатардағы Александр Сущикке бір әйел адам келіп, түтіндеп жатқан үйден ер азаматты құтқаруға жәрдем жасауын сұрайды.
Оның айтуынша пәтерде егде тартқан ер азамат қалып, өз еркімен басапанадан шыға алмай жатыр екен. Бейбіт тұрғындарға көмекке келуді парызы санайтын жауынгерлер бірден түтіндеп жатқан пәтер жаққа қарай жүгіреді.
Сөйтсе, түтін күллі подъездге тарап, адам өміріне қауіп төндіре бастаған екен. Бұған сескенбеген ұландық әскерилер түтін арасынан пәтерге кіріп, бөлме еденінде есінен танайын деп жатқан ер адамды байқайды. Жедел қимылдаған әскерилер оны қауіпсіз жерге шығарып, басқа тұрғындардың да шығуына жәрдем жасайды.
Өрттен құтқару қызметі мен жедел медициналық жәрдем келгенше ұландықтар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қолдан келгенін жасаған.
Пікір қалдыру