Бүгін Экспо нысандары бойынша инспекциялық сапармен халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес Астанаға келді. Журналисттер болашақ ЭКСПО-2017 құрылыс алаңында алғашқы рет болып, жұмыстар қалай жүріп жатқанын өз көздерімен көріп қайтты.
Әлбетте, ең алдымен олар көрменің басты нысаны – сфера түрінде сомдалатын Қазақстан Ұлттық павильонының болашақ ғимаратына барды. Әзірге бұнда болашақ құрылыстың нөлдік кезеңі аяқталған. Диаметрінің көлемі 80 м, ал биіктігі 8 қабатты үйге тең келетін ғимарат, архитекторлардың ойластыруынша Астананың ең көрікті жерлерінің біріне айналады. Сол себепті, ол «Байтерек» монументімен бір белдеуде орналасқан.
Сфераның шыны қабықшасының астында мұражай мен қазақстандық павильон орналасады. Дегенмен де, бұлардың бәрі – құрлысшылар жүзеге асыратын жоспарлар ғана.
Тексерудің екінші нысаны көрме ұйымдастырушыларының ғимараты болды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма басшысы Талғат Ермегияев бұл нысанды уақытынан бұрын қолданысқа өткізу жоспарлануда екенін Лоссерталес мырзаға жеткізді.
«Жылдың аяғында аяқтаулары керек еді, бірақ біз бұнда күзде кіруді жоспарлаудамыз. Тамыз айының 3-іне қарай бірінші ғимаратты ұсынғымыз келеді, соған байланысты ары қарай жұмыс істейміз», - деп ұлттық компания басшысы түсіндірді.
«Егер сіздер ертерек аяқтасаңыздар, тамаша болар еді, елдерден адамдар келіп, қалай болып жатқандығын көздерімен көруге мүмкіндік алады», - деп қазақстандық тараптың бастамасына Висенте Лоссерталес қолдау білдірді.
Уақытша құрылған төңіректі қарау алаңының терезесінен Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы құрылысы жүріп жатқан барлық нысандарға көз жүгіртті. Айта кету керек, төңіректі қарау алаңын 2015 жылдың аяғына қарай алып тастайды.
«Астана ЭКСПО-2017» басшысы Талғат Ермегияев құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес, сапалылықты сақтай отырып жүргізілуде екендігін сөз етті.
«Жарты жылға ертерек аяқтайтын шығармыз. Осы жылдың аяғына дейін барлық ғимараттар көтеріледі және олардың қасбеттерін жауып, бір бөлігін абаттандыруға күш саламыз. Яғни әзірлік 70-80% болады. Барлық ғимараттар, барлық инженерлік желілер... Біздің жоспар бойынша келесі жылдың басында ішкі әрлеу жұмыстарына кірісуге болады. Алайда бұнымен қатысушылардың өздері айналысатын болады. Конгресс-холл, отель тәрізді нысандар үшін – оларға уақыт қажет, келесі 2016 жылдың жазында аяқтайды. Өйткені дайындалуға, шерулер өткізуге уақыт қажет», - деп атап өтті Талғат Ермегияев.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы көргендеріне риза болды.
«Құрылыс алаңындағы ұйымшылдықтан мен өте үлкен әсер алдым. Құрылыс кестеге сай ғана емес, одан біраз алдыда келе жатыр. Құрылыс жұмыстарының жетістіктері төрт мың жұмысшының қолында. Құрылыс алаңын өз көзіңмен көрген кезде бәрі қалай жасалғанын түсіну жеңілірек болатынын айтқым келеді», деп Висенте Лоссерталес өз әсерімен бөлісті.
Салынып жатқан нысандарды көріп болғаннан кейін Висенте Лоссерталес ЭКСПО-2017 жобасы аясындағы мастер-жоспар, тақырыптық павильондар мен бұқаралық шараларға әзірлік бойынша мәселерді талқылауға қатысты. Сондай-ақ, екі күндік сапары барысында халықаралық көрмелер бюросының басшысы бірқатар ресми кездесулер өткізеді.
Айнұр Коскина
Пікір қалдыру