Астана маңындағы Патша қорғанынан әйелдердің әшекей заттары табылды

/uploads/thumbnail/20180801103638106_small.jpg

Астана қаласы әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасы  Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің К.Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп мемлекет қорғауындағы Күйгенжар қорғанында қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Институт археологтары екі апта бойы тынымсыз еңбек етіп, зерттеу жұмыстары барысында қорғанның жоғарғы қабатындағы бастапқы жеті қабір ашылып, зерттелген. Археологтар тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандитаты, К. Ақышев атындағы археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның айтуынша, жерлеу рәсімі бойынша зираттар жобамен 15-16 ғғ. жатқызылған.

"Айта кетейік, олар мұсылман дәстүрімен жерленген. Жалпы қорымнан әзірге жеті қабір қазылды. Осы жетеудің ішіндегі екі моладан әшекейлер табылып отыр, біреуін біз әйел адамның қабірі деп отырмыз, оның ішінде қола сырға мен күміс жіп болды. Ал екіншісін бойжеткен қыз баланың қабірі деп топшыладық, себебі табылған неке жүзігі жерленген мәйіттің оң саусағында болды", — деді археологиялық топтың жетекшісі Марал Хабдулина.

Қорған Қарағандыға баратын жолда Күйгенжар шатқалында орналасқан. Қазіргі кезде сақтар қорғанының шетінде қазақ зираты бар. Таспен жабылған қорғанның биіктігі 4 м, диаметрі — 60м. Оның гранит тастары Нұра өзенінің жағасынан алынғаны белгілі.

"Қорымға қарап отырсаңыздар жер қатпарынан да байқалады. Топырақ қабаты сары, қоңыр түсті. Біз осы қорымның нақты қай ғасырға жататынын анықтау үшін төрт бас сүйектің азу тісі мен алдыңғы тістерін алып Италияға, ал антропологиялық сынама жүргізу үшін сүйектерді Алматыға жібереміз. Онда адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін анықтайды", — дейді Марал Хабдулина. 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар