Алматыда Toyota Camry маркілі автокөлік қолды болды. Белгісіз адам аталған шетел көлігін Құрманғазы мен Гагарин көшесінің қиылысындағы үйлердің бірінің ауласынан таңға жуық рұқсатсыз мініп кеткен.
Бұл туралы Алматы арнасы "Куәгер" бағдарламасы хабарлайды. Көлік иесі бұл қылмысқа өзімен бірге уақыт өткізген таныс құрбысы барды деп күдіктеніп отыр. "Ол жеңіл жүрісті қыз. 2 минуттан кейін далаға темекі шегуге шықсам, көлік орнында жоқ. Қарасам, көлік жоғары қарай кетіп бара жатыр. Мен басқа көлікті тоқтатып, артынан қудым. Жүргізушіден телефонын сұрап, достарыма хабарластым", - деді жәбірленуші. Алайда бөтеннің көлігімен әйел алысқа ұзай алған жоқ. Оған келіншектің мас қалпы себеп болуы мүмкін. Азаматша Қарасай батыр мен Әйтиев көшелерінің қиылысында жол-көлік апатын жасап, жиектің жартысын және қоршауды іліп алып кеткен. Жүргізуші бірден бой тасалады. Жедел уәкілдердің айтуынша, оның тұлғасы белгілі болды. Жуық арада күдікті жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылатын болады.