Мұрат Асқароғлы сотта санкция жайлы айтылып жатқанда жылап жіберді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
1985 жылғы ер адамның бетон зауытында жұмыс істейтіні белгілі болды. Үйленген, екі ұлы бар. Осыған дейін сотты болмаған. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы бойынша ("Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру") қылмыс жасады деген күдікке ілініп отыр.
Прокурор Аян Ақбердиев соттан бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамауға алуды сұрады.
Мұрат Асқароғлы өз кезегінде бұлтартпау шарасы ретінде ешқайда кетпеу туралы қолхатты таңдауды сұрады. Осы өтінішінен кейін ол жасаған әрекетіне өкінетінін айтып, жылап жіберді.
"Қылмыстық ауыр екенін ескере отырып, судья бұлтартпау шарасы ретінде екі айға қамауға алу туралы шешім қабылдады. Өтініш қанағаттандырылды", - деді мамандандырылған аудандық тергеу сотының судьясы Марал Жарылғасова.
Ал Мұрат Асқароғлының адвокаты Амангелді Сариев өз кезегінде қорғалушысына қатысты сот-психиатрлық сараптама жүргізуші туралы өтініш айтатынын мәлімдеді.
"Маған құжаттарды берсе, мен от-психиатрлық сараптаманың тағайындалуын өтінемін. Сараптама нәтижесі оң болса, оны заңға сәйкес, мәжбүрлі түрде ем алуға жібереді", - деді адвокат.
Кеше Алматы қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаевтің әкесінің туыстарымен кездескені айтылған еді.
"Мен жиналғандармен өзім жеке сөйлестім. Конструктив диалог болды, сұрақтар қойылды, сұрақтарға расталған жауаптар берілді. Мұрат Асқароғлының туыстары онымен кездескісі келетінін айтты. Оларға бұл мүмкіндік берілді: олар Департаменттің ғимаратында көрісті. Мұрат оларға сол күні не болғанын айтып берді. Сол кездесуден кейін барлығы тарады", - деген еді Алматы қалалық ІІД басшысы Серік Күдебаев.
Полиция өкілдері жиналғандардың тарапынан қоғамдық тәртіп бұзушылық тіркелмегенін айтып өтті.
Сондай-ақ, мұның алдында Алматы денсаулық сақтау басқармасындағылар Шығыс айналма автожолында табылған баланың жағдайын айтып берген болатын. Дәрігерлердің мәліметінше, бүгін баланың жағдайында оң өзгеріс байқалған.
Еске сала кетейік, осыған дейін Алматыдағы Шығыс айналма автожолында ессіз күйде табылған 4 жасар Мұхамад Асқароғлыны өз әкесі таспен ұрғаны анықталған еді. Баланың әкесі Мұрат Асқароғлы бұл қылмысты өзі жасағанын мойындап, мас күйде болғанын айтқан болатын.
Пікір қалдыру