20 наурыз. Qamshy.kz - Қазақстан Респубилкасындағы барлық билік басында отырғандарға Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру міндеттелуі тиіс, - деп есептейді белгілі заңгер Алмас Жұмағали.
"ҚР Президенттігіне үміткерлерге мемлекеттік тілден сынақ тапсыру міндеттелген. Алайда Үкімет басындағылар, министрлер, генералдар мен прокурорлар, конституциялық кеңес мүшелері мен қос палата спикерлері мемлекеттік тілден емтихан тапсырмайды. Бұл өз кезегінде мемлекет басшысына қосымша сынақтар жүктелгендігін көрсетеді. Ал басқа жоғары мәнсапты шенеуніктер мұндай сынақ тапсырмайды. Демек, оларға мемлекеттік тілден жеңілдік берілген. Олардан ешкім сынақ алмайды. Олардың мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергенін ешкім бақылап отырған жоқ",- дейді заңгер Алмас Жұмағали.
Заңгердің айтуынша, Қазақстаннан басқа бірде-бір мемлекеттің тәжірбиесінде Президенттікке үміткерлерден мемлекеттік тілден сынақ қабылдау деген атымен жоқ екен.
"Мысалы, Премьер-министр Кәрім Мәсімов бірнеше ЖОО-ның бітірген, ғылым докторы, ағылшын, қытай, араб тілдерін еркін меңгерген. Бірақ, Ол және Ол басқарып отырған Үкіметтегілер ҚР мемлекеттік тілі-қазақ тіліне келгенде шорқақ. Егер бірінші сыныптың оқушысы бір минутта қазақ тілінде 60 сөз оқыса, оған төмен баға қойылады. Ал бірнеше ЖОО бітірген, ғылым докторы бір минуттың ішінде қазақ тілінде 60 сөзді оқи алмаса, оны Премьер-министр етіп тағайындайды. Осы қаншалықты дұрыс",-дейді Алмас Жұмағали мырза.
Шынымен де, мемлекеттік тілге шорқақ шенділердің "мемлекеттік тіл - қазақ тілін" қаншалықты меңгергенін қадағалайтын жанның табылмағаны ма?
Осыған дейін Ұлттық банктің бұрынғы басшысы болған Г. Марченко журналистерге "ал, не істеп аласың" дегендей емеурін танытып, "қазақ тілін үйреніп жүрген жоқпын" деп доқ көрсеткені әлі күнге естеріңізде болар.
"SkifNews.kz" интернет-газетіне берген сұхбатында заңгер Алмас Жұмағали ҚР қазіргі СІМ Ерлан Ыдырысовтың да мемлекеттік тілді білмейтінін сынға алған.
"Қазақ елінің имиджін қалыптастыратын министрліктің басшысы Ерлан Ыдырысов "миымды ауыстырмаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын" деген болатын. Сонда Мемлекеттің тілін міндетті түрде білу аса жоғары мәртебелі қызметкерлерге қойылатын талаптардың қатарында жоқ па? Сонда оларға Президенттен артық құқық берілген бе?",- дейді Алмас Жұмағали.
Нұрзат Тоғжан