22 наурыз. Астана. Qamshy.kz –Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесіне орай Астана қаласында «Ансар круиз» компаниясы қажыларға арнайы мерекелік дастархан жайды.

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Әли-Ғимран» 97-аятында; «Мұнда келуге шамасы келген адамның бәрі Алла үшін сол үйге (Қағбаға) қажылық жасауға міндетті»,-дейді. Сондықтан да қажылық – қасиетті бес парыздың бірі. Яғни, дәулеті жеткен мұсылмандардың міндеті. Бүгін, Елордамыздағы «Сұңқар» мейрамханасында, қажылық парызын өтеуші отандастарымызға көп жылдан бері қызмет жасап келген, «Ансар круиз» қажылық компаниясының басшысы Нұржамал Тащанова апамыздың бастамасымен, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қажылар наурыз дастарханында бас қосты. Мерекелік дастарханға әр жылдары Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Жамбыл, Қостанай, т.б облыстардан қасиетті Мекке мен Медина қалаларына болып қажылық парызын атқарған 200-ге жуық қажылар жиналды.

Әуелі, мерекелік дастархан жайып, игі іс-шараның ұйымдастырылуына түрткі болған, «Ансар круз» қажылық компаниясының басшысы Нұржамал Тащанова қасиетті парыз болған қажылықтың мән-маңызына тоқталып, жиналған қажыларды мен барлық қазақстандықтарды самарқанның көк тасы жібіген әз наурыз мерекесімен құттықтады. Осыдан кейін еліміздің әрбір облыстарынан келген қажылар құттықтау сөздері сөйлеп, мерекелік көңіл-күйлерімен бөлісіп, Нұржамал апайға деген ыстық ықыластарымен бөлісті. Дастархан барысында тағылымды діни әдебиеттер таратылып, «Ансар курз» компаниясының 2014 ж. акбар қажылықтағы Мекке-Медина қалаларындағы қажылық сапарының арнаулы дискісі берілді.
Оразбек САПАРХАН