24 наурыз. Qamshy.kz - Бүгін "Germanwings" әуе компаниясына тиесілі А320 ұшағы Францияның Альпы тауында апатқа ұшырады. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, Барселонадан - Дюссельдорфқа бағыт алған ұшақтың бортында 154 адам болған. Сондай-ақ, 6 экипаж мүшесі бар.
Аталмыш апатқа қатысты Франция президенті Француа Олланд: "Әзірге ұшақта болғандар туралы нақты ақпараттар дайын емес. Алдын ала болжамдар бойынша ұшақ апатынан тірі қалғандар болмауы мүмкін. " Germanwings " компаниясына тиесілі ұшақтың бортында Германия азаматтары көп болған. Сондай-ақ, 45 жолаушы Испания азаматы деп танылған",- деп мәлімдеді.
Ал ұшақ апатына байланысты Германия канцлері Ангела Меркел бүгінге жоспарланған барлық шараларды кейінге шегерген.
Сонымен қатар, апатқа ұшыраған А320 аэробусының іздестіру жұмыстарына РФ төненше жағдайлар министрлігі араласуға ниет білдірген. Қазірдің өзінде РФ 50-ге жуық халықаралық класстағы, арнайы апльпинистикаға дайындалған, мамандандырылған құтқарушыларды жібермекші.
Ал Дюссельдорф әуе жайындағылар қаза болғандар мен ұшақта болғандардың нақты санын білмейтіндіктерін хабарлаған.
Апатқа ұшыраған "Germanwings" әуе компаниясы әйгілі германиялық "Lufthansa" компаниясына тиесілі болған. "Lufthansa" компаниясының басқарма төрағасы Карсен Шпор ұшақ апатына қатысты мәлімет беруден бас тартқан. "4U 9525 рейсі бойынша Барселонадан Дюссельдорфқа бағыт алған А320 ұшағына қатысты нақты ақпарат бере алмаймын. Егер біздің болжамымыз тура келетін болса, бұл біз үшін қаралы күн болмақ. Апаттан тірі қалғандар бар деп үміттенейік",-деді Шпор.
Қазірге белгілі болғандай ұшақта Франция, Испания, Ресей және Германия азаматтары болған. Апатқа ұшыраған ұшақтан тірі қалғандарды іздестіру жұмыстарына Германия, Франция және Ресей құтқарушылары жұмылдырылған.
Әзірге неміс және ресейлік ақпарат құралдары апатқа ұшыраған ұшақ суретін жариялап отыр.
Нұргелді Әбдіғаниұлы

