Астана Ресейден Қытайға тасмалданатын көгілдір отын транзитін Қазақстан территориясы арқылы өткізуді ұсынды. Бұл туралы "Қамшы" порталы "Коммерсантқа" сілтеме жасай отырып хабарлайды. "ҚазМұнайГаз" басшысы Сауат Мыңбаев Ресейден Қытайға тасымалданатын газды трубаны Қазақстан Республикасы территориясы арқылы өткізудің жолдарын көрсетті. Мыңбаевтың айтуынша, бұл үшін қазіргі таңдағы Ресейден Қазақстанның оңтүстігіне көгілдір отын тасымалданатын "Бұқара - Орал" және "Бозой - Шымкент" магистральлін қолдану тиімдірек болмақ. Себебі, бұлар "Орта Азия - Қытай" газ трубаларына қосылған. Ал бұл арқылы қазір Түркіменстаннан Қытайға көгілдір отын тасымалдануда. "Қазіргі таңда "Бозой - Шымкент" көгілдір отын тасымалдау магистральдері аса ірі көлемде газ тасымалдауға жарамсыз. Себебі, аталмыш трубалардың қысымы төмен. Алайда Қазақстаннан Орта Азия және Қытайға газ тасымалдау үшін "Бозой - Шымкент трубаларының қуаттылығын компрессорлық станциялар есебінен 2,5 миллиардтан 10 миллиард кубметрге дейін арттыруға болады. Қазір осы мәселе талқылануда. Мақұлдануы бек мүмкін бұл жоба қолға алынса, ешқандай да жаңа трубалар емес, бұрынғы жолдар, яғни, Қазақстан аумағы арқылы еркін тасымалдауға мүмкіндіктер туады. Алдағы уақытта Ресей газын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау үшін біз аталмыш бағытта шағын компрессорлық станциялар орнатудамыз. ",- дейді "ҚазМұнайГаз" басшысы Сауат Мыңбаев. Қазақстанның көтерген бастамасына қатысты ресейлік "Газпром" қандай да бір мәлімдеме берген жоқ. Алайда бұл бастама Ресей үшін тиімсіз болуы мүмкін. Ресейлік және қытайлық сарапшылар газ тасымалдау ісіне Қазақстанның траниттік зона ретінде араласуына қарсы екендерін білдірген. Еске түсіре кетейік, жақында "Газпром" ресми түрде Пекинмен "Сила Сибири" көгілдір отын тасымалдау магистралінің құрылысын бастау туралы келісімге келген еді. Аталмыш құрылыс нәтежиесінде Ресей газы батыс бағыт, Алтай арқылы тікелей Қытайға жеткізілетін еді. Ал былтырғы жылдың жазында Астана аталмыш бағыттағы газ трубасының құрылысын Астанадан оңтүстікке қарай, Қорғас бекеті арқылы Қытайға тасымалдауды ұсынған болатын.
Нұргелді Әбдіғаниұлы