Жуырда қазақтың халық жаузышысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановқа Әзербайжан Республикасы тағайындаған Түркі әлемінің халықаралық Махмұт Қашқари сыйлығы табыс етілді. Бұл туралы "Қамшы" порталы хабарлайды.
Ақын Мұхтар Шаханов Әзірбайжан Астанасы Бакуде өткен жиын барысында қоғамдағы, әлемдегі ең өзекті мәселелер жайлы сөз еткен. Мысалы, ағайындылардың бір-біріне үйленуі, гендік тазалықтың бұзылуы, адамды рухани биіктікке көтеретін құндылықтардың арбаның бесінші дөңгелегіне айналып бара жатқандығы, арзанқол дүниелердің "шедевр" болып есептеліп, шын талантардың тасада қурап жатқандығы, әлем халықтарының тұрмыстық-материалдық сана билеп, руханиаттың кейінгі қатарға ысырылып бара жатқандығы секілді бірқатар тақырыптар қаузалған.
Қазақ ақынының әзірбайжандық оқырмандарының арнайы сұрауы бойынша, ӘР телеарналары Мұхтар Шахановқа арналған қос бірдей бағдарлама түсірген.
Сондай-ақ, Түркі әлемі зиялылар одағының төрағасы Мұхтар Шаханов одақтың тағы бір бөлімшесін Әзірбайжан Астанасы Баку қаласында ашты. Одақтың Бакудегі бөлімше басшысы болып Әзірбайжан Республикасы парламентінің депутаты, ақын Сабыр Рүстемханлы тағайындалды.
Естеріңізде болса, жуырда Пәкістан Ислам Республикасы (ПИР) президенті қазақ ақыны Мұхтар Шахановқа күллі мұсылман әлемінің жоғарғы сыйлығын табыстаған болатын. Міне, арада ай өтпей жатып, тағы бір беделді марапатты әзірбайжандық бауырлар табыстап отыр.
Нұрзат Тоғжан