Ақтөбелік шенеуніктер оқушыларға әліппе тауып бере алмай әлекке түсіп жатыр. Білім бөліміндегілер бірінші сыныпқа баратын оқушының санынан шатасып, баспаханаға дұрыс тапсырыс бермеген. Соның салдарынан мектеп табалдырығын енді аттаған балалардың жартысында бір айдан бері оқулық жоқ деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасының дерегіне сүйеніп.
«Қала шетіндегі мектептің бірінші сынып оқушылары бір айдан бері әлі әліппенің бетін ашпаған. Тегін таратылатын оқулық бұларға жетпей қалыпты. Математика мен сауат ашу оқулығы да жоқ», - дейді тұрғын Гүлбахрам Елбаева.
Оқулықтың жоқтығынан мұғалімдер де қиналып кеткен. Өткен сабағының тапсырмасын суретке түсіріп, ата-аналарға ұялы телефон арқылы тартуға мәжбүр. Одан қалды көшірме жасайды.
Қазір тек бір мектептің емес, қаладағы бірінші сыныпқа баратын мың жарым оқушының оқулығы жоқ. Шенеуніктер бала санынан «шатастық» деп отыр. Өйткені, Білім министрлігі биыл алты жасқа толмаған бүлдіршіндерге де сабаққа келуге рұқсат берген. Сондықтан мектеп табалдырығын жаңа аттаған шәкірттердің саны көбейіп, кітап жетпей қалыпты.
«Біз тоғыз мыңдай бала алғаш партаға отырады деп жоспарлаған едік. Енді Білім министрлігінің бұйрығынан кейін тағы мың жарым бала қосылды. Сол себепті кітап жетпей қалды», - дейді Білім бөлімі басшысының орынбасары Дина Халетова.
Бірінші сынып оқушыларына жетпей қалған оқулыққа жергілікті бюджеттен шұғыл түрде 100 миллион теңге бөлініпті. Бірақ ол ақшаға қашан кітап жеткізетіні әзір белгісіз. Ал тамыз мәслихатында білім саласына жауапты шенеуніктер аймақтағы барлық оқушыны тегін оқулықпен толық қамтыдық деген еді.
Пікір қалдыру