Биыл алғаш рет «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» атты байқау өз мәресіне жетті. Байқауға еліміз бойынша 300-ден астам жоба қатысты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова мен Парламент депутаттары, үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) өкілдері әрі бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
«Мейірімге ғана мұқтажбын...». Қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынованың «Жетімнің монологы» деген өлеңіндегі осы жолдар баршамызға жақсы таныс. Кейде бұл сөздер сол бір жетім баланың ғана емес, бүкіл адамзаттың атынан айтылып тұрғандай әсер қалдырады. Себебі даму жолында үлкен жылдамдықпен алға қарай жүйткіп келе жатқан бүгінгі әлемде шын мәнінде мейірім мен мейірбандылық жетіспей жатқанын көріп жүрміз.
Қуанышымызға орай, біздің арамызда жүректеріне мейірім ұялаған жандар емес. Оған кеше ғана мәресіне жеткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде тағы бір мәрте көз жеткіздік», - деп жазды «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында.
Байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік мән зор. Біріншіден, байқау белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдарға әрі жеке азаматтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік береді, екіншіден, әлгі жеке ұйымдар мен азаматтарды көпшілікке үлгі-өнеге етіп көрсетуге жол ашады. Әшімбаевтың айтуынша, дәл осы себепті «Нұр Отан» партиясы байқауға белсене атсалысқан. Әрі байқаудың жалпыұлттық деңгейге көтерілуіне айтарлықтай үлес қосып отыр.
«Осы ретте байқауға қатысқан барлық жобаның жеңіске лайықты болғанын айтқым келеді. Олардың әрқайсысы қоғамдағы өзекті мәселелерді қамтыған. Мәселен, жеңіске жеткен Рәсима Темербаеваның бастамасы шын мәнінде үлкен жүрек пен мейірімді қажет етеді. Аталған жоба бойынша соңғы үш жылда 60 мыңнан астам түскі ас тегін таратылған. Бұл жүректерге мейірім шуағын шашатын ізгі амал екені сөзсіз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, 1-орынды «Зейнеткерлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева алды. «Бұл – барлық қайырымды жанның жемісі», - деді жеңімпаз өз сөзінде. Ал екінші орынды «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов және «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов алды. Әншінің ұлының есту қабілеті төмен болғандықтан ем іздеп әлем шарлаған. Тиісті операция сәтті өткендіктен баласы бүгін де жаза да, оқи да алады. Мұндайды басынан өткерген Кенжебек Жанәбіловтің өзі де басқа ата-аналарға көмектесуді мақсат етеді. Сөйтіп «Ел назы» атты жобасын жасап шығарады.
3-орынды «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен Маржан Мәдиева және Сәния Арапова иемденді. Маңғыстаулық арулар «Үміт сәулесі» атты авторлық телебағдарламалар арқылы соңғы 11 жылда талай жанға көмек қолын созып келеді. Әсіресе, жалғыз қалған қариялар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға осы бағдарламаның арқасында тығырықтан шығар жол табуға көмектескен.
Бұдан бөлек дауыс беру нәтижесі бойынша арнайы сыйлықтар табысталды.
«Қазіргі таңда ізгілік пен мейірімнің дәнегін сеуіп жүрген осындай жобаларды кеңінен дәріптеудің берері мол. Сондықтан партиямыз алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. Себебі, құрмет, ізгілік, қамқорлық сияқты адами қасиеттерге негізделген мұндай жобалардың маңызы қашанда жоғары. Өйткені, әлемді мейірім құтқарады. Сондықтан әрқайсымыз қасымызда жүрген жанға мейірім сыйлап, осы бір асыл қасиеттің аясын кеңейтуге атсалысайық», - деп сөзін қорытындылады Мәулен Әшімбаев.
Пікір қалдыру