Білім күнінде қазақстандық оқушылардың қуанышында шек болмады. Себебі аймақ бойынша бірнеше мектеп қатар-қатар ашылып, тұсаукесер рәсімі өтіп жатыр. Бүгін Жамбыл өңірінде 9 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, бұған дейін үш ауысымда жұмыс істеп келген 3 мектеп пен 3 апатты жағдайдағы мектептің мәселелері толық шешілді.
Облыс орталығында жаңадан салынған «Байтерек» ықшамауданы тұрғындары мектептің ашылуын тағатсыздана күткен еді. Айта кетерлігі аталмыш аймақтың оқушылары қаладағы басқа мектептерге барып оқыған. Енді жаңа оқу жылы қуанышты жаңалықпен басталып, 1200 оқушыға арналған мектеп-лицейі ашылды. Айта кету керек, бас мердігері «Тараз құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болған аталмыш мектеп «Нұрлы жол» мемлекеттік ағдарламасымен салынған. Жалпы ауданы 1920 шаршы метрді құрайды.
Тағы бір мектеп «Шөлдала» иінінде №59 орта мектебі ашылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бой көтерген бұл мектеп 900 оқушыға арналған.
Облыс орталығынан алыс орналасқан Қордау ауданында да 2 мектептің тұсаукесері өтті. Соғанды ауылы мен Көктөбе ауылындағы мектептің сыйымдылығы 50 орынды құрап отыр. Бұл мектептер облыстық бюджеттің тарапынан қаржыландырылған.
Меркі ауданы Тескентоған ауылының оқушылары да Білім күні мерекесін жаңа мектепке қарсы алды. Жаңадан ашылған мектеп 150 оқушыға арналып салынған.
Талдықорғанда қос бірдей мектептің ашылу салтанаты Білім күні мерекесімен тұспа тұс келді. Аталмыш шараға облыс әкімі Амандық Батталов та қатысып, сөз сөйледі.
«Бүгін өңірімізде 45 мыңға жуық бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отыр. Кей аудандардың өзінде 45 мыңға жуық халық тұрады. Осыған қарап, біз бүгін мектепке тұтас бір аудан тұрғындары келді деп айтуға да болады. Бұл өте қуанышты жағдай. Еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында ұлтымыз өркендеп, ұрпақ санының артып келе жатқандығының көрінісі – бұл. Біз өз тарапымыздан облыстағы балалардың жақсы, сапалы түрде білім алуына жағдай жасауға тиіспіз. Міне, жаңа оқу жылында 7 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Сонымен бірге 22 оқу ғимаратын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 6,8 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Ал Жетісуда мектеп салуғ ісі жалғаса береді. Тағы бір айта кетерлігі жылдың соңында 2 мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілетін болады», деді Амандық Баталов.
Пікір қалдыру