Шыңғыс ханның шындығы

/uploads/thumbnail/20181102113655504_small.jpg

Қазақ хандарының тегі мен тектілігін Шыңғысхан нан іздесек, көптеген адамдар өз тамырымызды өзгеден іздегендей тосырқай қарауы мүмкін. Дауы мен таласы көп осы тақырыптың тереңіне бармай-ақ, қолымызға іліккен, ойымызға оралған сарабдал ойларға жүгінсек те, біраз шындықтың беті ашылады.

Тіпті құлақ естігенді емес көз көрген тарихқа жүгінсек, Шотаман Уәлиханов және оның немере атасы Шоқан Уәлихановтың тегі мен тектілігі хақында да біраз әңгіме қозғауға болар еді. Өзім көз көргендерден Әбілпейіздің шөбересі Шәріпхан Көгедаевтың шәкірттігінде болған талай қартпен кеңесіп едім. Шәріпхан десе екі қолын төбесіне қоя хан көтеретін сол қариялар асыл бекзадасына шаң жуытпайтын. Сондағы көп әңгіменің бірінде Шәріпханның «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарып тұрған бір кезінде ауылда бір той болып, Шәріпхан жоқта тұс-тұстан ерулік, тойлық, көрімдік деп көп мал жиналған көрінеді. Сырттан келген Шәріпхан өзінде жоқ көп малдың қайдан келгенін тектеп, дереу аталған ұйымның қазынашысын шақырып, малды соларға өткізіпті десетін. Сол қара көктің тұқымын Шың Шысай аяусыз ұрып-соғып бас идіре алмағанда, дөрекі тергеушінің бірі сүйегіне тиетін ащы сөздермен тілдесе керек. Етіне таяқ тигеніне мыңқ етпеген сабаз қорлаған сайқы мазаққа төзбей, тергеушіні қолындағы кісенмен ұрып жығыпты. Өзін жаулар сол 1943 жылы Үрімжіде кескілеп өлтірді.

Бұл мысалдарды неге шұбырта жөнелдік. Көз көргендей болған осы хикаялардың астарында не бар. Шәріпханды халқы алдында хан көтерген тектілік сыры қайда жатыр? – міне, мұның бәрі біз сөз өткелі отырған «алтын әулеттердің» бастауындағы Шыңғыс хан заманынан бұрын және кейінгілер арқылы жалғасқан таза қандылық, тектілік арқауы. Шыңғыс ханды моңғол деп бізден алыстатпай-ақ, ұлттық бөгенайымыз айқын аңғарылмаған тұстағы түркі жұртының көсем, қолбасшысы деп тануымыз лазым. Оның қарапайым мысалын Мағжан Жұмабаевтың мына өлеңінен байқаймыз:

Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер.

Шыңғыстай арыстанның құр аты да,

Адамның жүрегіне жігер берер.

 Ендеше, Шыңғыс ханның артына қалдырған ғақылиялары мен өсиеттеріне жүгіне отырып, ойымызды одан ары өрбітейік.

 

Әлем халықтарын сүю идеясы

 

Шыңғыс ханның әлемге соғыс ашуы тек қана жер бетінің қожасына айналу ма? Әлде «адамзаттың бәрін сүй бауырым» дегендей, дүниеге ортақ «коммунизим» орнатпақшы болып, халықтар бірлігінің ортақ мұратын ойлады ма? Әрине, тамыры терең талай сыр бар. Түркілік одақтықты ыдырату пиғылымен қараушылардың кез-келгені бізді бір-бірімізге жау қойып, Шыңғыс ханды тек қана «шапқыншы, жауыз» көрсеткісі келді. Сайын далада жасаған бір тұтас ағайынды халықты тайпалық, ұлттық текке бөлді.

Ал, өзі не дейді?

 

Дүниежүзін орнықтырамын десең,

Дүйім жұрттың басын қос.

Әлемнің халқын ынтымақтастырамын десең,

Әуелі олардың көңілі мен сенімін тап.

   ***

Шығыстан батысқа дейін,

Мұнша жұртты биледім.

Қаны бөлекті бауырластырдым,

Жаны бөлектің басын қостым...

    ***

Бүгінге дейін менің естуімше үш мың қылмыс кінәнің ең ауыры қайырымсыздық екен.

   ***

Қатыгез емес, әділ шыншыл, турашыл адал, білікті, ақыл парасатты адамға құрмет көрсете білу керек.

   ***

Бір адам туып түмен жұртты орнықтырса, адамзаттың барлығына шарапат. Осылай істесе, көктегі тәңірге, жердегі адамға абырой.

   ***

Хан адам тек билік ұстаушы ғана емес, халықтың ата-анасы, олардың бірлігін сақтаушы, ой санасын бір арнаға түсіріп, біріктірушісі болмақ.

    ***

Аққу құстай жиналып,

Адамның барлығы жырғаса деймін.

Өтірікшінің сөзіне алданып,

Бос сөзге мас болмаса деймін.

Ақ құтандай жиналып,

Адамның барлығы жырғаса деймін.

Қырт адамның сөзіне сеніп,

Қырғын соғыста өлмесе деймін!

   ***

Дүниедегі ғаділдікті тілеу,

Әр адамның ұлы арманы.

Дүниедегі жамандықтан жирену,

Әр адамның өзінше қорғаны.

   ***

Дүниежүзі бір жанұядай тынышталып, бейбіт өмір орнаса, менің жаным жай табар еді.

   ***

Менің ақылгөй ғалымдарды шақырып, талантты талаптыларға сүйенуге құмартуым дүниежүзін тыныш орнықтыру үшін еді.

 

Міне, көріп отырғанмыздай Шыңғыс хан ешқашан «басқа халықты жаула, қанын судай ағыз, тоздыр» деген секілді сөздерге бармайды. Жер бетіне әділдік, тыныштық орнатуды армандайды. Және де мұны тектен-текке айта салмайды. «Мен жалғыз ауыз сөзді ағат айтсам, бүкіл елді бұзады. Жалғыз ауыз сөз болса да, жалған айтпауға тырысамын» – деп, «хан екі сөйлесе қара болады, қара екі сөйлесе қатын болады» деген қағиданы ұстанады. Олай болса біз көріп өткен сөз басындағы жарқын мысалдардың түп-төркінінің қайда жатқанын аңғару қиын емес. «Бүкіл дүниежүзі пролетариаттары бірігіңдер!» деген Ленин жарықтықтың сөзінде қаншама жыл қатық қылдық.  Ал Шыңғысхан болса аталарымыздың атасы, түркі-қазақ жұртының жиһангер баһадүрі емес пе!?

 

Мемлекетшілдік идеясы

 

Бүгіндері жалпақ жаһанға машһүрміз деп шіренген қытайлар өз тарихына: «Жұңгоны (Қытай елін) бірлікке келтірген Юан патшалығы (Құбылай патшалығы)» деп алтын әріппен жазып қойды. Ал бізде, Шыңғыс хан десе, моңғол десе тап бір солар оянып кетіп мемлекет билігін тартып алатындай үрке қараймыз. Бүгінгі қазақ мемлекетінің шығу төркіні Шыңғыс құрған қуатты елден басталатынын мойындасақ, онда оның мемлекетшілік идеясы біздің де барар бағыт, жүрер жолымызды көрсете алады. Ежелгі һұн дәуірінің түркілер арқылы жалғасқан мемлекеттік құрылымы, кемелді заңы болғанын еске алсақ, сол арқауды Шыңғыс хан бізге жалғады. «Бұрынғының сөзі – мұра, ескінің жосыны – заң» деп, өзінен бұрынғыны жәй ғана жалғап қойған жоқ – өз мемлекетін басқару тізімін орнатып, атқарушы органдардың басқару жүйесін қатаң бақылауға алып отырды.

Шыңғыс ханның Жошыға айтқан ақылында:

 

Бөлім жұртты басқара алмасаң,

Бөлек ел бола алмайсың.

Ас тағам дайындаушы аспаз,

Алқа топқа жеткізуге міндетті.

Ұлы елді тең басқару,

Асты алаламай жеткізумен бірдей, – дегені, әрине, бізді меңзегені емес пе!?

Тағы да ары қарай қарап көрейік:

 

Өз тәнім талықса да,

Ұлы мемлекетім қалжырамасын.

Бүкіл денем шалдықса да,

Бүтін елім бүлінбесін!

Өз тәнім талықса талықсын,

Ұлы мемлекетім құламасын.

Бүкіл денем қиналса қиналсын,

Бүтін елім қиналмасын!

   ***

Қалың елді басқара алмасаң,

Қандас ағайын бола алмайсың.

Ұлы елді басқару жосыны,

Ұлыстың қамын ойлап,

Көптің көңілінен шығып,

Артыңнан ерте білуіңде.

   ***

Келешекте 500,1000,10000 жыл өтсе де дүниеге келіп билік ұстайтын ұрпақтарым қайсы елге де жол-жоралғы бола алатын «Үш жарғы» заңын бұлжытпай орындасаңдар, сол елді мәңгілік тәңір қолдап, олар әрқашанда қуаныш жырғаулы, бақытты болмақ.

   ***

Мәртебелі нояндар! Туыс-туғандарыңа ғана қол ұшын беріп, бөгде адамдарды шеттетсеңдер, байлық-дәулеттеріңе сараңдық істеп, үкіметтік дүниені жымқырсаңдар, онда жалған жолға түсіп, ұрлық-қарлыққа салынғанмен тең. Сондай қылықтан мемлекет құлап, жауға жеңілесіңдер. Мұндай жат пиғылға жол бермеңдер!

   ***

Ұлысыңды құтқарамын десең,

Ұлтыңды құтқар.

Ұлтыңды құтқарамын десең,

Рухыңды құтқар.

   ***

Жасанды жалған жосын көбейсе, қара халықтың үні ханына жетпей, залым сайд санаттары бас пайдасын ойлап, мемлекетті ойрандайды.

***

Мемлекеттік жосынды,

Білікті биден сұра.

Білмейтін нәрсеңді,

Ақылгөй ақсақалдан сұра.

   ***

Мемлекеттік жол-жосынды байсалды әділ орындаса көпке қадірлі болмақ. Түзу жүрсе жақсы атағы жайылып, көрер көз, естір құлаққа жағымды болмақ.

***

Келешек ұрпақтарым!

Шынайы көңілдің әмірімен,

Ел үшін аянбай еңбек етіп,

Ұлы мемлекет құрсаңдар;

Ат атақтарыңды сақтап,

Аттарың жақсы жария болса;

Мен өлсемде рухым өлмей,

Аруағым сендерді жебейтін болады!

 ***

Мәңгілік тәңірінің жебеуі, бабалар аруағының қолдауымен ұрпағым үшін ұланғайыр елді орнаттым. Оның орталығынан төрт құбыласына дейін бір жылдық жер. Енді, сендер үшін ынтымақ берекелі болуды ғана өсиет еттім.

Осы сөздерден Шыңғыс ханның өз мемлекетін құру жолындағы қиындығы мен оны жан-тәнімен қорғау идеясы анық аңғарылады. Мемлекетшілдік және оны ұрпақтан-ұрпаққа аманаттау арқылы халықтың алаңсыз өмір сүру идеясының маңыздылығы қайта-қайта қадағаланып отырады. Демек, ханның қара басын емес, халқын, мемлекетін сүю идеясы  шынайы сүйіспеншілікпен бейнеленгені анық.  

 

Хан және ел басқару хақында

 

Хан деген кім, оның халық алдындағы міндеті не дегенді Шыңғыс әулеті атадан балаға алтын арқау, бұлжымас заң ретінде жалғап отырады. Тағы да ханның өзін тыңдайық:

 

Менің хан тағыма ұрпағымнан кім мұрагер болса да жақсылыққа жақсылық істейтін болсын.

   ***

Ханы ақылды елде,

Қарасы тыныш табады.

Жартасты жерде,

Ешкі тыныш табады.

***

Хан жырғаулы болса,

Мемлекетінің қуаттылығынан.

Қара жырғаулы болса,

Ханының қуаттылығынан.

Ханым жырғаулы болса,

Ерінің ақылдылығынан.

Халық жырғаулы болса,

Ынтымақ бірлігінен.

   ***

Ақылды ханның елі,

Қараңғыда адаспайды.

Ақылсыздың ауылы,

Ашық күнде адасады.

***

Өз басың әділ болса,

жарлықсыз-ақ іс бітер.

Өз басың әділетсіз болса,

Өрге сүйресең де,

Өзге жұрт артыңнан ермес.

***

Кеше мәртебелі таққа отырып,

Бүгін ұлыстың тағдырын ұмытып,

Қара басыңның қамын ойласаң,

Бүгінгі елдік жосынға жат,

Ертеңгі ұрпақтан ұят.

***

Хан адам қараменен тең емес,

Көрінгенмен жарбаңдасып,

Күлкі болу жөн емес.

***

Білім мен жарлықты, қайырымдылық пен айбатты ұштастыра білген шақта әлемді иелене аласың.

***

Талпыныс, күресті бағалай білмеген қараңғы ханның алдында бас июдің қажеті жоқ.

***

Өзімшіл хан, нояндар,

Өз жерінде ғана сыйлы.

Терең ойлы адамдар,

Қайда жүрсе де сыйлы.

***

Ұлы ұлыс еліңді,

Ұлағатты басқар.

Ел мақтар атағыңды,

Басынан бастап ескер.

***

Хан сарайындағы орынсыз шалқып тасу ұрпақтардың тәрбиесін бұзып, бақталас араздыққа, көрсеқызар дүниеқоңыздыққа соқтырады.

***

Жан тыныштықты ойлаған,

Жан рахатына бөленген,

Жандайшаптың сөзіне еріп,

Жалған мадаққа марсиған Ел иесі,

Жасына жетпей алжасып, ынжық болады.

***

Жарғыны хан шығарып, уәзірлер жариялайды,

Жарғыны иханнан қараға дейін жүзеге асырады.

Жарлық қатты болса, оның иесі де орындасын,

Жарғышының жариясын кім болса да бұлжытпасын.

***

Хан адам тек билік ұстаушы ғана емес, халықтың ата-анасы, олардың бірлігін сақтаушы, ой санасын бір арнаға түсіріп, біріктірушісі болмақ.

***

Хан адам,

Қараның қылығын көрсетсе,

Қауымды елінен айрылады.

Қара адам,

Хан боламын десе,

Қара басынан айрылады.

***

Хан адамның қылығы,

Майдан қылшық суырғандай,

Тап-таза болса,

Әр сөзі әділ болса,

Хандық деген сол болмақ.

***

Хан адамның ұлы елі,

Ұлылыққа тоқтайды.

Халықтың адал ниеті,

Қараңғыда адастырмайды.

 

Шыңғыс ханның жер бетіндегі атақты хандардың бірі және бірегейі болғанын ескерсек, оның хан туралы, ханның әділетті болмағы туралы айтқандары әкенің балаға айтар өнегелі өсиеттерінің биігі саналады. Және де ол бұл сөздерді аузымен ғана айтып қойған жоқ, қолымен істеді. Тірісінде аспанның тіреуіндей тіректі ханға айналып, атағы жер жаһанға жетті.

 

Заң-түзім және тәртіпке бойұсыну жайында

 

Шыңғыс хан дәуірінде мемлекеттің ішкі басқару тәртібі ерекше болған. Кейбір зерттеушілер айтқандай онда «жабайылық», «қаныпезерлік», «дүниені жаулау арам пиғылы» болмаған. Жер бетінің барлық адамына, барлық хандарына ортақ тәртіп орнатып, халық бір атаның баласындай алаңсыз өмір сүрсе екен деген аталық пиғыл болды. Сол себепті де оның заңы барынша қатал, нағыз шындық пен кемел тәртіпке құрылды. Көрелік:

Құр кеуде құмарлыққа салынба,

Тәртіп, жосыннан айрылма.

«Ай» дейтін ажаң болсын,

«Қой» дейтін қожаң болсын.

***

Жандайшап, мейірімсіз, қайырымы жоқ, бассыз, баусыз жаннан жиреніп, қылмыскерді аяусыз жазаласаң, қарапайым халқыңды жырғаулы ете аласың.

***

Жарлықты орындай алмаған ондықтың басшысын дереу босатып, сол ондық ішінен басқа адамды таңдау керек. Қандай бір жарлық әмірді бұйырғанда міндетті түрде үш адамның пікірі тоғысқан болуы керек.

***

Ұры, зорлықшылар тер төкпей, басқаның тапқан малын пайда көреді. Қара қарғадай ұры, бұзақыларды жермен жексен етіп таптау керек.

***

Көріп білмей тұра,

Көрдім деп айғақ болып.

Шындыққа қиянат жасаушыны,

Шыбын жанын аямай жазала!

***

От, дастархан, ыдыс-аяқтан аттап, судың көзіне шомылып, кір жуған, күл мен суға сиіп, мәңгілік тәңірді шамдандырған адамды қатал жазалаңдар!

***

Өз арын таза сақтаған адам,

Өз елінде ұрлықтан тазша сақтайды.

***

Ұл, қызы ата-аансын сыйламаса,

Бауыры ағасын қадірлемесе,

Әйелі ерінің сөзін естімесе,

Қосшысы басшы сөзін орындамаса,

Оларды қатаң жазалаңдар!

***

Алым-салық бар жерде,

Мемлекет бар.

Мемлекет бар жерде,

Алым-салық бар.

 ***

Жер – елдің тұрағы. Менің елімнің жерінен құдай сұраса да беруші болмаңдар! Жер байлығын жат елге бергенді ешбір кешірімсіз жазалаңдар!

***

Ұрлық істеп, тонаушы болған адамды сұраусыз жазала!

***

Иесіне қастық істегенді аяма. Кім деп ойлап онымен жақындасасың! Мұндай адамды түп-тұқиянымен құрт.

***

Егер менің ұрпақтарым «Ұлы Яса» заңын бұзса, ақыл айтыңдар. Екінші рет бұзса, жазалаңдар. Үшінші рет бұзса, алысқа жер аударылсын. Қайта оралғанда ойына бір нәрсе түсер. Егер түзелмеген болса, мойнына бұрау салып қамаңдар. Сонсоң алыс, жақын жанашырлар жиналып, ақылдасып шешіңдер!

***

Әскер басшылары сарбаздарға тиянақты ұғындырыңдар! Өз еркімен бағынған елдің баспана, дүние-мүлік, егіндік жер, бау-бақшасын тонауға тыйым салып, тонап алған заттары болса қайтарып бергізуі керек. Және де баспана үй, бейіт қорғандарды бүлдіріп, тонауға болмайды!

***

Келісім бағамен қарызға зат алып шығынға ұшыраса, екінші рет қарызға беріңдер. Екінші рет шығындалса, үшінші рет көмектесіңдер. Үшінші рет пайдалы сауда жасамаса, қатал жазалансын!

Көріп отырғанмыздай ел ішін басқарудағы әскери тәртіп, қазыналық бақылау, сауда-саттық істері, қарызбен сүйемелдеу, салық тапсыру, т.б. бүгінгі мемлекеттердегідей барлық құрлымдық қызмет жүйесі мен  қатаң бақылау барысын байқаймыз. Біздің жеңіл көзқараспен қараушылардың ой тұжырымын терістесек, кемелді заңсыз ел-жұртын басқарып, айдай әлемге жария болуы мүмкін емес еді.

 

Әділдік, шыншылдық, адалдық жөнінде

 

Көшпенділер заңы ежелдің ежелінен әділетсіздікті, жауыздықты сүймейтіні сияқты шыншылдық, турашылдық, адалдық, адами болмыспен өмір сүруді ғана өз ұстанымы етті. Адам мен адам түгілі, адам мен аң-құс, табиғат арасындағы бауырмалдықты да барынша дәріптеп келген халық едік. Далада көшіп-қонып жүргені үшін бе жаны мен ары тура сол даласындай таза, тәкаппар, тұнық болатын. Онымен егіз жаралғандай, кіндігі көктеген қара жер мен уыз нұры төгілген аспан арасын өз Отаны санап, оны кейінгі ұрпаққа ақ тілеулі аманаттарымен мирас қылып отырды. Олай болса, осы сөздерге де дәлел іздеп, Шыңғыс бабаға құлақ түрелік:    

Өз басың әділ болса,

Жарлықсыз-ақ іс бітер.

Өз басың әділетсіз болса,

Өрге сүйресеңде,

Өзге жұрт артыңнан ермес.

   ***

Адал күшін аямаса,

Жарғақ шапандыны да,

Таққа отырғызып, ноян болғыз!

   ***

Ақша, дүние дәулет, қара бастың қамы үшін қылған іс қауымның қарғысына ұшыратады.

   ***

Адамгершілікке жат қылық пен құныққан құмарлық тау басынан етекке құлаған тасқа ұқсап, із-тозсыз қалады. Олар үшін бұл жай бір көріністей ғана. Сондықтан әлемнің осындай құбыжық адамдары адамдық жосынның сыртында елеусіз қала береді.

   ***

Ақылгөйдің сөзі,

Білім мен тәлім.

Ақылсыздың сөзі,

Адастыруы мәлім.

***

Әділдікті жақтап, шындықты қолдап, ел жұртын орнықтыру үшін күрескен жігіт нағыз ер деуге лайықты.

  ***

Білім парасатыңды толықтырып, дүниеқоңыз залымдыққа салынбай, адал шынайы әділдікті басшы етсең таза алтындай жарқырып, атың жер жаһанға жария болады.

***

Толғамды ойдан артық,

Сенімді серік жоқ.

Өтірік өсектен артық,

Жаман жау жоқ.

Адалдықтан артық,

Асыл дүние жоқ.

***

Алтын еліңді ерлікпен қорғасаң,

Адал атақ өзі-ақ келеді.

Адал атыңды сақтасаң,

Алған жарың қайда кетеді.

***

Жаман адам сөзінде тұрмас,

Жақсы адам сөзінен айнымас.

Адал болсаң, асықпай-ақ,

Арбаға мініп қоянға жетесің.

 ***

Қатыгез емес, әділ шыншыл, турашыл адал, білікті, ақыл парасатты адамға құрмет көрсете білу керек.

***

Адалдықпен байыған адам басқаға мүрит болмайды. Өзіне-өзі сенімді болады. Арамдықпен байығанның арты қуыс. Өзіне сенген, ары таза адам басқаға қамқоршы, жақсылыққа жаны жуық келеді.

***

Ақылды адам уақытша төмендесе де,

Ұзамай жаңа туған айдай көтеріледі.

Ақылсыз адам бір төмендесе,

Өшкен оттай бықсып, сөнеді.

***

Жақсы дәрі ашты болса да ауруға дәру,

Шын сөз қатты болса да келер іске тәуір.

 ***

Шындық пен сенімді серік етіп, тәртіпті, тәрбиелі болсаң адамгершілік өзі-ақ қалыптасады.

***

Әділ сөз арыстаннан күшті,

Адал адам алтыннан қымбат.

 

Ерлік пен батырлық және оны іске асыру жайында

 

Сіздерге шертіп отырған бұл баян Шыңғыс ханның бүкіл қыр-сырын ашып береді десек, мүлдемге артық кеткен болар едік. Себебі біз Шыңғыстай сегіз қырлы бір сырлы емеспіз. Сондықтан да өз сана-сезіміздің биігінде тұрып қана өзгелерге көз жүгірте аламыз. Және де сол өз биігімізде тұрып білген пәлсапамызды шертеміз. Неге бұлай кішірейіп отыр деп ойласаңыз, «Ерлік пен батырлық және оны іске асырудың» Шыңғыс ханның бүкіл өміріндегі ең күрделі тақырып болғандығында. Дәл осы тақырыптың өзінен ғана бірнеше кітап жазуға болар еді. Біздің қазіргі қалам қарымыздың бағыты ғақылиялар арқылы оқырманға ой салу болғандықтан сөз бұйдасын солай бұрайық. Әйгілі тұлғаның өз дегеніне жүгінейік:

Біздің саудагерлер алтын маңлық киім, жақсы дүние, таңсық зат әкеліп, содан мал пайда табамын деп сенетін сияқты жасақтың нояндары садақпен ату, атпен шабуылдау, жекпе-жекке шығып шайқасу сияқты өнерге ұлдарын жақсы үйрету керек. Оларды қайтпас жүректі, ісіне сенімді саудагерлердей пысық, жырынды, ыспар етіп тәрбиелеу керек.

   ***

Сөз ұстасаң, шешен болғаның,

Қылыш ұстасаң, батыр болғаның.

Білекті батыр болсаң,

Бүгінгінің батырысың.

Білікті батыр болсаң,

Келешектің нақылысың.

 ***

«Жақсы» дескен ер жігіт,

Әділдікке жүгініп.

Шындыққа беріліп,

Еліне еңбек етіп,

Бүкіл елін орнықтыра алса,

Сонда ғана нағыз ер деуге болады.

***

Ақылы асқан, әділ, толғамды нояндар,

Түзу оқпен, мерген адамның атқанындай,

Көздегенін дәл тигізген нысанадай,

Азамат пен мемлекет ісіне дұрыс қарайды.

   ***

Әр адамның ойлау, атқару қабілетіне еркіндік берсең, ол нендей шешім шығарудың, қандай бағыт ұстанудың жолын өзі-ақ табады.

   ***

Жақсыны әрі де көркейт,

Жақсы да ұстазың,

Жаман да ұстазың.

Көнені ойға тоқыған,

Жаңаны үйреніп оқыған,

Нағыз ұстаз сол адам.

***

Бөрідей ноянға түлкідей қосшы ерсе, елге кесірі тиеді.

***

Біреуді пайдаланамын десең,

Білім, парасатын қара.

Біреуге үйретемін десең,

Білмейтін нәрсесін парла.

***

Ақылгөй уәзір елге қымбат,

Ақылды әйел үйге қымбат.

Батыр қолбасшы қолға қымбат,

Толғамды ұл жанұяға қымбат.

 

Жетім-жесір, әлсіздерге қорған болу жөнінде

 

Жалпы, тәңіршілдік – бір ғана тәңір идеясы және сол тәңірді аспан жақтағы көзге көрінбейтін жалғыз жаратушы деп таныған. Олай болса көшпенділер даласының көсеміне айналған Шыңғыс дәуірі сол тәңірге жалбарды, медет тіледі. Ислам діні тарағаннан кейін тәңірді – жалғыз Алла ұғымынан бөле қараған жоқ. Сол үшін де Құран қағидаттарында айтылатын бауырмалдық, аяушылық, жетім-жесірді желеп-жебеу түбірінен ұқсас болды. Көшпенділердің сахаралық заңы бір ізбен жүрді. Тіпті керей, найман руларына қатысты өзге діндерге табыну идеяларын зерттеушілердің басқа қырға қарай бұрғанын ескерсек, өткен жазбаларымыздың өгей тұстарын көп байқаймыз. Әрбір зерттеуші ғалым өзі бағынған мемлекет, ұлт, дін, саясат аясында өзіне қажеттіні іздеп, өзгенің мүддесіне аса бас қатырмады. Сөйтіп бұрмаланған әдебиеттер арқылы бұлдыр тарихтар жасалды. Шын мәнінде далалық, сахаралық көшпенділердің бағзыдан жалғасқан бар болмысы бір ғана желіге көгенделіп жатты. Бүгін де біздің халықтың аузындағы «жесірі мен жетімін жылатпаған халықпыз» деген нақылы да сол көненің жұрнағы.

 

Жетім-жесірдің көз жасы,

Жүрегіңді жаралайды.

Жетім, кедей адамдарды,

Жеті жұртыңдай асыра.

Қарайлайтын ағайынсыз,

Қамқорлыққа алатын әкесіз,

Сүйенері жоқ жетімді,

Сүйген ұрпағыңдай жарылқа.

Жетім, жесірді асыраған,

Жетілер елдің жосыны.

***

Тамақ табылса таласа бөліп жейтіндеріңдей,

Тарыққан біреуіңе жарыса барып көмектесіңдер.

***

Қарияларды құрметтеп,

Кедейлерге көмектес.

Бай мен кедей,

Төре мен қара деп,

Халықты бөле қарама.

 

Жанұя және ер-әйел қатынастары хақында

 

Мейлі түрік, мейлі қазақ, ислам ұғымдарында болсын жанұяның береке-бірлігі татулығы хақында айтылатын тағылым өте мол. Әсіресе сахара халықтарының басқалардан табыла бермейтін, алтынға айырбастағысыз отбасылық құндылықтары атадан балаға әліге дейін жалғасып келеді. Отаншылдық ұғымының отбасыдан басталатындығы жайында аталы сөздер де аз емес. Сонау түркі заманының жазылмаған заңдарында соғыста көз жұмуға айналған сарбаз, артында қалған кәрі шеше, жас баласын жанындағы қанды көйлек достарына аманаттап көз жұмса, ол заңға опасыздық жасаған болады екен. Себебі көшпенділердің сахаралық заңы бойынша шаһид болушының артқы жағдайы жүз пайыздық кепілдікке алынатын болған. Оның арттағы жақын-жанашырларын қарау, бағу, есейту толығынан қамтамасыз етілгендіктен заңына сенбегендей болған сарбаз алаңдаушылық білдірсе, ол, әрине, опасыздық емес пе. Кейіннен қазақта қалған белгілерінен «әмеңгерлік» соның бір жұрнағы болса керек. Себебі жесірді әмеңгерлікке алушы сол шаңырақтың бүкіл қиындығын өз мойнына алып, ешқашан өгейлік танытпауға ант беретін болған. Отбасы бүтіндігі арқылы Отан тұтастығын ойлау, халықтың көз жасын көрсетпеу – асыл бекзадалардың армен көтеретін жүгі еді. Енді соның жарқын мысалдары мына сөздерден де айқын аңғарылады:

 

Адам өз жанұя тіршілігін басқара білсе,

Билеген елін де дұрыс басқара алады.

Сондықтан, әуелі өзіңді дұрыс басқар,

Сонсоң жанұяңды жарасымды болғыз,

Сонда ғана ел басқаруға жарайсың.

***

Бала әке сөзін сыйламаса,

Бауыры аға тілін алмаса,

Ері әйеліне сенбесе,

Әйелі ерінің сөзіне көнбесе,

Ерлері некелі зайыптыларын келемеждесе,

Үлкендер жасы кішілерді қауымдамаса,

Жастар жасамыстардың сөзін сыйламаса,

Жанұя жадаулап,

Мемлекет құлап,

Жауға тізе бүккенің.

Мұндай жат қылықтар доғарылсын!

***

Егер ұл туса, тәңір тектіден сұраушыға дейін талпынып, талаптанатын болыңдар. Еліңе жау тисе, жан аямай күресіп, еліңе елеулі пайда істеп, ұрпағыңның алдында даңқты абырой атқарсаң, әке мен ұлдың парызы өтелгені сол.

***

Қарттарға деген қамқорлықты,

Қашанда ұмытушы болма.

Ата-анасын қадірлемеген,

Жынды малдан артық бола ма?!

Ата-анасын асырамаған,

Адамзаттың ең сорлысы.

***

Көгерер үйдің көркі,

Әйелінің ақылымен.

Жанұяның жақсы аты,

Еркегінің беделімен.

***

Ұлың жақсы туса да,

Әке ақылынсыз ақылды болмас.

Адам болып туған соң,

Адамгершілік жолын қумай болмас.

 

Береке-бірлік және ақыл, білім толғаныстары

 

Біздегі терең зерттеу таппаған тақырып бүгінгі моңғол, қазақ деп бөлінген халықтардың түп төркінінің бірлігіне саятын мысалдардың өте көптігі дер едік.

Тұрмыс-тіршілік, салт-сана, таным-нанымдағы ұқсастықты былай қойғанда мақал-мәтел, сөз сөйлемдегі ұқсас сөз саптаулар, мақал-мәтелдер аз емес. Біз айтып келе жатқан Шыңғыс хан өсиеттері саналған ғақылияларға сәп салып қарайтын болсақ, бүгінгі қазақ сөзінде көп кездесетін тұжырымды ойлар мен қанатты сөздермен қабысып жататындығы байқалады. Төмендегі мысалдан да соны анық аңғарамыз. Айталық, қазақта: «білегі жуан бірді жығады, білімі көп мыңды жығады», «ақылдының аты арып, тоны тозбас», «көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман» т.б. көптеген тәмсіл сөздер бар. Ендеше, төмендегі сөздерге қараңыз: 

 

Мықты болсаң, біреуді жығасың,

Бірлікті болсаң, көпті жеңесің.

Жан, тәнің күйрек, білім мәңгі,

Дүниенің құны арзан,

Дүйімді игерген білім қымбат.

***

Ақылды адам сөз айтса,

Ақылға салып білім ал.

Ақылсыз адам сөз айтса,

Алды-артыңа қарамай қаш.

Көкірегі ояу сөз айтса,

Көңілмен толғап, білім ал,

Көрсоқыр адам сөз айтса,

Көзіңді ашып, тұра қаш!

***

Ынтымақшыл сауысқан бұғы ұстайды,

Бұл дүниеде ынтымақтан артық күш жоқ.

Жат жұртта мал-айланы ойла,

Жамағатыңда ынтымаққа бойла.

***

Жетілемін десең оқы, үйрен.

Жетемін десең оян, ойлан,

Нағыз білімді адам мұны,

Оянып, талант болғызсын.

Парасатты адам мұны,

Есіне алып білім болғызсын.

***

Жан беріп, жан алысып шалдыққанда,

Таудың тағысын атып, талыққанда,

Кәусар сусын, дәмді тағамды жалғыз жесең,

Көпті басқарамын дейтін шындық болып па.

Әкел, қане, жесек, бәріміз бірге желік,

Бірге қуанып, өлсек, бірге өлейік!

***

Білімді парасатты адам табылса,

Өзіңнен әсте алыстатпа.

Барыңды аямай берсең де,

Өзіңе тартсаң үлкен пайда.

 ***

Таудай алтын жинап,

Пайдасыз бос отырғанша.

Тарыдай білім жинап,

Сол үшін жаныңды аяма.

***

Адам қатарына жетем десең,

Бала кезіңнен талпын.

Қатарыңнан қалмаймын десең,

Білім, талантыңды жебе.

***

Ағайын бүлінсе,

Алашқа күлкі.

Көп бүлінсе,

Азға күлкі.

***

Асыл заттың сыртын мүйізбен қаптағаны,

Асылын аялап, ақылын ішіне сақтағаны.

Сыртын жұпыны, ішің асыл болсын деп,

Ақылың асса, мастанба деп сені жақтағаны.

***

Ақылды адам көпті көріп, көпті естісе, ақылдының үстіне ақылды болмақ.  Ел жұртын да парасаттылықпен басқара алады.

 

Надандық, араздық, қаскөйлік хақында

 

Шыңғыстың қуатты әскери қосыны тек қана қару-қайратына сүйенген жоқ. Мейлі жауы, мейлі досы болсын, кім өнерлі, білімді, адал болса, ол қол астына соларды жинады. Таланттыларды тани білді. Өз қол астындағылардың арам пиғылдыларын тез аңғарып, оларды аластап отыруды да қағыс қалдырмады. Соның арқасында оның қосынында ығай мен сығайлар көбейіп, арамдық, надандық атаулыны дер кезінде жоя білді. Көкірегі соқыр надан, жаман адамдардың көзін құрту арқылы тазалыққа баса назар аударды.

Шыңғыстың өз көкірегі қалай дана, даңғыл болса, өзгеден де соны күтуі, надан, сәулесіз тобырға жирендіре қарады. Оларға тіл сұғын ғана емес, найзасының ұшында кезейтін. Енді сондай сөздерге бір назар салайық:   

Надан адам тек өтірік, өсек, жалған-бос сөз қуып, жоқты бардай, өтірікті шындай сеніп, жеңіл-желпі тіршілікті бақытқа санауы өкінішті-ақ.

***

Екі адам тату болса,

Темір қамалдай берік.

Көп адам араз болса,

Құлаған қамалдай күйрек.

 ***

Қаскөй жауды аз деме,

Қатерлі дертті жеңіл деме.

***

Иесі жаманның ел жұрты тозады,

Иті жаманынң қорасын тонайды.

***

Айтқан антыңды,

Жаныңнан артық көр.

Арам, айла екеуін,

У деп жиренішті көр.

***

Жақсы адамға қастық алыстан емес, жақыннан болады.

Арамза ағайыннан танымайтын жақсы жат артық.

 

Арамдық, маскүнемдікке айтқандары

 

Шыңғыс хан заманы және моңғолдар өмірі сөз бола қалса, көптеген тарихшылар мен қаламгерлер қауымы оларды араққа құмартқан тайпа есебінде қарайды. Алайда күбі-күбі қ

Қатысты Мақалалар