Партия Жарғысы мен Әдеп кодексін бұзған нұротандықтар қалай жазаланады?

/uploads/thumbnail/20180522141400785_small.jpg

Шығыс Қазақстанда өткен жыл мен биылғы жылды қосқанда 25 адам партиялық жауапкершілікке тартылып, 12 адам партиядан шығарылды. Неге дейсіз бе? Себебі бұл адамдар партия Жарғысы мен Әдеп кодексін бұзғаны үшін жазаланған. Сонымен қатысты партия мүшесінің Әдеп кодексін бұзғаны үшін қала әкімі орынбасары мен екі басқарма басшысы, аумақтық партия филиалының жетекшісі жауапкершілікке тартылып сөгіс алды.

Биылғы жылдың 9 айында Шығыс Қазақстан облысында Партиялық бақылау комиссиясы ағымдағы жылдың 9 айында 6 отырыс өткізді. Аталмыш отырыстар мен жиындарда 2015-2025 жылдарға арналған ҚР Жемқорлыққа қарсы стратегиясы, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен мекемелермен «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа  қарсы іс-әрекет» бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық Әділет және мемлекеттік кіріс департаменттері мен оның бөлімдерінде, ауыл шаруашылығы салаларында арнайы жұмыстар жүргізілді.

Негізінен Қазақстан Респубикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тілге тиек етіп, атап өткен негізгі бағыттардың бірі де бірегейі – партиялық жауапкершілікті арттыру, қарапайым халықтың мұң-мұқтаына мұқият қарап, олардың ұсыныстары мен талап-арыздарын ескерусіз қалдырмау, мемлекеттік қызметкерлердің жауапсыздығы мен тәкаппарлығымен күресу болып табылады.

«Нұр Отан» – министрлік те, атқарушы билік те емес. Ол келешектің мүмкіндігін ескере отырып әрекет ететін, жалпыұлттық тәртіпті белгілейтін стратегиялық күш», – деген еді Елбасы.

Өскемен қаласы әкімдігінің қызметіне қатысты қаралған кезекті мәселеге тоқталған жөн. 2018 жылдың 17 қаңтарында «Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша баспана алуға кезектің сақталуына орай облыстық филиалдың қоғамдық қабылдауына арыз түсті. Бақылау комиссия мүшелері мәселені анықтау үшін Өскемен қаласының ТҮКШ бөлімінің жұмысына мониторинг жүргізді. Алдымен 2014 және 2017 жылдар аралығында аталған санат бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға мұқтаж және баспаналы болған жандардың тізімімен танысты. Анықталғаны, ресми сайтта ескі тізім өзгерусіз қалып қойған. Құзырлы орын тарапынан ескерілмеген мәселе осы кезекте тұрғандардың тізімі жыл сайын бірінші тоқсанда жаңартылып тұруы тиіс.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 20 аумақтық Партиялық бақылау комиссиясы қызмет етіп тұр. Олар биылғы жылы 60-тан астам жиын өткізді.

Облыста Красная Шемонаиха деген ауыл бар. Аталмыш ауылда су алу ғимараты мен су жеткізу желісі трассасы салынып жатыр. Тұрғындар үшін аса маңызды жоба «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Айта кету керек, құрылыс жұмысы өткен жылдың желтоқсанында бітуі тиіс еді. Алайда ауыл тұрғындарының үйлеріне сол күйі су жеткізілмеді. Оған себепші – жұмысты мерзімінде аяқтамаған мердігер мекеме. Шемонаиха ауданындағы Красная Шемонаиха ауылында комиссия қатарынан бірнеше рейд жүргізіп, ондағы жағдайды бақылап отыр.

Жоспарланған жұмыс уақыты атқарылмаған соң мердігердің келісімшарт міндетін  орындамауы туралы сотқа арыз түсірілді. Соттың шешіміне сай, «Өскемен құрылыс» ПСК ЖШС 2018 жылдың қаңтарына дейін істі аяқтауы тиіс еді. Алайда жобаны жүзеге асыру барысында тасты жердің ерекшелігін есепке алу және екі су қоймасын су айдауыш мұнараға ауыстыру қажеттілігінен жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізу құпталған. Партияның Шемонаиха аудандық филиалының бірінші орынбасары Елена Шабанова егер алғашқы нұсқаны қалдырса, ауылдықтарға судың құны алтынмен тең болмақ деп, жағдайдың жай-жапсарын жеткізді. Қазіргі таңда ЖСҚ түзету мен мемлекеттік сараптама нәтижесі алынды. Соның аясында облыстық бюджеттен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Себебі бұған дейін игерілмей қалған 68 миллион теңге республика қазынасына қайтарылған.

Осыған ұқсас жайттар күнде болмаса да кей кезде кездесіп тұратыны белгілі. Себебі барлығы бірдей кемшіліксіз, керемет деңгейде жүрмейді ғой. Алайда заңсыз жайттардың соңы әділеттілікпен шешіліп заңды бұзған азаматтар жауапкершілікке дер кезінде тартылып жүр.

Осы бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде өз жалғасын табатын болады. Себебі «Нұр Отан» партиясы – халықтың партиясы. Сол себепті партияның негізгі мақсаттар тізімінде халықтың игілігі мен мүддесі әркез алдыңғы қатарда тұр.

Сұлтан Әбіш

Қатысты Мақалалар