Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның Оңтүстік филиал директоры Құдайберген Сейтмамбетовпен кездесіп, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен берілетін кредиттік тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін талқылады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Қос тарап кездесу кезінде тұрғындарға қолжетімді баспана тұрғысында туындаған кейбір мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастырды.
Банктің өңірлік жетекшісі осыған дейін атқарылған бірнеше жұмыстарды атап өтіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуы бойынша, қазіргі таңда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-тың Оңтүстік филалы «Баспана» атты мекемесімен қол қою шараларын жүргізіп жатыр. Аталмыш банктің өңірлікжетекшісі Құдайберген Сейтмамбетов биылғы жылдың 1-ші желтоқсанынан бастап банк ұжымы «7-20-25» бағдарламасы бойынша тиісті жұмыстарды іске асыра бастайтынын атап өтті.
Сонымен бірге, Құдайберген Сейтмамбетов облыс әкіміне облыс тұрғындары үшін тиімді әрі ыңғайлы болатын ұсыныстардың барын айтып, құлағдар етті.
Оның айтуынша, алғашқы салымсыз-ақ баспаналы болуға болатын жобада қарапайым халықтың тұрмыстың хал-ахуалы баса назарға алынып, қарастырылған.
Осынау ұсыныс, тілектерге қаныққан аймақ басшысы, ең бастысы, баспаналардың қолжетімді болуы қажеттігін атап өтті. «7-20-25» бағдарламасын өңірде мықтап қолға алу үшін түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізуді тиісті басқарма басшыларына тапсырды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы «7-20-25» бағдарламасын облыста іске асыру мақсатында Түркістан қаласында құрылыс компаниясы «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 6 көпқабатты тұрғын үйдің (288 пәтер, 15,6 мың ш.м.) құрылысын бастаған болатын. Бұл пәтерлерді 2019 жылы пайдалануға тапсыру жоспарланып, барлық үйлерді «7-20-25» бағдарлама арқылы тарату көзделуде. «7-20-25» бағдарламасы арқылы салынған тұрғын үйлерді тарату облыстың Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшылығының мәліметіне сәйкес 2019 жылы облыс орталығы - Түркістан қаласында банктің облыстық филиалы ашылатын болады.
Пікір қалдыру