Тәж - Қазақтың хандары мен қағандары бастарына киетін бас киімдерін осылай деп атаған. Тәж (Тәз, Таз) Адам атаның бірінші немересі Тәзіке (Әз әке, Таз әке) атамыздың есімі. Қазақ билеушілері, соған сәйкес бүкіл қазақ халқы аталарын, әкелерін және ағаларын осылай құрметтеген. Ата мен әкеге, ағаға деген құрметтің ең биік шыңы осы болса керек-ті. Бүкіл әлем елдерімен Қас би (Каспий) деп мойындалған ұлы аталарымыз тарихты осылай жасаған және оны бір ауыз сөзбен осылай жазған.
Тәж (Таз,Тәз) – сөз түбірі Әж, Аз және Әз. Бұлардың бәрі синоним сөздер. Демек, Қазақ деген атпен бүгінгі күнге жеткен ұлы елдің түп атасы осы. Маңғыстаулық шежіре-дастандардағы «Әжі білімді бұлағынан дәм тату», Әлемдегі халқы көп ең ұлы құрылықтың Азия аталуы, қазақтардың ауыздарынан тастамайтын Әз әулиелері осы.
Қазақтың сөз жасау қағидасында «З» дыбысы мен «Ж» дыбысы (Зебе мен Жебе), олардан да басқа «а» мен «ә» (ауа мен әуе), «а» мен «е» (Асан мен Есен), «н» мен «ң», «қ» мен «ғ» (Манқыстау мен Маңғыстау) сияқты көптеген дыбыстар ауыстырылып, немесе балама мағынада қолданыла береді.
Тақия – Ақ, Тақ, Ақи, Ия (Иә), Қия деген біріккен сөздерден тұрады. Сөз түбірі Ақ, яғни Аға мен Ақиқат. Жоғарыда көрсеткенімдей қазақтың хандары мен қағандары бастарына киетін бас киімдерін Тәж (Тәз, Таз) деп атаса, ұлы аталарымыз Ағалары мен Ақиқатты басына Тақия етіп киген. Ағаның сөз түбірі Ағ (Ақ), Ақиқаттың сөз түбірі Ақ пен Ақи, яғни бәрінің бір түбірден болатыны тек қана осыны білдіреді. Енді осының үстіне Сақ пен Сақидың да сөз түбірлері Ақ пен Ақи екенін қосыңыз. Біздің аталарымыз бұл жерде басына тек қана Ақ пен Ақиқатты киіп жүрген жоқ, сол Ақиқатты көзінің қарашығындай қорғайтын хандар мен қағандардың тағын (Тақ) үнемі басына киіп жүрген. Ал, Ия мен Қияға келсек, бұл қазақтың ұлы қағаны Шыңғысхан шыққан рудың аты.
Біздің Ата тарихтан алшақтағанымыз соншалық, қазір креслоны басыңа бас киім етіп киіп жүруді көз алдыңа елестете де алмайсың. Себебі, кресло жалпылыма атау, сондықтан ол креслода отырмайтын адам жоқ. Баукеспе ұры-қарылар да, баскесер-бандиттер де, парақорлар мен жалақорлар да, тіпті бәрі-бәрі отыр. Сондықтан оны ақыл есі дұрыс адамдарға зорласаң да бас киім етіп кигізе алмайсың. Демек, келешек те ел боламыз десек, Елбасымыз отыратын орынды «кресло» демей Тақ деп атағанымыз жөн болар.
Ақ (Ақиқат) пен Аға – аса қасиетті ұғым. Сондықтан, барлық ізгі ниеттен туындайтын жақсы ұғымдардың бәріне Ақ пен Аға сөзі қосылып айтылады. Мысалы, ананың ақ сүті, ақ неке, ақ адал мал, жаңа түскен жас келіннің басына тағатын ақ орамал, ақ босаға, ақ тілек, ақ ниет, ақыл, Ақтау, Ақтөбе, Ақмыш, Ақшұқыр, Ақбұлақ, Ақкетік, Аққорған, Ақмая, Ақмола, Ақсу, өз ағаң, нағашы аға, қайын аға, жиен аға, бөле аға, Қаз аға, Ағаш, Қара ағаш, Ағаман, Ақпан, Ақтан т.т.
Демек, ел боламыз десек, Елбасымыз басына «Тәж» киіп (символдық үлгі де болса да), ал біздер Елбасымыздың орын тағын басымызға «Тақия» етіп киіп жүруге тиіспіз. Ұлы Аталарымыздың ұлы хандықтары мен қағандықтары осылай болғандықтан ғана Қазақ халқы тарих сахнасынан шығып қалмай бүгінгі күнге жетті. Сіздер, не дейсіздер?
Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы