26 қазанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаңа емле ережелерін меңгерту: әдіснамасы мен әдістемесі» тақырыбында республикалық семинар-кеңес өткізді.
"Семинардың мақсаты – латын графикасына негізделген жаңа емле ережелерін меңгертудің ғылыми-практикалық ұстанымдарын талқыға салып, оқыту процесінде кездесетін қиындықтарды анықтау және оларды шешудің тиімді жолдарын көрсету" - дейді ұйымдастырушылар.
Латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері бекітілгеннен кейін әдістемелік жұмыс тобының жұмысы жанданып, жаңа емлені меңгерту процесін ұйымдастыру шаралары қолға алынатыны белгілі. Осыған орай республикаға белгілі әдіскер-ғалымдардың, өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтары мамандарының жаңа емлені оқытудың алғышарттары жөніндегі теориялық және практикалық ой-пікірлері мен тұжырымдары талданды.
Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің қызметкерлері, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мамандары, ұлттық комиссия жанындағы әдістемелік және орфографиялық жұмыс топтарының мүшелері, «Өрлеу» БАҰО» АҚ, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының, Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері, республикалық оқыту орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Пікір қалдыру