«Қазақия 2015» блог байқауы: жеңімпаздар анықталуға жақын қалды

/uploads/thumbnail/20170708175123848_small.jpg

Қазақ интернетінде бұған дейін баламасы болмаған «Қазақия 2015» блог-сапар байқауына қатысушылар өз жорықтары Қарағанды аймағындағы Теміртау қаласында тәмәмдап, Жаңаарқа мекеніне келіп жетті.

Осыған дейін Алматы, Сарыөзек, Үштөбе, Аягөз, Риддер, Семей, Ақсу-2, Екібастұз, Теміртау елді-мекендерін басып өткен жоба қатысушылары қазірдің өзінде потенциалды 100 000 қолданушысы бар аудиторияны қамти отырып, әлеуметтік желіні 180-ге тарта қызықты, тарихи, танымдық контентпен толықтырды. «Қазақия 2015» қатысушылары әр өңірдік өзіне тән ерекшеліктерін фото, бейне, аудиоматериалдан бастап, репортаж, инфографика, «бір суретпен», «бір сөйлеммен» формаларында жарыса жазуда.

18 сәуірде Екібастұз қаласына ат басын бұрған блогерлер бұл қаланың шама келгенше көмірмен байланыссыз тұстарын ашуға тырысты. Мысалы, Серікбол Хасан қазақтың қолөнерінен шебер болған Дмитрий Филипповты сұхбатқа тартып, өнер мектебін аралады. Бижан Сәдібеков болса, Сарыарқаны сумен қамтып отырған Ертіс-Қарағанды каналын түсіріп, қаладағы танымал граффитишімен уақыт өткізсе, Амангүл Мадетханқызы жергілікті уоркаутерлердің өнерін таспалап, осы өңірден алғашқы кенді ашқан Қосым Пішенбаев туралы деректерге қанық етті. Ал Ақбота Мұсабекқызы болса, қаладағы ипподром мен Бәйіт ауылының тұрмыс-тіршілігін шынайы суреттеген посттарымен бөлісті. Аманбек Мағзұмхан «Шеберлер шаңырағы» деген постында қазақ қолөнерін сақтап қалған аздың бірі – Зылиха Төлегенова жайлы жазып, қала тұрғындарының әкім туралы пікірін жинаса, Нұрбек Бекбау «Біздің мектепті бітірген бірде-бір қыз ажырасқан емес» деп, Қазақстан бойынша тек қыздар оқитын жалғыз гимназия туралы толық репортаж дайындап, қаладағы аэроклубтың жұмысымен таныстырды. Мейірман Сауранбек болса, осы топырақта туып, Гиннестің рекордтар кітабына 7 рет енген желаяқ Марат Жыланбаевты зерттеп, қаладағы қонақүйлер сервисін де бағалай кетсе, Эльвира Ерғалина ең арзан тойдың Екібастұзда екенін дәлелдеумен қатар, екі аяғынан жүре алмайтын Сәкеннің мысалында өмір сүрудің қаншалықты құнды екеніне шақырады.

Блогерлер тобының 19 сәуірдегі Теміртау қаласындағы сапары қазақ интернетін, оның ішінде әлеуметтік желілерді Мейірман Сауранбектің аңшылық пен балық аулау, Бижан Сәдібековтің жастар бассейні, Эльвира Ерғалинаның еттің нанын шығаратын кәсіпорын мен трамвай жұмысы, Амангүл Мадетханқызының ту ілу, Ақбота Мұсабекқызының қысқы бақ, Самарқан су қоймасы және Шәмшінің «Тамды аруындағы» кейіпкер туралы материалдарымен толықтырды. Бұдан бөлек Нұрбек Бекбау қала колледждеріне қойылған кондоматтардың пайда-зиянын тексерсе, Нұрлыхан Қалқаманұлы су астына кеткен Чкалов ауылының бүгінгі халымен таныстырды.

Байқау аясында жазылған жазбаларды жобаның әлеуметтік желідегі парақшалары мен #qazaqia2015 хештегі арқылы, сондай-ақ, qazaqia2015.kz ресми сайтында танысуға болады.

«Алтел» компаниясы қолдау білдірген жобаның жеңімпаздары – 22 сәуір күні Астанада белгілі болады.

Қатысты Мақалалар