Қырғызстан федерациясы көкпардың жаңа ережесіне қарсылық білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегін негізге алып.
Өзбекстанда өтетін алдағы көкпардан әлем чемпионатында қазандықтың орнына шеңбер пайдаланылатын болса, Қырғызстан құрамасы оған қатысудан бас тартады, деп мәлімдеді елдегі көкпар федерациясының президенті Жырғалбек Саматов.
Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада Астанада бүкіләлемдік көкпар қауымдастығының кеңесінде көкпардың халықаралық ережесі бекітілген болатын. Жаңа ереже бойынша енді қазандықтың орнына шеңбер пайдаланылады. Сондай-ақ, Халықаралық жануарлар әлемін қорғау ұйымдарының қағидаларына қайшы келмеу үшін серкемен емес, муляжбен ойнауға шешім қабылданды. Алайда айырқалпақты ағайындар "ереже Қазақстанның ықпалымен бекітіліп кетті" деп ойлайтын секілді. Қырғыздар шеңбермен ойнауға үзілді-кесілді қарсы болып отыр.
"Бүкіл әлем көк бөріге (көкпар – Ред.) қызығушылық танытып отыр. Қөшпенділер ойындарын 1,3 миллиард адам тамашалап жүр, олардың 90 процентіне көк бөрі ұнады. Біздің көршіміз мұны қызғаныштан жасап отыр, олар әлемге өз ойындарын көрсетуді қалайды. Қазақтар – бауырлас халық, біз оларды қолдаймыз, бірақ бұл жерде олар артық кетті. Біз тайқазаннан бас тартпаймыз", - деді Саматов.
Жастар ісі, дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттіктің директоры Қанат Аманқұлов "қауіпсіздік үшін тайқазаннан бас тарттық дегендері жай ғана сылтау" дейді.
"Біз тайқазанды қауіпсіз етіп жасадық. Жалпы, спорттың барлық түрінде тәуекел бар. Мысалы, хоккейде ойыншылар бүйірге жиі соғылады", — деп мәлімдеді Аманқұлов.
Оның айтуынша, Қырғызстанда Өзбекстандағы чемпионатты өткізуге арналған тайқазан жасалып жатыр.
Жырғалбек Саматов тайқазаннан бас тарту идеясын тек 5-10 адам қолдап отырғанын, ал қалғандары бұған мүдделі емес екенін айтып өтті.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасы былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жартылай финалда өзбектерден жеңілді. Осыдан кейін ұлттық құрамаға "қырғыздардан қорқып, әдейі жеңілді" деген сын айтылды. Қазақстанның көкпар федерациясы түсіндіргендей, көшпенділер ойындарына тәжірибе жинау үшін жас көкпаршылар жіберілген. Қазақстан көшпенділер ойындарында жалпы есепте 3-орын алған еді.
Ұсынған: Әсел Болатқызы
Пікір қалдыру