Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Ашық хат

/uploads/thumbnail/20170708180036400_small.jpg

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сізді сайлаудағы жеңісіңізбен шын жүректен құттықтай отырып,  жұмысыңызға толағай табыс, жеке өз басыңызғазор денсаулық, мол қайрат тілейміз!

Осынау үшбу хатта өзіңізге айтар ақжолтай тілегіміз бар еді.

Еліміздегі ең жоғары дәрежелі мемлекеттік наградалардың бірі – «Халық қаһарманы» атағы. Осы атаққа елімізде біраз тұлға лайық деп танылды. «Халық қаһарманы» атағымен ең алғашқы болып армия генералы, Қазақ­стан Республикасының тұңғыш қорғаныс ми­нистрі Сағадат Нұрмағамбетовтің марапатталғаны белгілі (1994 жылы). Бұл атақ Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен ардагерлердің бір қатары: даңқты қолбасшы Бауыржан Мо­мыш­ұлына (қайтыс болғаннан кейін); партизан Қасым Қайсеновке, рейхстагқа тұңғыш ту тіккен батыр Рахымжан Қошқарбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); РФ ба­тыры Бақтыораз Бейсекбаевқа (қайтыс болғаннан кейін); атақты ұшқыз қызымыз Хиуаз Доспановаға, Мәулен Қалмырзаға, Алексей Кулаковқа, Мурдин Таи­повқа, Александр Капоринге табыс етілді. Сон­дай-ақ «Халық қаһарманы» атағы қоғам қай­раткері, металлург, Мемлекеттік сыйлық­тың иегері Ахат Күленовке; Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, ге­нерал-майор Тоқтар Әубәкіровке (1995 жылы); Қазақ­стан­­ның екінші ғарышкері, генерал-ма­йор Талғат Мұсабаевқа (1995 жылы); РФ ұшқыш-ғарышкері Юрий Маленченкоға; Қарағанды ғылы­ми-зерттеу совхозы – ауыл шаруашы­лығы инс­титутының директоры Александр Хрис­тен­коға; академик Мұхтар Әлиевке; Қазақстанға ең­бек сіңірген құрылысшы Аким Атмачидиге; академик, Қазақстан ҰҒА президенті Шафик Чокинге; КСРО Халық әртісі Роза Бағлановаға (1996 жылы); 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Қайрат Рысқұлбековке (қайтыс болғаннан кейін); атақты композитор Нұрғиса Тілендиевке (1998 жыл); КСРО Халық әртісі, театр ре­жис­сері Әзірбайжан Мәмбетовке (2000 жылы); армия ге­не­ра­лы, Мұхтар Ал­тын­баевқа; ҚР Қарулы күштерінің аға лей­тенанты Азамат Жұмаділовке; генерал-лей­те­нант Бақытжан Ертаевқа берілді.

Жоғарда аталаған тұлғалардың ішінде спорт саласы бойынша әлі бір адам «Халық қаһарманы» атағын алған жоқ. Біле білгенге Қазақ халқының, Қазақстанның даңқын әлемге әйгілеп жүрген осы спортшылармыз емес пе?!

Қазақ спортында батырлар көп. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы секілді аяулы азаматтарға халық сол кезде-ақ батыр, қаһармен деген ат беріп, еркелетіп төбесіне көтерді. Күрзі жұдырықты Әбдісалан Нұрмаханов та, алып балуан Әбілсейіт Айханов та қазақтың марқасқа барыл ұлдары.

Ал бүгінде спортта халықтың батыр ұлы атанып жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі де бірегейі,өзі айтқандай, «біржапырақ» болса даелінің таңдауына ілігіп, алыптардың көшін бастап жүрген айтулы тұлғалардың бірі – Жақсылық Үшкемпіров. Яғни қазақтан Қажұмықаннан кейін шыққан жарық жұлдыз.  Сонау сұрапыл соғыста Р.Қошқарбаев Берлиндегі рейхстагқа жеңістің туын қадаса, ал алғаш болып спорт әлемінде қазақтың атын алтын әріппен жазыпқалдырған грек-рим күресінен Олимпиада және әлем чемпионы  Жақысылық Үшкемпіров болатын.

Жақсылық Үшкемпіров КСРО халықтарының жазғы спартакиадасында чемпион атанып (1975 жылы), 1975-80 жылдар аралығында КСРО чемпионатының алты дүркін жүлдегері(екі мәрте чемпион – 1975, 1980), Қазақстан чемпионатын талай мәрте жеңіп алған. 1980 жылғы Еуропа чемпионатында күміс жүлдеге ие болса, сол жылы Мәскеу Олимпиадасында жасындай жарқылдап, алтыннан алқа таққан тұңғыш қазақ.Олимпиададан кейін даңқты балуан (1981 жылы) әлем чемпионы атанып, әлем кубогының күміс жүлдегері атанған (1982 жылы).

Осы жеңістің бәрі оңайлықпен келген жоқ. Мұндағы төгілген тер, ерен еңбек, жеңіс үшін боз кілем үстінде жан беріп, жан алысқан тайталастар. Бәрі де еңбек. Қай салада болсын еңбектің, төгілген тердің айрмашылығы жоқ секілді, екеуі де ел мерейі, қазақ халқының даңқына төгілген теңіздей тер.

Бүгінде Жақсылық Әмірәліұлы қос қолын қусырып қойып, бос отырған жоқ. Өмірін еңбекпен кестелеген даңқты балуан – қазақ халқының мақтанышына айналып, жеке шаруа қожалығының басшысы ретінде көптеген адамды жұмыспен қамтып отырған ірі кәсіпкерлердің бірі.

Ендеше «Халық қаһарманы» атағына Жақсылық Үшкемпіровті лайық деп айтар едік. Спорт сүйер қауымның, жалпы халықтың атынан жолданған ізгі тілегіміз деп білгейсіз!

Құрметпен,

Қайрбек МАСАЛИМЕВ, 

грек-рим күресінен спорт шебері,

мал дәрігерлік ғылымдарының кандидаты,

зейнеткер

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы.

Қатысты Мақалалар