Бүгінде әлемге мәртебелі мемлекет ретінде танылған қазақ елінің тарихы терең, мәдениеті мәуелі, дәстүрі қалыптасқан ел екені өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, жадында жаттату – баршамыз үшін үлкен жауапкершілік. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи еңбегінде осы ұлы бағыттарды айқындап берді.
Кеше Астанада таныстырылымы өткен «Алтын тақ» фильмін тамашалағаннан кейін бәріміздің бойымызда ерекше рухани серпіліс пайда болды. Бұған дейін Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылып түсірілген «Алмас қылыш» фильмінің заңды жалғасы болып табылатын бұл туындыны көргеннен кейін шын мәнінде дүниеге қазақ боп туғаныңды мақтаныш етеді екенсің. Мәдениет және спорт Министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының тікелей жетекшілігімен соңғы 4 жыл көлемінде түсірілген бұл фильмді әлемдік кино өнеріне қосылған бірегей шығарма деп бағалауға болады. Қазақ хандығының іргесін қалаған ұлы хандар Керей мен Жәнібектің соңынан ерген Алаш ұлысын шашыратып жібермей, ұлттың бірлігін сақтап, сыртқы жауға қаймықпай қарсы тұрып, бүгінгідей ұлан-байтақ даламызды қорғап, қазіргі ұрпаққа аманат етіп қалдырғаны фильм желісінде барынша шеберлікпен ашып көрсетіледі. Фильмдегі актерлердің өте жоғары деңгейдегі ойынын, 15-ғасырдағы қазақ халқының тұрмыс-салтын көз алдыңа келтіретін декорацияны, тарихи шытырман оқиғалармен өрілген сюжетті – туындының бәсіе биіктеткен жетістіктерінің қатарына енгізуге болады. Әсіресе, қазақтың байырғы астанасы Сығанақ қаласын шайбанидтерден қайта алып, мемлекеттіліктің символы алтын тақты қайтаруы біздің Мәңгілік ел болудағы асқақ мұратымызға жету жолындағы тарихи күрестердің айшықты көрінісі деуге болады.
Фильм көрсетілімінен кейін жұртшылық алдына шыққан режиссер Рүстем Әбдірашев, сценарий авторы, белгілі жазушы Смағұл Елубаев, Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Бекболат Тілеухан бұл кинотуынды «тар жол тайғақ кешіп» бүгінде еңсесі биік елге айналған қазақ ұлтының рухани шежіресі екенін атап өтіп, осы жобаны әзірлеуге бастама жасаған Елбасына және түсірілімін тікелей үйлестірген Мәдениет және спорт министрлігіне алғыстарын айтты. «Алтын тақ» фильмі ұлттық рухымыздың тағы бір жемісі мен жетістігі деп ауыз толтырып айта аламыз.
Берік Әбдіғалиұлы
Пікір қалдыру