Бұзақының жауыздығы мұнымен бітпеген. Ол қорғансыз әйелдерді қол-аяғын матап байлап, тепкілеп, біреуінің көзі мен бетін пышақпен жарақаттаған, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасының дерегіне сүйеніп.
Айдың күні аманында қариялардың зәре-құтын қашырған қылмыскер кім? Зардап шеккендердің жағдайы қалай?
72 жастағы Зылиха Қоспаева әбден үрейленіп қалған. Бет-аузы көгала қойдай. Үйдің ішінде әлі қан іздері жатыр. Зейнеткер жайсыз жағдай кешқұрым болғанын айтады. Өзі ыдыс жуып, ал 65 жастағы сіңлісі сыртқы есік жабық па, тексеруге шыққан беті екен. Бір кезде үйге еңгезердей жігіт кіріп келіпті. Содан кейін не болғаны еміс-еміс ғана есінде.
«Сіңлімнің бетін пышақпен осып жіберген. Даладай қан болды. Пышақты қардың үстіне тастай сала қашқан. Екеумізді де тепкілеп, ұрып-соқты. Менің тісім сынған. Дұрыс сөйлей алмаймын. "Миллиондарың бар, бер қане", деді! Сосын сіңлім, "қайдағы ақша, біз зейнеткерміз, алатынымыз тиын-тебен" деген. Тағы да ұрды. Сосын сөмкедегі 1000 теңгені беріп едік, азсынды, сіңлім тағы да 1000 теңгені берді», - дейді қала тұрғыны Зылиха Қоспаева.
Екі зейнеткерді бетінен, ішінен тепкілеп, ақша сұрауын доғармаған жігіт қоңырау соғуға оқталған Зылиха апаны байқап қап, телефонның сымын үзіп тастапты. Осы кезде зейнеткер далаға қашып үлгеріп, бар даусымен айқайлап көршілерінен көмек сұраған. Жедел жәрдем шақырған.
Зылиха Қоспаева мен сіңлісіне кімнің шабуыл жасағаны жұмбақ күйінде қалып отыр. Алайда зейнеткердің өзі "бар пәле қарсы үйдегі көршілерімнен келді" деп қоймайды. "Бұрыннан маған қырын қарап жүр" деп өкпесін айтты. Тіпті, сол үйдің бөлмесін жалға алып отырған жігіт бізді ұрып-соққан деп сенімді айтып отыр. Бірақ, құдайы көршілері "бұл бізге жабылған жала" деді.
Полицейлер екі зейнеткердің көршілерінен жауап алынғанын айтты. Алайда, қарақшылық шабуыл жасаған күдіктіні әлі таппаған. Іздестіріп жатыр.
«Аталған дерекке сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексніңі 192-бабы, қарақшылық бойынша тергеу жүргізіліп, күдіктіні анықтау бойынша қажетті шаралар қабылдануда», деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Зылиха Қоспаеваның пышақ жарақатын алған сіңлісі ауруханада ем қабылдап жатыр. Сол жақ көзі мен бет сүйегі зақымданған. Ал Зылиха апайдың өзі ауруханаға жатудан бас тартқан. Өйткені, болған жағдайдан кейін үй-жайын тастап кете алмайды.
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру