14 наурыз - Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланады

/uploads/thumbnail/20190314075728931_small.jpg

Бүгін халықты ынтымаққа, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын Амал мерекесі басталды деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Кей жер бұл мерекені амал мерекесі, кей жер көрісу күні деп те атайды.

Көрісу — біраз уақыт бойы Қазақстанның тек батыс өңірінде ғана сақталған қазақтың ежелгі дәстүр болып келді. Алайда, кейінгі жылдары амал еліміздің батыс өңірімен қоса Сыр бойында, Қостанай, Торғай аймағында, ресейлік Астрахан, Саратов, Самар, Орынбор облыстарында тұратын қазақтар арасында кеңінен тойлана бастады.

Оның қашан және қалай пайда болғаны туралы ғылыми тұжырымдалған нақты жауап жоқ. Бірақ әр түрлі болжамдар мен жорамалдар бар. Деректерге сүйенсек, Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша шыққан деп көрсетеді. Сондай- ақ, парсы математиті астроном, ақын, философ Омар Хайямның күнтізбесінде Жаңа жыл наурыздың 14- інен басталатындығы да айтылады.

Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март - ескіше 1 март. Әкей айтты: бүгін ескіше 1 март - қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа жыл басының Ұлыс екеніне мынадай дәлел бар «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болады. Үлкен кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар деген», - деп жазылған.

Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы.

Сол себепті қазақтар бір бірімен қауышу рәсімін жасап, көріскен, яғни қауышу рәсімін жасаған. Бір жылдың артта қалғанын және жаңа жылдың келгенін осылай қарсы алған.

Мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да КІРМЕЙДІ, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді. Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді.

22 наурыз аса ежелгі Күнге табыну дәстүрінен қалған  төрт мерекенің бірі. Шын мәнінде 14 наурызда жаңа жыл кірсе, 22 наурызда Күн мен Түн теңеліп, бір емес екі мереке беттеседі. Халқымыз бұл екеуінің жігін ажыратпай 8-9 күн бойы, тіпті ежелгі кездері ай бойы атап өткен», - деп жазады.  

Шындығында, 13 наурызбен 90 күндік ескі жылдың қысқы маусымы бітетінін ескеріп, астрономиялық үдеріс кезінде Күннің Амал жұлдызына беттеуі Жыл басымен сәйкесуі «табиғи жыл межесі» болып табылады. Жылдың ауысуы да осы құбылысқа тән. Және тоңның жібіп, көктемнің келуі де осы жайтқа қатысты. Қазақтар жазғытұрымды (көктем) жылдың бала шағы, жазды жас шағы, күзді кемелденуі, қысты қартайуы ретінде жанды құбылыс ретінде қараған. Абайды қыс мезгілін кәрі құдаға теңеуі тегін емес, ол қазақы танымды поэзия тіні етіп отыр.

Амал немесе Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғасады. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс. Сондай-ақ, Көрісудің ешбір діни сипаты жоқ.

Айта кетейік, биылдан бастап, Амал мерекесі халықаралық деңгейде тойланады. Наурыздың 13-14-күндері Маңғыстауда Отпан таудың етегінде өтетін дәстүрлі жиынға Ресей, Өзбекстан,Түркия, ноғай мен қырғыз елінен ағайындар келмек.

Жинақтап, ұсынған: Мақпал Сембай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар