Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Нұр-Сұлтан атауына қатысты қазір көпті алаңдатып отырған мәселені көтеріп, еліміздің басты көшелері мен даңғылдарының атауын асығыс өзгертуге наразы екенін жеткізді. Бұл туралы ол Демократиялық күштердің "Қазақстан-2050" жалпыұлттық коалициясының отырысында айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтының дерегін негізге алып.
Оның пікірінше, көше атауларын асығыс ауыстыру абырой алып бермейді.
"Кейбір өңірлердің асығыстыққа салынып, тарих төрінен орын алған хандарымыз, төбе билеріміз, ұлы ақынымыз атымен аталған, тіпті тәу етер киелеріміздің бірі – Тәуелсіздік ұғымы ұлықталған облыстар орталығындағы басты көшелер мен даңғылдардың атауын асығыс өзгертуі жергілікті жұртшылықтың наразылығын туғызады. Бұл абыройлы іс емес. Жарастығымызды жарамсақтықпен бұзбайық!", - дейді депутат.
Депутат ел ұлықтаған аттары бар ескі көшелерге жаудай тие бермей, әр облыс орталығында заманауи стильде жаңа көшелер салуды ұсынады.
"Орталық көше, не даңғылды жаңадан жобалап тұрғызып, соған Елбасының атын берген жөн. Әр облыс орталығындағы жасыл технологияларға құрылған, қазіргі әлемдегі қала салудың ең озық тәжірибелері ендірілген дәл осы жаңа даңғылдар өзге көне көшелерге жаңғырудың үлгісін көрсетіп, оларды жаңа деңгейлерге жетелейтін болады", - дейді ол.
Осындай ұсынысты ортаға тастаған депутат қалың қауымды жақ-жақ боп тайталаспауға шақырды.
".. Біз, қазақстандықтар, ең алдымен, қазақтар, дәл қазір екіге жарылып, бір-бірімізді қарсылас көріп, жақ-жақ болып тайталаспауымыз керек.
Қала атауын өзгерту үшін ғана қазақтар өзара қырғи-қабақ болып, қарсыласса, мұны ертең болашақ ұрпақ түсінбейді. Текке досқа күлкі, дұшпанға таба болмайық",- деді ол.
Айтуынша, қаланың Астана аталуы да кезінде құлаққа оғаш естілді. "Нұр-Сұлтан" атауы қазір тосын көрінгенімен, сынала, сырлана келе, әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, ақыры көптің көкейіне қонақтары сөзсіз.
"Сонымен бірге, қазақ тілінде астана сөзі қалатынын да ұмытпаған жөн, олай болса, "жан-жүрегім астана", "қазақ елінің астанасы", "астаналықтар" сөздері синоним ретінде ары қарай да қолданыста жүре береді. Астана сөзінің орыс тілінде жойылатынына қамыққандарға: "Мемлекеттік тілді үйреніңіздер. Сонда астана сөзін ауызекі тілде ары қарай да пайдалана бересіздер"" деген жөн", - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Бұдан кейін еліміздің кейбір өңірлері басты көшелерге Елбасының атын бергенін жариялай бастаған еді.
Пікір қалдыру