РБК анықтаған шығармалары ең көп сатылған Нобель сыйлығын иеленген тағы бір жазушы – Джон Стейнбек. Ол 1962 жылы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын иеленді. Швед академиясы бұл сыйлықты оған «Жеңіл әзілмен және ащы әлеуметтік көзқараспен үйлесетін реалистік және ақындық қабілеті үшін» берді. Стейнбектің қаламынан шыққан ең әйгілі романдары – «Ашу шоғыры», «Жұмақтың шығысына қарай», «Адамдар мен тышқандар». Barnes &
Noble америкалық дүкен жүйесі бойынша аталған туындылардың бәрі де ең көп оқылатын бестселлерлердің қатарына жатады. Бір қызығы Стейнбек бұл сыйлыққа сегіз рет ұсынылып, 1962 жылы оны әзер алды. Талай мәрте бәйгеден аты озбай келгенде, жазушы өзінің Нобель сыйлығына лайық емес екенін айтқан болатын. Әдебиет саласындағы әлемдегі ең жоғары марапаттың Джон Стейнбекке берілгені АҚШ сыншыларының қатты наразылығын туғызды. Сол жылдары жарық көрген АҚШ-тың әдеби басылымдарында соңғы уақыттары жазушының қаламынан шыққан романдарының өте әлсіз туындылар екені көп айтылды. Сыншылардың күмән келтіруінде шындық бар еді. 2013 жылы сол кездегі Швед академиясы құжаттарының құпиясы ашылғанда (заң бойынша ол құжаттар 50 жыл құпияда ұсталады) – американдық әдебиеттің мойындалған классигі – Джон Стейнбектің үміткерлер қатарындағы, «ең нашар топтың ішіндегі үздігі» болғаны үшін Нобель сыйлығын алғаны анықталады. Жазушының «Ашу шоғыры» романының алғашқы басылымы суретпен безендіріліп 50 мың данамен жарық көріп, 2,75 доллар тұрды. 1939 жылы бұл шығарма бестселлерге айналып, 75 млн кітап көшірмесі сатылды. Бүгінгі таңда жақсы күйде сақталып қалған романның ең алғашқы басылымның құны 24 мың доллардан асады (Жалғасы бар).Амангелді Кеңшілік, facebook
Пікір қалдыру