Қазақтың жаны табиғатпен егіз жаралған десек артық айтқандық болмас. Алаш баласы он сегіз мың ғаламның әрбір құбылысын ынта-ықыласымен қабылдайды. Жер бетіндегі әрқандай болмыстың өз жаны болады деп сезінетін де біздің жұрт. Ол да рас. Тек сол ғаламдық құдіретті сезініп, сол деңгейде ойлай алатын пәлспалық қуат қажет. Мұндай қуат қазақпен етене. Айталық, қазақта жылан туралы аңыз-ертегілер өте көп. Ал аңыздың астарында ақиқат жататыны бесенеден белгілі. Бірақ біздің айтайық деп отырғанымыз аңыз емес, өмірде болған, ел-жұрт көзімен көрген шындық оқиға.
Қытайда 150000 қазақ тұратын Күнес деген құтты мекен бар. Сол мекенде жылан тілін білетін Шошана және Шаншарбек әулие туралы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелерді естіп тәнті боласыз. Ақиқат дейтініміз ол кісілер есті жоқ ескі замандарда емес осы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тұлғалар. Шаншарбек әулие Күнестің күнгейі Зектіні мекендесе, Шошана Темірлік деген елді мекенде өмір сүрген. Шаншарбек әулиенің ұрпақтарының алды атажұртқа оралып, тиісті кәсіптерімен айналысуда. Енді сол екі әулие туралы әңгімені жеке-жеке таратайық.
Шаншарбек әулие (1881-1961)
Шаншарбектен бес кіндік тараған. Еркінбек, Байғыдыр, Жансерке, Дәулетқазы, Дәлелғазы. Шаншарбек әулиенің атажұртқа оралған ұрпақтарының бірі – Біржан Дәулетқазыұлы. Біз әңгімеміздің дәйекті болуы үшін Біржан Дәулетқазыұлымен арнайы жолығып қана қоймай, Қытайда тұратын Шаншарбектің кіші ұлы Дәлелғазымен де хабарласып, дерек жинадық. Дәлелғазы ағамыз біраз дүниенің шетін шығарды. – Шаншарбек Қырықбайұлы 1881 Шыңжаңдағы Бұратала аймағының Арасан ауданында туған. Араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жетік меңгерген. Түркиядан келген ұстазының қолында бес жыл оқып, білім нәрінен айтарлықтай сусындаған. Халық айтса қалт айтпайды. Ел ауызында әкеміздің жыланның, қасқырдың тілін білетіні туралы әңгіме көп. Біз ол кезде баламыз. Білетініміз, біздің малға қасқыр тиіп, жалын шағып көрмеген. Сөйтсек, әкеміз малдарына арнайы тұмар тағатын көрінеді. Ауырған адам мен малды да емдеп жазатын. Әсіресе, жылан шаққан жан иесін шығынға жібермейтін. Көбінде дұға оқып, дем салып емдейтін. Әкеміз отырған жерде бақсы ойнай алмай қалады екен. Бұл да бір әкеміздің айрықша қасиеті шығар... 1954 жылы Күнестің Үшкептер деген жерінен темір кенін тауып, Қытай мемлекеттік кен істерін барлап ашу мекемесі тарапынан марапатталған. Әкеміз 1961 жылы көктемде Күнестің Қарағайлы су деген жерінде қайтыс болып, сонда жерленді. Негізі, ел ауызында Шаншарбек әулие туралы аса бір тылсым әңгіме бар еді. Бұл әңгіме Шаншарбек әулиенің кейбір ұрпақтарына тіл шықпай қалуы жайында болатын. Көңілсіздеу дүние болғандықтан ба, Дәлелғазы ағамыз бұл жағына көп тоқталған жоқ. Ал өзімізбен қатарлас Біржан бұл туралы өзінің естігенін жасырған жоқ. Біржан Шаншарбектің төртінші ұлы Дәулетқазының баласы. – Әкемнен естіген жоқпын. Шешемнен естуіме қарағанда, ол кезде біздің үй атамның атымен аталатын Қырықбай сайында отырады екен. Зектінің күнгейі болғандықтан ба, ол өңірде жылан қалың болыпты. Тіпті шаққанын тірі қалдырмайтын уыты өте улы болған көрінеді. Сонда Шаншарбек атамыз сол уытты жыландардың тілін байлап, мал-жанды аман сақтап жүреді екен. Бір жолы алыс сапарға кетіп бара жатып, апамызға «Бір жылан келеді, оған тиіспей ақ тамызып шығарып салыңдар» деп тапсырып кетіпті. Айтса айтқандай бір күні апамыз Жансерке, Байғыдыр, Дәулетқазы дейтін үш ұлымен шай ішіп отырғанда. Бір жылан босағадан аттапты. Үлкен әкелеріміз Жансерке мен Байғыдыр кішікене қызуқандылау болса керек. Апамыздың айтқанын тыңдамай әлгі жыланды бассалып, өлтіріп тастапты. Атам келген соң, болған жайды естіп, «әттеген-ай, ұрпақтарыма қиын болар ма екен, тілі шешусіз кетті-ау» деп қапаланған екен. Қазір Жансерке әкеміздің Ожық, Нұрданбек, Пәтігүл, Айгүл атты төрт баласының тілі жоқ. Ал Байғыдыр әкеміздің Кемелбек дейтін ұлы мен бір қызы мылқау. Осы жайттарға куә болған жұрт атамыздың сөзі бекер айтылмаған екен десіп жүр... Оны бір Құдай біледі... Иә, бәрінде бір Құдай біледі... Шындығында, әке-шешесінің тілі бар болып тұрып, ұрпақтарының бәрі тілсіз болуы ғажап дүние. Шаншарбек әулиеде табиғаттың өз заңының бұзылмауын соншалықты қатаң ұстанғанын қарамайсыз ба?! Жыланның тілін мал-жанының амандығы үшін байласа да, оны дер кезінде шешпеуді қиянат көріпті. Ата-бабаларымыздың ұлылығын осыдан-ақ байқауға болатын шығар....
Шошана әулие
Қытайдағы Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Күнес ауданының Темірлік елді мекенінде Шошана деген әулие өткен. Шошана – ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген. Ел арасында оның әулиелігі туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Бұл аңыз-әңгімелердің дені оның жылан тілін білетіндігі жайында. Өзінің айтып қалдыруы бойынша бұл қасиет оған бала күнінде дарыған. Тайдан жығылып көл жағасында есінен танып жатқан балаға жылан келіп, «өсімдіктің тілін білгің келе ме?» «Жылан тілін білгің келе ме?» дегенде Шошана жылан тілін білуді қалапты. Сол қасиетімен ауа райын, табиғат жағдайын болжап, елді тосын апаттан аман алып қалып отырған. Жылан шағып, өлім халінде жатқан адамды да жыландармен тілдесу арқылы уытын қайтарған. Бір жолы Қали деген баланы жылан шағып алады (Қазір бар адам). Зар жылаған ата-анасы Шошанаға келеді. Шошана бір төбенің басына шығып, екі жағына екі қарын сарымай қойғызып, жан-жағына жігіттерді алдырады. Оларға өзінің атын атамауды, жылан үш сызықтан өтіп кетсе, оны дереу өлтіруді тапсырады. Күбірлеп біраз отырғаннан кейін анадайдан жіңішке қарасұр жылан ирелеңдеп келіп, әулиенің алдындағы үш сызықтың біріншісіне келіп тоқтайды. Сарымайды уыстап асап отырған әулие дұғасын күшейтеді. Жылан да ісіп-кебеді. Екінші сызыққа жақындайды. Әулиеден тер моншақтайды. Жылан да жуандайды. Жылан екінші сызықтан өтіп, үшінші сызыққа тақайды. Екі қарын сарымайдан да екі-ақ уыс қалады. Жігіттердің біреуі әулиенің қиналып кеткенін байқап, кеудесіндегі түймесін ағытып жібереді. Сонда барып жылан жарылып өледі. Хал үстінде жатқан бала да аман қалады. Артынан әулие бұл жайды елге былай түсіндіріпті: Бұл жылан алыстағы қызын іздеп шыққан екен. Жолда демалып жатқан жерінде бала басып кетіп, байқаусызда шағып алыпты. Әдейілеп шақпағаннан кейін, арбасу ұзаққа созылды. Кеудем қысылып, тамағым қылқынып қиналып отырғам. Түймемді ағытып жібермегенде мені де шағатын еді,- деген екен.
Хазірет Әбділда
Пікір қалдыру