Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласының іргесіндегі «Байсерке-Агро» атшабарында өтіп жатқан Жастар арасындағы І Азия чемпионаты бүгін Теңге алу спорт түрімен жалғасады деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байрақты бәсекеде Қазақстан, Ресей, Қытай, Венгрия, Монғолия, Малайзия, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан секілді жалпы жиыны 10 мемлекеттің ең үздік спортшы жастар командалары бақ сынап жатыр.
Теңге ілуден өтетін жарыс сағат 15:00-де басталады. Дәл осы күні жеңімпаздардың да есімдері белгілі болады. Бұл спорт түрі бойынша қазақ елінің намысын Ізжанов Ғалымжан, Елжанов Нұржан есімді спортшылар қорғайды. Ал, чемпионаттың жалпы жүлде қоры 16 000 000 теңгеге жуық қаржыны құрайды.
Ұлттық ат спорты түрлерінен өтіп жатқан жарысқа «Қазақстан РТРК» АҚ басты ақпараттық қолдау көрсетіп отыр. Чемпионат басталған күннен бастап «Қазспорт» телеарнасы атшабарда өтіп жатқан бәсекелерді жұртшылық назарына ұсынуда.
Айта кетейік, Жастар жылы қарсаңында өтетін бәсекеге Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) де қолдау білдіріп отыр. Чемпионаттың Бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры».
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру