Ақтауда Қазақстан Республикасының Ұлттық Ұланының ән-би ансамблі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен «Біздің Елбасы» акциясы аясында өнер көрсетті.
Концерттің мақсаты - жастарды Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу, әскери өмірдің үздік дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу.
Гала-концерттік бағдарламаны ҚР Ұлттық ұланы бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Мұхаметқали Сәтов ашты.
-Негізігі мақсат Тұңғыш Президент – Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын түсіндіру, азаматтардың Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне, Ұлттық ұлан жауынгерлерінің ерлік әрекеттеріне және олардың атқаратын қызметтік-жауынгерлік міндеттерін ел-жұртқа кеңінен ұлағаттап жеткізу,-дейді Мұхаметқали Сәтов.
Шараның концерттік бағдарламасында Мұрат Нұрғазиев, Ғайни Жұмашева, Бауыржан Тұрғұмбаев сынды елімізге еңбек сіңірген өнер қайраткерлері мен Қазақстан эстрадасының жұлдыздары, халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті.
Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің бастығы әрі көркемдік жетекшісі капитан Дархан Рахымғалиевтің жетекшілігімен ұрпақтар сабақтастығы мен патриотизм рухын сіңірген әскери, классикалық, халық және ұлттық әндер шырқалды. Сондай-ақ, келген қонақтарға қазіргі заманғы эстрада әндері, әлем халықтарының билері ұсынылды
Шара соңында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, облыс әкімінің атынан шығармашылық ұжымға алғыс хат пен ықылас гүлін тарту етті.