Қазақстан президентіне үміткер Әміржан Қосанов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шықты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Тікелей эфир 40 минутқа созылып, оны 1000-нан аса фейсбук қолданушылары онлайн көріп отырды.
Эфир барысында Әміржан Қосанов Қазақстандағы қордаланған мәселелерді тілге тиек етіп, қазіргі биліктің авторитарлық жүйесіне түпкілікті қарсы екенін де ашық айтты.
«...Менің осы уақытқа дейін түсінгенім бір нәрсе. Бүгін мен соны сайлау алдында ағымнан жарылып айтқым келеді. Қазақстандағы көп балалы аналардың жағдайынан бастап, ел экономикасының олигархтарға сатылып кеткеніне дейінгі көптеген қордаланған проблемаларды шешудің бір ғана жолы бар. Ол механизм саяси реформа деп аталады. Оның негізгі бағыты "әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ" қазрігі билікті тәубесіне келтіретін халықтық бақылау. Яғни, халық ауыл әкімінен бастап, қала, аудан, облыс әкімдерін және министрлер мен депутаттарды, президентті бәрін өзі сайлауы керек. Тіпті соттарды да халық сайлағаны дұрыс. Міне, сол кезде ғана біздің қоғам өзгереді» деді, Қосанов.
Сондай-ақ, ол өз сөзінде қазіргі Конституцияға түбегейлі өзгерту енгізу керектігін атап өтті.
«... 95 жылдан бастап халықтан гөрі бір адамның сойылын соғып жүрген Конституцияға түбегейлі өзгеріс енгізу керек. Біздің Ата заңымызда: "Қазақстан халқы мемлекетегі биліктің бірден-бір иесі және қайнар көзі" деп жазылған. Бірақ сөз жүзінде олай емес. Сондықтан біз барлық заңдарымызды, барлық экономикалық шешімдерімізді Конституциямыздың осы бабына сәйкестендіруіміз қажет. Жермен оның байлығын Қазақстан халқының толықтай меншігіне айналдыруымыз қажет. Бұл – үлкен мәселе. Бұл мәселенің оң шешімін табуына бірінші кезекте олигархтар қарсы, кезінде жердің табиғи байлықтарына ие болып қалған байшекештер қарсы, қалталылар қарсы. Сондықтан бізге олигархтардың емес, халықтың қамын ойлайтын президент, олигархтардың емес халықтың қамын ойлайтын үкімет керек» деп айтты.
Мият Кәшібай
Пікір қалдыру