Өмір үшін күрестен шаршаған қыз Қазақстанға қайта алмай отыр

/uploads/thumbnail/20190523040429297_small.jpg

Обыр дертіне шалдыққан қазақстандық қыз Үндістаннан елге қайта алмай отыр. Бұл - бірнеше күн бұрын шетелге ем іздеп аттанған қазақ қызының соңғы арманы деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап. 

Алматылық Диана Ыстыбаева қазір - 23 жаста. Осыдан алты жыл бұрын оның шынтақ тұстағы буынынан обыр белгілері анықталған еді. Бір жыл бұрын асқынған дертке қарсы тұра алмаған дәрігерлер оның қолын иығына дейін кесуге мәжбүр болған.

Алматылық қыз бірнеше күн бұрын анасымен, ағасымен бірге Дели қаласына емделу мақсатында барған-ды. Бірақ шетелдік дәрігерлер де 4-дәрежеге дейін асқынған дерттің дауасын таппады.

"Ауыр екені белгілі. Бірақ оның ең соңғы жан қалауы – Қазақстанға оралу. Диана өте әдемі, өмірге құштар қыз. "Не үшін?" деген сұрақ басымыздан кетер емес. Ол оқыды, өмірлік жоспар құрып, алдына үлкен мақсаттар қойды.

Диана ауырған уақыттарында да құлап кетпеді. Әйелдер киімін сататын дүкен ашып, өз шаруасын жүргізе берді. Ал қазір минуттар саналуда. Біздің қызымыз ауыр халде жатыр. Медицина қызметкерлері ешқандай көмек көрсете алмайтынын жеткізді. Ол жолаушылар тасымалдайтын ұшақпен ұшуға жарамайды.

20-мамыр күні біз Делидегі ҚР елшілігіне хат жазып, қызымыздың соңғы өтінішін орындауды сұрадық. Бүгін 23-мамыр. Біздің қызымыз әлі - Делиде. Ол туыстарының жанына оралғысы келеді. Диананың отбасы алты жыл бойы оның емін қыңқ демей көтерді. 11 миллион теңге тұратын жеке ұшақ жалдауды қалтамыз көтермей отыр. Өтініп көмек сұраймыз. Біздің өтінішіміз аяқасты болмаса екен. Диана Отанына оралғысы келеді", - деп жазды қыздың әпкесі Анастасия Евдокимова.

Біршама уақыттан кейін Анастасия Евдокимова оның сұранысын тек 28-мамыр күні қанағаттандыра алатыны туралы жауап алғанын жариялады. Ал Диананың туған-туыстары кешігіп қалудан қорқып отыр.

ҚР СІМ хабарлауынша, құзырлы мекеме жағдайдан хабардар және қолдан келетін көмектің барлығын жасауды қарастырып жатыр.

"Біз Делидегі елшіліктен бұл жайт туралы ақпаратты 20-мамыр күні алдық. Сол мезетте бұл мәселе Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілді. Қазір сол жақтағы әріптестеріміз арнайы рейс жіберуді жеделдету үшін отандасымыздың тілегін орындау үшін барлық қызметті жасап жатыр.

Айта кететін бір мәселе бар. Біздің ұшақтарымыздың барлығы Үндістанға Пәкістан арқылы ұшады. Ал Пәкістанның әуе шекарасы жабық. Арнайы ұшақ ол жаққа дейін қандай бағытпен ұшып баратыны анықталу үстінде. Отандасымыздың тілегін орындау үшін бар мүмкіндігімізді қолданамыз", - деді СІМ өкілі Айбек Смадияров.

Аударған: Әділет Мәдениет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар