Tele2 AB тобы бірлескен кәсіпорындағы өз үлесінің бағасы жөнінде «Қазақтелекоммен» келісті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz cайтына сілтеме жасап.
Қазіргі пассивті міндеттемелерін санамағанда, Tele2-нің таза табысы 169 млн долларды құрайтын болады. Сонымен қатар Tele2 акционерінің 80 млрд теңгелік несиесі толық өтеледі.
Tele2-ні сату маусымның соңында аяқталады.
«Tele2 Қазақстанда сәтті бизнес құрды. Бірлескен кәсіпорын клиенттер базасын айтарлықтай ұлғайтып, табысын, нарықтағы үлесін кеңейтті. Tele2 Қазақстанға кірген кезден бері бір клиентке шаққандағы мобильді интернетті тұтыну жүз есе өсті. Мен Қазақстанда қалдырған мол мұрамызды мақтан етемін», – деді Tele2 президенті мен бас атқарушы директоры Андерс Нильссон.
Tele2 AB тобы мен «Қазақтелеком» мобилді байланыс саласындағы бизнестерін біріктіру туралы 2015 жылдың қарашасында келіскен болатын. Швециялық оператордың 3 жылдан кейін акциядағы өз үлесін сату құқығы болған, 2018 жылдың соңында компания сол құқығын пайдаланатын болып шешті.
Қазақстаннан Tele2 кеткеннен кейін «Қазақтелеком» елдегі 4 оператордың үшеуін бақылайтын болады: Kcell, Tele2 және Altel.
Енді еліміздегі мобильді байланыс нарығында тек Beeline ғана тәуелсіз ойыншы болып қалады.
Ұсынған: Маржан Сәбет
Пікір қалдыру