Жыл соңына дейін 209 ауыл ауыз сумен қамтылады

/uploads/thumbnail/20190531121801974_small.jpg

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 373 ауылдық елді мекеннің 199-ы   орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал, 171 ауыл орталықтандырылмаған сумен қамтылып, 3 ауыл тасымал сумен қамтылған.

Сонымен қатар, Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы ағымдағы жылы  Тараз қаласында 89,3, Қаратау қаласында 100, Жаңатас қаласында 100 және Шу  қаласында 60,0 пайыз халық орталықтандырылған сумен қамтылғанын мәлімдеді. 

2021 жылы Тараз және Шу қалаларының  тұрғындарын 100 пайыз  орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланған. Қала және аудан басшылары қамтылмаған алқаптарға жобалар әзірлеп, осы нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыстарды ұйымдастырулары қажет. Қазіргі кезде сараптама қарауындағы Шу қаласының 7 мыңнан астам халық тұратын «Қосқұдық» алқабының су беру жүйелері жобасына оң қорытындыны алу қажет екен. Оның құны шаммен 300,0 миллион теңгені құрап отыр. Осы жоба іске асырылған жағдайда Шу қаласы тұрғындарының 77 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Өткен жылы аудандардағы 19 нысанның құрылысы  және 13 жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуіне бюджеттен 8,6 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 8 нысан 2017 жылдан бері өтпелі болып есептеледі. Ал, 17 нысанның құрылысына республикалық бюджеттен 7,5 миллиард теңге, 2 нысанның құрылысына және 13 жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,1 миллиард теңге бөлінген.

Қазіргі таңда өңірде тұрғындарды ауыз сумен қамту қарқын алуда. Мәселен, Жамбыл ауданының Пригородное, Тоғызтарау ауылдары, Қордай ауданының Ауқатты ауылы, Талас ауданының Қызыләуіт ауылы, Байзақ ауданының Кеңес, Абай, Мырзатай, Тегістік ауылдары, Т.Рысқұлов ауданының Луговое ауылы және Шу ауданының Д.Қонаев ауылдарының тұрғындарына ауызсу берілген. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған 199 ауылдық елді мекен ішінде тұрғындар саны 362 мың 729 адам болып отыр. Бұл орайда өңірде ауылдардағы ауыз су мәселесі шешімін тауып келеді деуге толық  негіз бар. Айталық, 2019 жылға республикалық бюджеттен Тараз қаласының сумен қамту саласы  бойынша 2 жобаға 650,0 миллион теңге, ал ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға 10 жобаға 3440,2 миллион теңге бөлінген. Осы жобаларға облыстық бюджеттен қосымша  қаржыландыруға 10 пайыз көлемінде қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен облыстағы 209 ауылды  орталықтандырылған сумен қамту көзделуде.

Басқарманың мәліметінше, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 2019-2021 жылдары ауылдарға ауыз су тартуды қаржыландыру мақсатында Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының сумен қамту жүйелері жобасы бойынша құны 3,8 миллиард теңге, Сарысу ауданының Игілік және Өндіріс ауылдарына 705,9 миллион теңге, Талас ауданы Майтөбе ауылына 331,5 миллион теңге, Мойынқұм ауылының Қылышбай ауылы 413,8 миллион теңге сумен қамту жүйелері құрылысы жобаларына бюджеттік өтінім тапсырылып, ағымдағы жылы жұмыстарды бастауға 4 ауылға 723,5 миллион теңге бөлуге қолдау тапқан.

Дулат Айтбай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар