Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Россия" арнасындағы "Вести Недели" бағдарламасына берген сұхбатында Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путинмен қалай танысқанын айтты деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі sputniknews.kz сайтына сілтеме жасап.
"Владимир Владимирович Путинмен Киевте таныстым. Мені президент Кучманы (Леонид Кучма - Украинаның екінші президенті) ұлықтау салтанатына жіберген болатын, ол кезде Владимир Владимирович Путин жаңадан премьер-министр, Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы болып тағайындалған", - деді Қазақстан басшысы.
Тоқаев Украина президентін ұлықтау салтанатында Путинмен бірнеше минут сөйлескенін еске алды.
"Сол кездің өзінде ол (Владимир Путин - Sputnik) маған сабырлы болмысымен жақсы әсер қалдырды. Кейін ол Ресей президенті міндетін уақытша атқарушы болған кезде Кремльде кездестік, содан бері байланысымыз үзілген емес", - деп хабарлады Тоқаев.
Қазақстан президентінің пікірінше, мемлекетаралық қатынастар онсыз да жақсы болғанына қарамастан, жеке қарым-қатынас өте маңызды.
"Менің Ресей басшылығымен, ең алдымен, әрине, Владимир Путинмен қатынасуға мүмкіндігім болады деп ойлаймын, оған шын құрметпен қараймын", - деп мәлімдеді Тоқаев.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті ретіндегі алғашқы шетелге сапарын Ресейге жасады. Мәскеуге сапары 3-4 сәуірде өтті. Тоқаев өзінің алғашқы ресми сапарының терең символдық мәні бар екенін және екі ел арасындағы қарым-қатынас ерекше мәртебеге ие екенін атап өтті.
Пікір қалдыру