Бүгін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күніне орай Маңғыстау облысында бір мезетте 2 мыңға жуық адам әнұранды шырқады.
Елдіктің нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған патриоттық шаралар аймақтағы барлық қала, аудандарының орталық алаңдарында өтті. Ақтаудағы ең биік ту тігілген рәміздер алаңына 500 мемлекет қызметінің ардагерлері, облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері, аумақтық ведомстволардың қызметкрелері жиналып, ашық аспан астында әнұранды жатқа айтты. Әнұранға құрмет көрсеткендердің қатарында облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен 1991 – 1993 жылы ҚР жоғары кеңесі төрағасының орынбасары болған, мемлекеттік рәміздер туралы заңның қабылдауына атсалысқан мемлекет және қоғам қайраткері Қайролла Ережепов та бар. Алаңда әнұранды шырқауға қала тұрғындары да қосылды. Сондай-ақ бұл күні бірқатар жас мемлекеттік қызметкер ант қабылдады. Айта кету керек, еліміздің мемлекеттік туы мен әнұраны Азия мен бүкіл әлемнің ең биік шыңдары – Памир тауының Ленин шыңына және Эвересте 8 мың 800 метрге көтеріліп, шырқалған.
1991 – 1993 жылы ҚР Жоғары кеңесі төрағасының орынбасары Қайролла Ережепов сөзінде «Осы мемлекеттік рәміздердің алдын ала дайындалып, соның қабылданғанына куә болған адаммын. Заңды осы күні Президент Назарбаев қол қойса, соның артында жеті адамның қолдары қойылған, сол жетеудің бірі менің қолым болатын маңғыстаулықтардың берген мүмкіндігінің арқасында. Қай-қай жерде жүргенде де мемлекеттік рәміздер, сен үлкен бір мемлекетке, танымал мемлекетке қатынасың бар екенін, соның мүшесі екеніңе әрқашанда қуанып, керемет күш билейді. Бүгінгі мерекемен бүкіл Қазақстан халқын құттықтаймын» - деді.
Жас мемлекеттік қызметші Жібек Сырлыбаева: -Мен бүгін Қазақстан республикасының мемлекеттік рәміздері күні осы жерде рәміздер алаңында жиналып, бүкіл мемлекеттік қызметкерлер қатарында өзім осы әнұранды айтқаныма өте қуаныштымын. Себебі бұл шараның арқасында көшеде кетіп бара жатқан тұрғындар да келіп, көрді, осы арқылы олардың жүрегінде патриоттық сезімдлі ояттық деп ойлаймын, - деді.
Мемлекеттік рәміздерінің 27-жылдығына арналған шаралар кешке дейін жалғасады. Кешкі 19.30 Каспий жағалауындағы Амфитеатрда «Маңғыстау атауының тарих бетінде пайда болғанына мың жыл» мерекесін тойлау басталады. Маңғыстау жұлдыздары ән-жырдан шашу шашады.
Пікір қалдыру