Бір үйдің қос баласы құдыққа құлап қаза тапты

/image/2019/06/07/da9f4f6c-d10f-4036-b9c7-30f533eb8e97.jpg

Алматы облысы Жамбыл ауданының Еңбекшіарал ауылында екі бірдей бала құдыққа құлап, тоққа түсіп мерт болды.

Балалардың кішісі ойнап жүріп есік алдындағы құдыққа құлаған, інісіне көмектесуге ұмтылған 11 жасар ағасын да терең құдықтың ішінде орналасқан электр су сорғышының тоғы соққан.

Оқыс оқиға орын алған уақытта әкесі мал алдына шығып кеткен. Ал, анасы жұмыста болған. Кешкі сағат 19.00-де үйіне келген анасы балаларын тауып, өзі шығарып алған. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері бүлдіршіндерді құтқару мүмкін болмағандығын айтады.

«Кешкі сағат 20.00 шамасында жеке тұрғын үй ауласынан тоққа түскен екі бала табылды. Құдықтан шығарылған балаларды құтқару мүмкін болмады. Себебі ұрған тоқ күші көп болған, әрі оқиға 2 сағат өткенен кейін хабарланды. Қазіргі уақытта ата-ана балаларын патологоанатомиялық тексеруден бас тартты» , - дейді жергілікті аурухана дәрігері А. Калдарбекова.

Жергілікті атқарушы орган қызметкерлері қара жамылған ата-анаға, туған-туыстарына көңіл айтып,  жерлеу рәсімін ұйымдастыру шаралар өз мойнына алды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар