Аягүл МИРАЗОВА,
Қазақстанның Еңбек Ері:
Тоқаевтың қызметіне табыс тілеймін
Қазақстан халқы еліміздің болашағы, өсіп келе жатқан ұрпақтардың тағдыры үшін өз таңдауын жасады.
Бұл, әрине, аяқ астынан шешіле салған мәселе емес. Халық бұл қадамға он ойланып, жүз толғанып барды. «Мемлекет басына кім келеді, елдің ертеңі қалай болар екен?» деген сауалдардың болуы да заңдылық. Бұл бір ғана мемлекеттің ішінде ғана емес, төрткүл дүние түгел көз тігіп, құлақ тосатын тарихи оқиға. Сондықтан оның төңірегіндегі әр түрлі қаңқу сөз, бос әңгіменің болуы да заңдылық. Осынау сайлау біздің баршамыздың саяси мәдениетіміздің қалыптаса бастағанын көрсетті. Сайлауға барар алдында әрбір азамат өзіне ғана емес, отбасына, бүкіл елдің тағдырына жауап беруге дауыс беріп тұрғанын сезінді. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, осынау жылдар ішіндегі табысқа қалай қол жеткізгенін саралап, ой елегінен өткізіп, бір шешімге келді деп ойлаймын.
Оңай жолмен, оңайлықпен ештеңеге қол жеткізген жоқпыз. Осыдан бірнеше жыл бұрынғы жағдайымыз қалай еді? Енді қандай мемлекетке айналып отырмыз? Бәлкім, пендешілікпен түрлі пікірлерді айтуға болар. Бірақ бірен-саран адамның бұлай ойлауы қоғамдық пікірді қалыптастырмаса керек. Атам қазақ «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп текке айтпаған. Ел ішіне әдейі іріткі салып, тыныштығымызды алғысы келетіндер де төбе көрсетіп қалып жатыр. Ондай арандатуларға арандап қалуға болмайды. Осы ретте Әміржан Қосанов бауырымыздың сұхбатын тыңдап, азаматтығына риза болдым. Жастарға басу айтып, шет елде кофесін ішіп, өз отандастарын араздастырып отырғандардың алдауына түсіп қалмауға шақырды. Ешкімді қаралаған жоқ, ешкімді даралаған жоқ. Сондықтан бұл сайлаудағы барлық 7 кандидаттың өздерін тұлға етіп танытып, азамат ретінде аманат арқалағандары үшін өзімнің ризашылығымды білдіремін.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ деген ел, Қазақстан деген жер бар екендігін дүние жүзіне танытты, енді мемлекет басына келген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қызметіне табыс тілеймін.
Елбасымыздың белгілеп берген тамаша бағдарламаларын жалғастыра беретініне сенімім зор
Пікір қалдыру