Бүгін Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалған Алтай Көлгінов әлеуметтік желілердің тұрақты әрі белсенді қолданушысы деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Көлгінов 2017 жылдан бастап Twitter желісін тұрақты пайдаланып келеді. Аталған желідегі парақшасына бас қаланың жаңа әкімі өзінің қызмет барысындағы фотоларды жариялап, қазақ және орыс тілдерінде жазба жариялап отырады.
Ал наурыз айының аяқ шеніндегі Тоқаевтың әкімдерге жасаған ұсынысынан кейін Instagram парақшасын ашып, белсенділігін арттыра бастады. Бұл желідегі Көлгіновтың алғашқы жазбасы 3-сәуір күні пайда болды.
«Құрметті достар, Twitter-мен қоса Instagram желісін жүргізуді де қолға алдым. Бұл жерде аймақ тынысымен таныса аласыздар, маңызды ақпараттар ала аласыздар. Ашықтық және қолжетімділік – біздің жұмыс қағидамыз», - деді ол БҚО әкімі болып тұрған кезінде.
Instagram-дағы парақшасына Нұр-Сұлтанның жаңа әкімі өзінің жеке өміріне қатысты жазбалар да жариялап тұрады.
Кейде 41 жастағы әкім өзінің оқырмандарына сәттілік тілеп, селфи де жасайды.
Пікір қалдыру