Ақсуаттың аты 140 шақырымды сегіз сағатта бағындырды

/image/2019/06/18/khz.jpg

Шығыс Қазақстанда биыл осымен екінші рет жүз шақырымнан артық қашықтыққа белгіленген аламан өтті. Ағымдағы наурыздың басында Зайсан ауданында болған 130 шақырымдық бәйгенің дүбірі басылмай жатып мінеки Тарбағатай топырағында 140 шақырымға созылған аламан ұйымдастырылды. Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақтың қазанаттарын сынға салған дүбірлі жарыс ең әуелі «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан бастау алған «Тұғыры биік Тарбағатай» фестивалі аясында «Ұлы дала қазанаты» деген атпен Барқытбел бауырында өткенін айта кетейік. Бұл аламанға берісі еліміздің түкпір-түкпірінен, арысы көрші Ресейден жүлдеден дәмелі қылқұйрықтар жиналды. Әуелде аттардың қатары жүзге тарта еді, бірақ жарыс жолына 88 үміткер шықты. Маусымның 16-сы күні таң қылаң бере атқұмар ағайын Көкпекті ауданынан шабондоздарды шығарып салып, Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа қарай бет түзеген-ді. Шабандоздармен бірге жарыстың төрешілері мен бақылаушылары да көлікке мініп қатар еріп отырды. Қатысушылар үшін әр отыз шақырым сайын тігілген киіз үйге тізгін тартып, сәл тыныстап, шөл басып алуға мүмкіндік жасалды.

Сөйтіп таңғы сағат 4:00-де «Иә сәт!» деп жарысқа шыққан жүйріктердің алды араға сегіз сағаттан астам уақыт жұмсап мәреге таяды. Көптен қара үзіп келе жатқан екеудің алдыңғысы Ақсуат ауылының тұрғыны Алмас Әмірғалиевтің күрең қасқасы еді. Мәреге бірінші болып сол жетті. Оның ізін ала катонқарағайлық Қуаныш Тұрсынбековтің күреңі келді. Үздік үштікті тағы бір Катонқарағай ауданының тұлпары түйіндеді. Айтпақшы, екінші келген күрең ат Зайсандағы 130 шақырымдық аламанда да күміс жүлдегер атанған. Сөйтіп, ұйымдастырушылардың ұйғарымы бойынша бәйгеге тігілген екі темір тұлпардың кілті аламанның алдын бермеген қос күреңнің иесіне табысталды. Мәре сызығын кесіп өткен қалған 13 аттың иесі де сый-сияпаттан құр қол қалған жоқ.

– Мұндай ұзақ қашықтықтағы аламан аттарға да, шабандоздарға да оңайға соққан жоқ. Жолда біраз қиындықтар болды. Соған қарамастан астымдағы атым мықтылығын көрсетіп, мәреге бірінші жетті. Әрине, мен бәйге кезінде атымның жүрісін, жалпы жағдайын бақылап отырдым. Соның арқасында жеңім атандым, - дейді 140 шақырымдық аламанда алдына қара салмаған күрең қасқаның шабандозы Руслан Шайырғазин.

Айта кетейік, «Тұғыры биік Тарбағатай» атты фестиваль аясында өткен 140 шақырымдық аламаннан бөлек, Ақсуаттың атшабарында тай жарысы, жорға жарыс, 25 шақырымдық бәйге ұйымдастырылды. Бұл жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бағалы сыйлықтарға ие болды. Жалпы Тарбағатайдағы ат жарыстарына төрт бірдей темір тұлпар тігілді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар