Ақсуат ауылында дәстүрлі халықаралық айтыс өтті. Жыл сайын жырсүйер қауымды қазақтың төл өнерімен сусындатып келе жатқан шайырлар бұл жолы да аянап қалмады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жұрттың көкейіндегі ойын дөп басып айтып, елдің бірлігін, ынтымақты тірлігін жырлаған ақындар тыңдарманның зор қошеметіне ие болды.
Айтыстың жүргізушісі – баяғы Жүрсін Ерман. Қазылар алқасының құрамында өлеңнен өз еншілерін алған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қалиолла сынды белгілі ақындар мен әнші, сазгер Алтынбек Қоразбаев болды.
Халықаралық деп ат айтып тұрғандай, бұл айтысқа Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Моңғолия, Қытай секілді көрші мемлекеттерден қандас, бауырлас ақындарымыз келіп қатысты. Сөз барымтасына түскен үміткерлер алты жұп құрады. Осылардың ішінен үздік шыққан алты ақынға келесі айналымның жолдамасы бұйырды.
Сонымен Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуаттағы айтыстың бас жүлдесіне тігілген екі миллион теңге ақшалай сыйлықты Қытайдан келген ақын бауырымыз Ерлан Аманқожаұлы олжалады. Бірінші орынды Тараздан келген талантты ақын Қанат Мырзахан иеленсе, екінші орын батыстың ақын қызы Жансая Мусинаға, ал үшінші орын Ақсуаттың тумасы Рүстем Қайыртайұлына бұйырды. Дәстүрлі жыр бәсекесінің арнайы стипендиясы Баянауылдан келген Аспанбек Шұғатаевқа берілді. Осы айтыстың демеушісі енді Аспанбекке жыл бойы 200 мың теңге көлемінде шәкіртақы төлеп отырады.
Пікір қалдыру